Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Ауыл ажары

Мен жоғарғы білім алып, оң-сол жобамды танып, алатаудай биік армандарым алысқа жетелеп, болашағымның биік мұнарасының кірпіштерін қалаймын деген үлкен мақсаттары бар жас маман болып ауданымыздағы бір шағын елді мекен - Қосаман ауылына келгенім күні кеше ғана секілді еді. Оған да міне қарап отырсам, демде-ақ 10 жыл зымырап өте шығыпты. Жаңа жерге келген соң, алғашқыдағы ішкі ойым бір-жар жыл осында жұмыс жасап қайтпақшы болдым.
Иә, адамның айтқаны болып па?! Осында келген соң болашағымның тірегі – өмірлік жарымды кезіктіріп, сән-салтанатымен іргелі отбасын құрдық, керегемізді кеңейттік. Бірінен соң бірі балалар дүниеге келді. Көзді ашып-жұмғанша балаларым мектеп табалдырығын аттады. Алғашында ауылға келгенде өзге адамдар, бейтаныс жер деп өзім көпке дейін үйренісе алмай да жүрдім. Бірақ ауыл адамдарының кеңпейілді көңілі, мектеп ұжымының, қатарлас әріптестерімнің маған деген ыстық мейірімі, ауылдағы қарапайым жандардың іштартуларының арқасында тез үйренісіп, тіпті Қосаман ауылының тұрғыны атандым. Иә, осындай тарихы терең, ақсақалдары абыздай ақылды киелі жерге келгеніме, дәм-тұздың осы киелі жерден бұйырғанына шүкіршілік етемін.
Өзіңнің ата-анаң, бауырларыңнан алыста жүргенде, оларды сағынасың, жаныңа жанашыр дос, бауыр іздерің хақ. Ауылдағы асыл жандардың бірін апа, бірін жеңге деп, енді бірі нағашы боп бүгінде өзіме көптеген төркін таптым. Қытымыр қыстан кейін келген көрікті көктемнің осынау наурызы шуақ шашып келгенде ауылдағы барша ақжаулықты әже-аналардың, күлімдеген қыз-келіншектердің жүздерінен шексіз қуаныш пен бақыттың шұғылалы да шырайлы арайын көремін.
Кішкентай болса да берекелі де мерекелі ауылымыздың сәнін ашқан ажары да, қызыққа толы дарқан көңіл базары да – солар. Солар барда Қосаман ауылының таяқты ат қып мінген баласынан төрде отырған қариясына дейін әрқашан адамдықтың, адалдықтың ұясы бола беретінін білемін. Кешегі күні жап-жас болып келіп, бүгінде жапырақ жайып, орта буынның ортасына еніп отырған мен де солардың қатарында өзімді қай кезде де бақытты сезінемін. Баянды бақыт деген өз ауылыңда, өз ауылдастарыңның арасында гүлдей жайнап бейбіт те тыныш өмір сүруің екен деп білемін.
Бағдат БИСЕМБАЕВА,
Қосаман ауылы.
08 наурыз 2021 ж. 554 0