Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғам қайраткері Т.Медетбаев қызмет еткен ғимарат

Қоғам қайраткері Т.Медетбаев қызмет еткен ғимарат

Сонау өткен ғасырдың басына шегініс жасасақ, осы Арал қаласының өзінде көптеген ғимараттар бой көтерген. Сол кездің сапалы жұмысының арқасында бой көтерген ғимараттардың қаңқасы әлі де қарап тұр. Сүйегі мықты деген осы шығар. Қазіргідей қабырғасы қақырап, шатыры жұлынып жатқандары аз. Тек уақыт өткен сайын тозығы жетіп жатыр. Тарихқа тіл бітірсек, сол ғимараттар елге қызмет еткен талай атпал азаматтарға құтты қара шаңырақ болғанын бірі білсе, бірі білмес. Әсіресе қазіргі жастар ондай тарихи орындар мен нысандардың маңыздылығына мән беріп жүрсе, қанекей...

Бұл кеңсенің қаланың қай жағында орналасқанын байқап отырған боларсыз. Қазіргі аудандық мәдениет орталығының жанымен темір жол вокзалына бара жатқан Әбілқайыр хан көшесі бойындағы бұл ғимаратта көне көздердің айтуы бойынша заманында Арал совдепі орналасып, сол жерде белгілі қоғам қайраткері Төлеген Медетбаев қызмет еткен екен. Қазіргі сұрқына қарасаңыз, көңіл құлазитындай. Бір мүйісі жауын салдарынан құлап, еңсесі еңкіш тартып тұр. Ал осы ғимаратты өз мақсатына пайдаланып отырған кәсіпкерлер тарихи ғимаратта жұмыс істеп жатқандарын біле бермейді-ау. Елді қынжылтатыны да осы. Енді сол елге белгілі азамат, қоғам қайраткері Т.Медетбаев жайында аз-кем ақпар айта өтсек.
Төлеген Медетбаев 1890 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келеді. Анасынан ерте айырылады. Әкесі де, өзі де жалшылықта жүріп, Қазалы қаласында 1914 жылы ашылған училищеге түседі. Екі жыл оқыған соң, арманшыл жас күнкөріс үшін Каландаров деген бай-көпестің жұмысшысы болады. Алғашқы еңбек жолын байлардың жалшысы болудан бастаған тұлға 1916 жылы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жұмысшы-шаруа милициясының ерікті отрядын ұйымдастыруға қатысқан.
1918 жылы «Совдепке жаңа басшы керек. Ол саяси сауатты, революция ісіне шын берілген және табанды большевик болуы керек. Ол – Төлеген Медетбаев» деген ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Осылайша Т.Медетбаев Совдеп төрағалығына сайланды. Сол жылы қалада мектеп ашылды. Осыдан бастап қазақ балаларын мектепке тарту мәселесі жемісті жүрді. 1920 жылы қазақтың жетім балалары үшін мектеп жанынан интернат ашылып, барлық бала өз ана тілінде терең білім алды. Кешқұрым жұмыстан кейін жұмысшылар да оқып, сауаттарын ашты. Мұндай мектеп интернат Бөгенде, Қамыстыбас елді мекенінде де болды.
Негізі, бұл ғимарат пен әңгімеге арқау болған қоғам қайраткері Т.Медетбаев жайында айтуымызға ұлағатты ұстаз, зейнеткер Е.Абдулланың желідегі парақшасына салған жазбасы түрткі болды.
– Арал қаласы орталығындағы Әбілқайыр хан көшесіндегі осы ғимаратта өлкетанушы Жақсыбай Төребековтің айтуынша, заманында Арал совдепі орналасып, белгілі қоғам қайраткері Төлеген Медетбаев қызмет еткен, – делінген жазбада тайға таңба басқандай көрсетілген.
Оны оқыған оқырмандар тарапынан «Аудан меншігіне алып, Т.Медетбаев музейін ұйымдастырып және одан кейінгі ауданды басқарған аға-апаларымыз жөнінде мағлұмат алатын орын болса, болашағымызға ізгі іс болар еді», «Өткенді зерделеу, ұрпаққа ұғындыру – ұлағатты іс. Көзкөрген, кемел ақсақалдарымыз Жақсыбай ағадан үлгі алып, тарихи шежірелер мен мекендер туралы көрген-білгендерін айтып отырса құба-құп болар еді», – деген көңілге қонымды пікірлер жазылған.
Шындығында, тау қозғалса да тарих қозғалмайды. Өмір өрнектеп берген тағылымды жолдарды кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін елге белгілі азаматтардан қалған естеліктерді жаңғырту бізге жарасар жұмыс болар еді. Ескіні жаңғырту – тарих алдындағы табысты іс болары анық. Тек соған мән беретін азаматтар табылса болғаны?!
А. ҚАРАСАЙ
31 қаңтар 2021 ж. 942 0