Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Вагон құрастырушылар

Вагон құрастырушылар

Өткен жылғы аудандық «Толқын» газетінің кезекті жарияланымында (№95. 8 желтоқсан  2020 жыл) менің «Қара паровоздың машинистері» атты мақалам жарық көрген еді. Осыған орай көптеген оқырмандар ұмытылып бара жатқан қара паровоздың машинистері мен оның көмекшілерінің қиын да қызықты мамандықтың ерен еңбектеріне сүйсіне, енді бірі солардың қасында күні-түні бірге жүріп, жұмыстың ортақ тайқазанын қайнатқан, мезгілдің ыстығы мен суығына қарамай өзіндік үлестерін қосқан вагон құрастырушыларды неге жазбасқа деген сауал тастаған-ды.
Бұл дұрыс сауал. Бірақ әр мамандықтың өзіндік қыры мен сыры бар демекші, мен сол жолы темір жолдың комплексті жұмысының ішінде вагон құрастырушыларды бөлек әңгіме етпек болғанмын. Міне, реті енді келіп тұр.
Ірі қалаларда темір жол стансаларында вагон құрастырушыларды–пойыз құрастырушылар (составитель поезда) деп атайды. Яғни бұлар локомотивке вагондар құрастырып, сапарға шығарып салады. Бұл жұмыс та екі салаға бөлінеді. Біріншісі – жүк пойыздары да, екіншісі – жолаушылар пойызы деп аталады. Ал біздегі Арал теңізі темір жол стансасында тоқтаған жүк пойыздарының вагондарынан тек адресатқа  келген вагондарды ағытып алып, оны тиісті мекемеге тұйық темір жол арқылы жеткізіп береді. Болмаса босаған вагондарды жинайды, тұз және басқа да зат тиелген вагондарды жүк пойыздарының біріне тіркеп жібереді. Былай қарағанда, қарапайым жұмыс болғанымен жауапты іс. Сондықтан «Қара паровоздың машинистері» мен оның көмекшілері сияқты вагон құрастырушылар жәй жұмыскерге жатпайды.
Бұларды да арнайы оқытады. Сондай-ақ, жыл сайын пойыз қауіпсіздігі мен техника қауіпсіздігін сақтау емтиханынан, денсаулығы жайлы дәрігерлік комиссиядан өтеді. Комиссия сәл кінәрат тапса, оларға басқа жұмыс ұсынады. Міне, жауаптылықты осыдан-ақ көруге болады.
Енді сол қара паровоздың кезіндегі вагон құрастырушылардың ерен еңбектері мен қажыр-қайратына тоқталайын. Бүгінгі күнгі вагон құрастырушылармен салыстырғанда айырмашылығы орасан. Қазіргідей қолына батареялы фонарь, кеудесіне рация-телефон тақпаған. Бар сенері – беліне таққан құрға, болмаса етігінің қонышына тыққан қызыл, сары, жасыл жалаушалар мен түнгі ауысымға шыққанда керосинмен жанатын қызыл, сары, жасыл әйнекті қол шамы. (Қазір бұл шамды тек музейлерден  көруге болады). Осы арқылы қара паровоздың машинистеріне белгі берген. Яғни паровозды жүргізіп-тұрғызған. Қазір мұның бірде-біреуі жоқ. Тек қана жолаушылар пойызында жалаушаларды жолсеріктер пайдаланады.
Күндіз болсын, түн болсын тапжылмай жұмыс істеу кім-кімге болса да оңай емес. Ал бұған темір жол саласындағы жұмысқа көндіккен адамдардан көруге болады. Соның бірі  осы вагон құрастырушылар. Қыстың қаһарлы аязды, жаздың аптапты ыстық күндері мен түндерінде әр ауысымда 12 сағат бойы дамыл таппай вагон жағалап, зыр жүгіріп жүрген де осылар. Әгереки күн қатты аязда қара паровоздың ішіне кіріп жылынып алайын деп ойласа, онда оған суық тиді дей бер. Өйткені, ыстық жерден терлеп-тепшіп шықпасына кім кепілдік береді? Сонысын қатты ескереді. Көбіне вагонның ығында жүреді. Болмаса кезекші отыратын  темір жол  веткасында, станса кезекшісінде аз-маз  дамыл алады. Демалған соң, тапсырма алып, жұмысына кіріседі.
Қазіргі вагон құрастыру бұрынғыға қарағанда көп жеңілдеген. Ол кезде вагон құрастырушылар екі вагонның арасына кіріп, дұрыс түйіскенін мұқият қадағалап, қосымша шынжырын ілетін. Ең қиын жері, вагондардың екі жағында қос-қостан серіппелі темір қалпақ болды. Бұл вагондар бір-біріне қосылғанда тежейді деп жасаған болса керек. Қайта серіппелі темір қалпақ вагон құрастырушылардың ажалы болды.
Бала күнімде естігенім әлі есімде. Қара паровоздың күш алып жүруі де, тұруы да адам ойлағандай болмаған. Вагондардың бір-біріне түйісуі де өзінше бір әлем. «Дүрс-дүрс» соққан дауыстары бірнеше шақырымнан естілетін. Және де паровоз тіркейтін вагонды алып келе жатқанда арақашықтығын сақтап, вагон құрастырушы ауыр салмақты шынжырын ұстап тұрады да, түйісті-ау деген кезде шапшаңдықпен іліп жібереді. Кейде олай да болмай қалады. Вагонмен ілесіп, шынжырды ілемін деген оймен арасына кіріп кетеді. Мұндайда қара паровоздың бұрқылдаған буынан машинист көрмей қалуы мүмкін. Осындай да сәтсіз оқиғалар болған. Яғни «Пятый» мөлтек төбеден екі вагон құрастырушы темір қалпақтың арасында жаншылып, марқұм болып кетті. Топырағы торқа болсын.
Мұндай қайғылы оқиғалар басқа да темір жол стансаларында жиі болып тұратындықтан, министрлік шешім шығарып, барлық вагондардағы серіппелі темір қалпақты және салмақты шынжырларды алдыртып тастады. Оның орнына автоцепь орнатты. Яғни, вагондар түйіскен кезде вагон құрастырушылар вагонның арасына кірмей, жанында тұрып-ақ автоцепьтің рычагін (тұтқасын) қозғалту арқылы жалғай алатын мүмкіндікке ие болды.
Арал теңізі темір жол стансасынан «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігіне, жолындағы отын базасына, кеме жөндеу зауытына, оның жанындағы әскери құрылыс бөліміне, Арал теңізі портына, астық өнімдерін тарату базасына, контейнер алаңы мен темір жолдың отын қоймасына қарай тұйық темір жол тартылған. Сондай-ақ тұйық темір жолы жоқ мекемелерге де тиісті орындар берілген. (Жоғарыда аталған мекеме атаулары  бұрынғы атаумен аталған. Қазір оның көбісі жоқ). Бұдан бөлек, Сольтрестке (Жақсықылыш)  қарай бағыт беретін темір жол веткасына  қарайтын тұйық жолдың өзі бес-алты тармақтан тұрады. Олар «Қарақұм» кеңшарының Аралдағы қоймасы, "Энергопоезд" (қазір аудандық электр жүйесі), «Казсельхозтехника» бірлестігі, Мостопоезд (Арал жол құрылысы мекемесі), Арал мұнай базасы мен әскерилердің мұнай базасына баратын тұйық темір жолдар. Міне, осыларға келген жүк вагондарын дер уақытында жеткізу және белгілі бір уақытта вагонды қайтарып алу вагон құрастырушылардың міндетіне жатады. Сондықтан қай мезгілде болсын вагондарын алдына салып итеріп бара жатқан қара паровозды немесе тепловозды көретінің анық.  Яғни қай уақытта көрсең де вагонға тырмысып, қолына жалауша ұстаған вагон құрастырушылар алдыңғы сапта жүреді. Машинистке жүріп-тұруына жалауша арқылы белгі беріп тұрады. Бұдан қалды вагонды тиісті орынға ағытқанда қозғалып, жүріп кетпеу үшін дөңгелегіне башмак қояды.
Ол кезде светофор деген жоқ. Ашып-жабатын құлақ (көтеріп, түсіретін) қолмен атқарылатын. Және тұйық жолға бұру үшін рельстің бұрма құлағын да  қадағалауды міндетіне алған.
Міне, осындай жұмыстың майталманын өзім көргендіктен еске алып отырмын. Өткен жолғы мақаламда өзім бала күнімнен тұратын 1-ші шақырым (сол кездегі Сольтрестке «Жақсықылышқа» қарай тартылған темір жолдың бастауын айтады).  Яғни «Пятый» мөлтек ауданынан бір төбеден 17-ден астам паровоз машинисі шыққанын айтқанмын. Ал вагон құрастырушылар да соған жетеғабыл екен. Қалай мақтан тұтпайсың?
Атап айтқанда, Өтепберген Ізденов, Шүйіншіәлі Жоламанов, Ықылас Сақалов, Кәрібай Бағыбергенов, Жаңбырбай Жұмағұлов, Нәби Сарбасов, Құрмет белгісі орденді Еңсеп Қайназаров, Бөлеген Қанатов, тағы басқалар. Сондай-ақ Арал-Сольтрест темір жолы веткасында кезекші болған Махадин Мусаев, Маруся Аракчеева, Жаңбыр Өткелбаевты қосуға болады. Бұлар темір жол веткасы жабылғаннан кейін вагон құрастырушы болып еңбек етті. Бәрі де абыроймен зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шықты.  Балаларының, немерелерінің қызығын көріп, өмірден өтті.
Жоғарыда аталған еңбек ерлерінің еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Темір жол бөлімшесі мен басқармаларынан алған Алғыс хаттары, марапаттары өз алдына бір төбе. Бұлардың біразы Ұлы Отан соғысына қатысқан соғыс ардагерлері еді. Жеңіс мерекесінде кеудесіне ордендері мен медальдарын жарқыратып тағып шыққанда, алып адамдай болып көрінетін.
Аманкелді Өткелбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы 
20 қаңтар 2021 ж. 715 0