Қара паровоздың машинистері
Отарба – паровоздың ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақы атауы. Яғни 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент темір жолының 1600 шақырымнан артық желісі қазақ жерімен өткен. Сол жылдары будың күшімен қозғалысқа енетін локомотивтердің жүрісінен бұрқылдаған түтіні мен пышылдаған буына оранғанын көргендер ел арасына отарба деген атауды таратқан екен.Сан алуан деректерге, мәліметке қарағанда, паровоздың бу қазандықтары көмір немесе ағаш отынмен қыздырылып жүргізілетіндері, мұржасынан қою қара түтін шығаратыны, оның өкірген ащы даусы қазақтарға қатты әсер еткендігі соншалықты, олар алыстан әлгі отарбаны әдейілеп тамашалауға келіп, көргендер де болған. Соның бір айғағы ретінде, өлшеусіз өнерімен, бойындағы дарынымен, ерекше еңбегімен ел алдындағы перзенттік парызын орындаған әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Түрксиб» атты картинасынан айқын аңғаруға болады. Сырбаз суреткер бұл туындыны 1936 жылы салған екен. Тауды қуалап салынған темір жолмен түтінін будақтатып келе жатқан отарбаны ел халқы – қазақтардың қуанышпен қарсы алып тұрған сәтін бейнелеген. Тамаша, қайта-қайта қарай бергің келеді. Сайып келгенде, мұны өмірдің мәнін жоғалтпайтын картина деуге болады.Міне, осы отарбаның басындағы локомотивін қазақы ортада «Қара айғыр» деп атаған. «Қара айғырды» – паровозды артына ондаған арбаны (вагонды) тіркеп алып айдайтындарды (жүргізетіндерді) бүгінгі тілмен айтқанда «машинистер» дейді. Кейін жанармаймен «тепловоздар», электр тогінің күшімен жүретін «электровоздар» пайда болған кезде отарба атауы қолданыстан түсіп қалды. Әйтсе де бұл атау поэтикалық метафора ретінде есте сақталып қалды.
«Өткен күндер тарих боп қалады» демекші, жуық арада ағайынның бір қонақасысында Сексеуіл локомотив пайдалану депосында паровоз, тепловоз машинисі болып 43 жылдан астам абыройлы еңбек еткен, зейнеткер, қазір Шалқар стансасында тұратын Арықбай Мәмбетовпен паровоз жайлы тілдесіп, сөйлескенімізде біраз мағлұматқа қанықтым. Сөйтіп, мені біраздан бері паровоз, оның машинистерінің қызметі жайлы толғандырып жүрген ойыма үлкен қозғау салды.
– Өзіңізге мәлім, – деді А.Мәмбетов, – Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы Қазақстан, Орта Азия елдерімен, басқа да қалаларымен байланыс, алыс-беріс қатынас тұрақты дами түсті. Сауда-саттыққа кең жол ашылды. Сонымен қатар Арал теңізінің байлығын, тұзын игеруге игі ықпалы болды. Арал өңірінің үстімен өтетін 1600 шақырым темір жол желісі бойында Сексеуіл, Конту, Арал теңізі, Сапақ, Аралқұм, Шөміш, Қамбаш, Бекбауыл сияқты стансалар мен 12 разъездің негізі қаланды. Халық шоғырланды, жұмыс көзі болды, бұл жақсы емес пе?
– Дұрыс, – деймін оның сөзін мақұлдап.
– Ал енді, –деді Арықбай Мәмбетов сөзін әрі қарай жалғастырып, – сен сұрап отырған паровоздың жайына келсек, алғашқы жылдарғы темір жолда шағын вагон тіркеп алып жүретін «ФД» (Феликс Дзержинский) атты паровоз болды. Мұны кейінгі шыққан паровозбен салыстырғанда «кішкентай қара паровоз» дейді. Өзі аты айтып тұрғандай, дөңестеу, биіктеу жерге келгенде артына тіркеген вагондарын тарта алмай, дөңгелегі босқа айналып қалатын кездері болды. Мұндайда көмекке келген демеуші паровоз артынан «тальчок» беріп, яғни итеріп шығарып салатын. Мұның бәрі айта берсең ертегі сияқты. Ал кейінгі шыққан «Со», «Су» атты паровоздарды, міне, «нағыз қара айғыр» десе де болады. Алдыңғы шағын паровоздарға қарағанда, күші басым, қуатты. Әрі артқы бөксесіне 30 тоннаға дейін көмір, тендіріне 7-8 текше метр су сыяды. Ғаламат! Бұл 3-4 күнге маневр жасауға немесе деподан депоға еркін жетеді деген сөз.
Бір ерекшелігі, паровоз будың күшімен жүретіндіктен, қазандығының оты күні-түні сөнбейді. Бұл арада паровоз машинисі көмекшісінің еңбегін айрықша атап кетуге болады. Өйткені әр ауысымға (сменге) келгеннен-ақ олардың қолынан күрегі түспейді. Қашан судың температурасы +200 градусқа жеткенше, қазандығының отын өшірмей көмір атады. Мұны ерлік десең де, еңбек десең де болады. Судың буға айналған өлшемін монометр көрсетіп тұрады. Міне, содан барып паровоздың дөңгелегін айналдыратын тұтқаны (рычакты) қосып, жұмысымызға кірісеміз.
Кейде мынадай да жағдай болады. Қазандықтың ішкі жағындағы тендірден бу шығып, маза бермейді. Жанып жатқан отқа кері әсері бар. Мұндайда кім болса да қарап тұрмайды. Үсті-басымызды суға малып, беті-қолымызды оттың қызуы тимесін деп оранып, қолғабымызды киіп, бір қолымызға ауырлау балға, екінші қолымызға арнайы шеге (заключка) алып, жанып жатқан отқа қарамай, қазандықтың ішіне кіруге тура келеді. Бу шығып жатқан жерді көздеп тұрып бір ұрасың, екінші рет ұруға қызуы қатты оттың ішінде тұра алмайсың. Секунд ішінде шығып кетуің керек, әйтпесе күйікке шалынасың, болмаса, басқа жағдайларға ұшырауың мүмкін.
- Бұл тоқтамаса ше?
- Ондайда деміңді алып, қалыпқа түскен соң қайта кіресің, болмаса екіншіміз кіреміз. Әнекей!..
Әдепкіде Арықбай құрдасымнан жай ғана паровоз жайлы сұрай салғанымның себебі, өзім бала күнімен тұратын 1-ші шақырым (километр) деп аталатын, яғни «Пятый» мөлтек ауданнан – бір төбеден 17-ден астам паровоз машинисі шыққанын білетінмін. Арасында бірлі-жарымы болмаса, көбісі марқұм болып кеткен. Жай ғана «паровозшы» деп мән бермейтінбіз. Есіл ерлерім-ай, біз білмейтін сырлар көп екен. Олар кімдер дейсіздер ғой! Басынан бастап тізіп шығайын. Марқұм паровоз машинистері: Саржан Ембергенов, Қуантқан Жандаулетов, Есенбай Атағұлов, Бақберген (фамилиясы есімде қалмаған), Мұқтар Бижанов, ағайынды Досқазы, Есқазы Кенжеәлиев, Шынберген Айтжанов, Өтетілеу Есбосынов, Жаскелең Нұрпейісов, Көшкінбай Бисенәлиев, Сапар Бисенбаев, Жәгел Есетов, Оралбай Дүзімбетов сынды абзал азаматтар еді. Бұлардың әрқайсысының өмір деректері мен еңбектері бір-бір мақалаға сыймаса да, алуан тақырыптағы кітаптарға тұрарлық екенін айтпаса да түсінікті.
Иә, бұлар Ресейдің қалаларында қысқа мерзімді паровоз машинистерін даярлайтын курстарында оқып, туған жерінде – Арал теңізі темір жол стансасында өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етті. Еліміздің өркендеуіне, экономикалық және әлеуметтік жағдайын көтеруге ерекше үлес қоса білді. Осылардың арасында Қуантқан Жандаулетовтің есімі елге белгілі. Ол жайлы деректер де кездеседі. Бұрын ол темір жол бойында от жағушы болып жұмыс істеген екен. Басшылары оның еңбекке деген ынтасы мен тиянақтылығын ескеріп, 1939 жылы Барнауыл (Ресей) қаласында паровоз машинистерін даярлайтын курсқа жібереді. Онда ол 5 ай оқып, тиянақты білім алып шығады. Елге келген соң мамандығына сәйкес, яғни паровоз машинисі болып еңбек етіп, үлгі тұтарлық тұлғаға айналды. Бұл еңбегінің жемісі – «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталғанынан да аздап хабарым бар.
Және де айтарым, марқұм болып кеткен паровоз машинистерінің ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар да, бронмен қалып, қажырлы еңбек еткендер де болды. Әсілі, көп мәліметтер мен деректер табуға болады. Тек құнт керек.
Осы мақаланы жазар алдында тағы бір зейнеткер, Арал қаласының 1-ші шақырым жақтағы «Пятыйдың» тұрғыны Жұмағұл Қожалепесовпен аз-маз сұхбаттасқанмын. Бұл азамат та зейнеткер. Тепловоз бен паровоздың майталман маманы. Ол айтады:
– Арал теңізі темір жол стансасына Сексеуіл локомотив пайдалану депосы маневрлік жұмыс үшін екі тепловоз, кейде 2 паровоз жібереді. Мұны түсінеміз. Өйткені жүк және жолаушылар пойызының тепловозы уақытына сай жөндеуге тұрады. Мұндайда тепловоз аса қажет.
Ал «қара паровоздың» ерекшелігіне келетін болсақ, маневрлік жұмыстан тыс вагондарды жууға пайдалануға болады. Кешегі 2000 жылға дейін стансада вагон жуу цехы жұмыс істеді. Облыс аймағынан басқа да қалалардан келген неше түрлі лас, улы вагондарды, сондай-ақ астық өнімдері мен тұз тиейтін арнаулы вагондарды да осы «қара паровоздың» күшімен су аралас бумен, бір сөзбен айтқанда жуып, булайтын. Цех жабылып, адамдары тарап кетті. Кеңес үкіметінен келе жатқан мекеме-тұғын. Паровоздар да Аралда (олар екеу еді) талан-таражға түсіп, ақыры металлоломға кесіліп, өтіп кетті. Өкінішті-ақ.
– Бұл бір өткен ғасырдың 1987-1988 жылдың қыс айында болған оқиға еді, – деді Ж.Қожалепесов сәл-пәлден кейін әңгімесін жалғап, – Ленинск қаласының бір аумағындағы жылу беретін қазандығы істен шығып, көптеген тұрғын үйлер, мекемелер жылусыз қалып, қаланың, әскери гарнизонның басшылары қатты қиналады. Олардың ең қиналған жері қала тұрғындарын, гарнизондағы әскерилердің жанұясы мен жауынгерлерді нан және нан өнімдерімен қамтамасыз ететін наубайханасы мен сүт өнімдерінен – ірімшік, балмұздақ шығаратын цехы тоқтап қалатын болған. Күн болса аяз. Қара суық ұрып тұр. Қалай ойына келгенін қайдам, сонан олар облысқа шығып, Сексеуіл локомотив пайдалану депосынан паровоз беруін өтінген екен. Не керек, бізді 6 бригада етіп, паровозымызбен көмекке жіберді. Көмірді де, суды да мол алғанымыз жақсы болды. Бару бойына уақыт өткізбей, жауынгерлерді жұмылдырып, жылу жүретін құбырын паровоздың бу шығаратын жеріне қосып берді. Судың да құбыры әп-сәтте паровоздың жанына келтірілді. Енді тек отынды жақ, парыңды айда, бұдан басқа жұмыс жоқ. Қала басшылығы, әсіресе әскери гарнизонның бастығы жұмысымызға дән риза болғаны сонша, қолымызды қайта-қайта қысып, құшақтап қояды. Жатын орын, ақ төсек, тамағымыз тоқ болды. Бұл 1,5 айға созылды. Түнгі ауысымнан шыққанда 48 сағат демалысымыз бар ғой. Сондайда ауылға барып-келуге ерінетіндері де болды. Иә, солай, наубайханадан шыққан ыстық нан мен сары май әлі күнге дейін тілімізде дәмі үйіріліп тұрған сияқты болып көрінеді, – деп сұхбаттасушымыз бір күлімсіреп қойды.
Аманкелді Өткелбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі