Жарты сағатта жазылған "Той жырына" жарты ғасыр
"Той үстінде тәтті күндер, тәтті күндер,Жас жұбайлар шат күліңдер, шат күліңдерӘн салайық би билейік, би билейік,
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер!"
Той үстінде тәтті күнде жүргенде жарты ғасыр да өте шығыпты. Ән де, әннің авторлары да соңғы 50 жылдың барлық тойының куәсі болды.
Иә, осы бір жыр жолдарының қазақ халқының той көгін шарлап жүргеніне биыл жарты ғасыр толып отыр. Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықовтың осы бір әсем туындысын ең алғаш өнер сахнасына алып шыққан «Дос-Мұқасан» ансамблі болатын.
Бұл әннің шығу да, шырқалу тарихы да ерекше. Осы орайда осы әнді нақышына келтіріп, сөзін жазып берген Ұлықпан Сыдықов ағамыздың мына бір ерекше әңгімесі ойға келеді:
«Мына досым 60-қа толғанда ол ректор, мен проректормын, мына Мейірбек ағаларыңыз ("Дос-Мұқасан" ансамблінің мүшесі) Байқоңырдың басшысы, Қазақ әуе ғарышының бастығы. Өзіміз жиналып, шағын ғана адам «Евразия» дейтін бір шағын ресторанда дастарқан жүргізіп отыр едік. Мен басқарып отырмын. Бір келісті, үлкен сом денелі орыс кісі, жас мөлшері бізден екі-үш жас үлкен сияқты, жанында бір жас жігітпен есік қағып кіріп келді. Рұқсат сұрап:
– Кіруге бола ма?
–Отырыңыз.
Сосын алдына ас қойдық, содан бір-екі шай ішкеннен кейін менен сөз сұрады. Әлгі кісі тұрып:
– Мен Мәскеуден келіп едім. Осында "Дос-Мұқасанның" жігіттері бас қосып, бір қуаныш бөліп жатыр дегеннен кейін Алматыға келген сапарымды пайдаланып арнайы келдім. Келген себебім мынау, – деді.
– Мен орыс офицері есебінде шешен деген ұлтқа қарсы соғысқан адаммын. Содан бір қиын-қыстау кезде мен және жанымдағы жолдасым екеуміз тұтқынға түсіп қалдық. Жанымдағы жігіт «Мен Қазақстанда Петропавл жақта туғанмын, қазақ ауылында өскенмін» деп айтатын, мен оған мән бергенім жоқ.
Содан ана шешендердің құрамасының басшысы өз тілдерінде айтты, бірақ біз түсініп жатырмыз.
– Мына екеуін оқ шығармай-ақ, бастарын кесіп лақтырып жіберіңдер, – деп айтып жатыр.
Содан өздері бұрылып, бір-екі адамға тапсырып, аналар пышағын жалаңдатып жатқан кезде жанымдағы жігіт орыс тілінде айғай салды «Мен Қазақстаннанмын» деп. Қаттырақ айғайлап еді, бастап бара жатқан командирі кері бұрылып, қайтадан бәрі келді. Келіп тұрып, белін таянып тұрды да:
– Қазақстаннан екеніңді қалай дәлелдейсің? – деді. Сол кезде анау қол-аяғы байлаулы жатқан жігіт аңыратып "Той жырын" қазақ тілінде айтты да жіберді. Әнді бастап, бастапқы бір-екі жолын айта бергенде, сол жерде тұрған шешендер түгел қазақша қосылып, "Той жырын" айта жөнелді. (Бәрі осы Қазақстаннан барған жігіттер болып тұр ғой).
Командирі тұрып: «Анау ән айтқан жігітті босат» деп айтты дейді. Содан әлгі қазақ жігіт:
– Менің жанымдағы серігімді босатпасаңдар, мені де өлтіре салыңдар,– депті.
– Онда екеуін де босатыңдар. Бірақ бұдан бұлай шешендерге қарсы қару көтермеуге уәде беріңдер,–деді де, екеумізді босатып жіберді.
Осылай біз әннің арқасында бір ажалдан аман қалдық, – дейді.
Міне, әннің құдіретін көрмейсіз бе?! Мұның өзі осы әннің қазақ ұлтының белгісіне айналып кеткенінің көрінісі деп ойлаймын.
Ескі ән ескірмес әуенімен халық жүрегінен орын тапты. Ән туылды, еліне таралды, халық сүйсінді. Қазіргі тілмен айтқанда "хит" болды.
Иә, бұл ән шынымен де ғасыр хиті болды. 50 жыл өтсе де, ешбір сөзі өзгермеген, әр қазақтың санасына сіңген осы бір әуен әлі талай қазақтың тойында әуелей берсін.
Шыны керек, бұл әуен мен үшін ән емес, бұл – шедевр.
Дәл осындай уақытта тойдың иісін сағынған халыққа бұл әуен бір жұбаныш болар еді. Ендігі "Той жырына" жарты ғасыр емес, мың ғасыр толсын. «Ән салайық би билейік, би билейік. Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер!»...
Ғалымбек ЖАЛҒАУОВ,
Бекбауыл ауылы