Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақталған аманат

Ақталған аманат

Қысын қалың қар басқан Сексеуілдегі қараша үйде қолға түскенді талғажау етіп отырған жас шаңырақты соғыс өрті өршіп тұрған шақта тағдыр басынан сипамады. Бесігін таянған жас келіншек әлсін-әлсін жөтеліп, емеуріндеп жылаған құндақтағы сәбиіне уыз сүтін беруге шамасы да келер емес, кеудесіне қатты қысып:
– Ботақаным менің, жылама, сені бізге Алланың өзі несібемізге берген, соғыс біткесін әкең екеуміз сені Тербенбес тауының шыңына алып шығамыз. Алда көктем, сәл шыдасақ, көкке ерніміз тиіп, ала сиырдың сүтін екеуміз тойғанымызша ішерміз, – деп баяу үнмен әндеткені сол еді, бейкүнә сәби анасын түсінді ме, әлде ана мейірімінің соңғы лебін сезді ме, үнсіз қалды.
"Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!" ұранымен соғыс даласына, эшелон пойыздарға жүк тиеп жүрген жас жігіт шаңырағындағы қайғылы хабарды Қазалыдан Сексеуілге жеткенде естіді. Тұла бойы тұңғышының атын Несібелі болсын, өз несібемізді өзімізге бұйыртар күн тусын деп меңзеген болар, сондағысы елдің қолындағы азын-аулақ асын, мал-тегесін, балық-шабағын соғыс сарбаздарына жиып-теріп салып, өздері ашқұрсақ жүрсе де, уақытша кезеңді еңсеру болса керек. Иә, Ақбибіні ақ жуып арулап, діни салттарын жасап, ауыл ақсақалдары алыстамай, қыстақ шетіндегі қорымның жанына жерледі. Бейіт басында жалғыз қалған Өтепберген қаралы күні іштей ұзақ жылады.
– Әттең, әттең, – деп түйген жұдырығымен жер сабалап, көкірегін кернеген ащы дауыс өксік басып, аузына тығылды.
– Отағасы, үйде отырғанда не істеймін, одан да келіншектерге жәрдемдесіп, соғыс сарбаздарына киіз байпақ басуға барайын, қол көмегімді мен де берейін, ауыр болса жүн тарап, ұршық иірермін, – деп күлімдеп, өтінген өтініші көз алдынан кетер емес.
Амалсыз келіскенмен, вокзал маңынан қыстың көзі қырауда иінағашпен, екі жағында екі шелек суын әрең көтеріп бара жатқан жарын «шыққыр» көзі көрсе де үндемеді, ауыр жұмысты құрсағындағы сәбиімен бірге жүріп істеді-ау. Мұзды аяқ су табанына жетіп, қолқасын алса керек, ақыры алып тынды, деп өзіне де, өміріне де налыды жас жігіт.
Көрші-көлем анасынан ерте айырылған сәби қызды кезектесіп алып бақты. Әкесі де жыл өткесін жақын маңдағы әскери комиссариатқа барып, соғысқа алуын сұрады. Өтініші қабылданғасын, енді ғана аяғына мінген балапанын алып, ағайын-тумаларын жағалады. Мақсаты – естиярлау бір жанға баласын аманаттау. Бала түгіл, қара басын күйттеген уақытта бала алу кім-кімге де оңай болмасы анық. Ағайынның есігін оңай ашқанмен, жабу қандай қиын болды десейші?! Есік ішіндегі бауырға да, есік сыртында қалған Өтепбергенге де оңай болмады. Бесенеден белгілі жағдай, күйзелген халық, күйреген ауыл, жетіспейтін ас-ауқат. Енді кімді сағаларын білмеген жас әке балапанын Қызылордадағы балалар үйіне апарудан басқа амалы болмай, жолға дайындығын бастағанда, есік жақтан естілген зарлы дауыстағы жоқтау үні жүрегін сызып өтті. Бұл не тағы деп есікке ұмтыла бергенде, көз жасы көл болған әкесінің қарындасы Айша мен марқұм жұбайы Ақбибінің апасы Ақленді көрді. Екеуі де күздегі сел жаңбырдай аңырап қояр емес.
– Қарашығым-ай, қалай ғана қиясың қиянға.
– Жарық күнді көргенің кеше емес пе еді, бауырымнан қалған жалғыз тұяғым-ай, сені қалай жіберемін ен далаға. Онда сені кім қарайды, анаңнан ажал айырып, әкеңнен соғыс айырардай, не жазып едің қу тағдырға, – деген зарлы дауыстар үдемесе, басылар емес. Бұны естіген Өтепберген екі апасына басу айтып:
– Қайтейін, тағдырдың басқа салғанына көнемін де. Күңіренген босағада балама қараймын, қасында қалар ешкім жоқ деп сылтау айтқаным, ел басына күн туған шақта ұят болар, тірі келсем көрермін, ал тіршілікті бермесе, жазғанға көнуден басқа амалым жоқ, – деп сөзін қысқа қайырды.
Өтепберген бозбаладан жігіттік жасқа жетсе де, дене бітімі әлі толыса қоймаған болатын. Бойы кіші, салмағы да жеңіл, есесіне, батыл қимыл мен шалт шешімді тез қабылдайтын қасиеттері басым еді. Мүлгіген тыныштықты апасы Айшаның тағы да зарлы даусы бұзды:
– Қарғам-ау, әлі баласың ғой, буының қатпаған, әлгі комиссарға мен барып айтайын ба? Мына періштеге енді кім бас-көз болады, ауылда да еркек кіндік атқарар жұмыс көп қой, мылтығыңды да көтере алмайсың, әлі баласың, –дегенмен, жас жігіттің батыл шешімін өзгерту ешкімнің де қолынан келмеді. Ақыры дегені болған жігіт Сексеуілден майданға аттанып, кішкентай Несібеліні апалары "бауырдан қалған көз қарашығымыз", – деп ауылға алып қалды.
Соғыс өрті 1945 жылы сөнгенімен, елге қырық алтының көктемінде келген сарбаздың аман-есен келуі көрші-көлем мен ағайын-туысты қатты қуантты. Ауылдағы жеңгелері бір-бірін сүйіншілеп:
– Кішкентай Несібелінің әкесі келіпті, қызының көз жасы жебеген екен, анасынан айырған құдай, әкесіне қарасқан екен, – деп, ақжолтайлап бата- тілектерін бөлісті.
Ал кішкентай қыз әкесін танымады да, қапсыра құшақтаған сарбаз кеудесіне басын қойып, «аға, сіз менің әкемді соғыста көрдіңіз бе? Ол үлкен машина пойыз айдайды» дегенде:
– Қызым-ау, мен, мен сенің әкеңмін,– деп еңкілдеп жылап жіберді.
Бірнеше күн өтісімен үлкен апасы Ақерке кешкі шай үстінде әңгімесін бастады:
– Алыстан орағытып қайтейін, аман-есен елге келдің, енді әкеміздің қара шаңырағының ошағын қайта маздат. Жабылған есік үш-төрт жылдан бері ашылмады. Ертең барып Айша екеуміз тазалық жұмыстарын жасайық, ал сен артын ұзатпай кішкентайыңа ана, өзіңе жар қара, – деп сөзін дөп қойды.
Айша да апасының сөзін мақұл көріп, Қазалыдан Сексеуілге көрші Байжан Жиеналының қолына нағашыларын сағалап келіп, екі қыздың тәрбиеленіп жатқанын айтып, сөзіне қалжың араластырды. Көп ұзамай қыздардың үлкені Палауса Сырашқа тұрмысқа шығып, артынша Рахиманы Өтепберген айттырып алды.
Бұрыннан да Рахимаға жақын, бауыр тартып өсіп келе жатқан кішкентай Несібелі бұл тойдың мақсатын түсінбесе де, әулетінде болып жатқан тойға масаттанып, ауыл балаларымен асыр салып жүр. Бәрінің де жүзінде соғыстың салған сүрлеуінің бет пердесі түсіп, қуанышты сезім ұялағандай.
Иман нұрын бойына жиып өскен Рахима да көп балалы отбасында тәрбие алып, үлкен-кішіге ізетін білетін өнегелі жан әп дегеннен Несібеліні бауырлай, отағасының бас-аяғына қарайлап, ұлы көштен қалған қара шаңырақтың қазанын оттан түсірмеді. Бәрінен де балапандай Несібеліні ізінен бір елі қалдырмай, жақын-жуықтың ажарына айналды.
Арада бірнеше жылдар сырғып өтті. Несібелі мектебін ойдағыдай бітіргенмен, арман жолындағы оқуына бара алмады, құдды білікті ұстаздардай бауырларының сабағына қарап, анасының көмекшісі атанды. Рахима да естияр қызының кәдеге асқанына қуанышты, "бұйыртса, келер жылы оқуға өзім апарармын" деген сенімі де бар. Өтепберген де сол баяғы жұмысында, қазір жүк пойыздарының бақылаушысы, ары-бері өткен пойыздардағы тауарлардың қауіпсіздігіне жауап береді.
Қызметтес әрі сыйлас ағасы Байқазақ та Өтепбергеннің тынымсыз, адал қызметін басшылыққа айтып, көп балалы отбасыға бір-екі рет сыйақыға қаржы алып берді. Байқазақ та көпшіл, қайырымды, иман жүзді азамат. Үйінің іші береке, бәйбішесі де келісті жан, келген қонағына жайдарлы. Байқазақпен немерелес бауыры, марқұм Есмағамбет ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген ісмер жан еді. Ал оның зайыбы Зейнеп аң терісінен тері илеп, малақай, ішік, тон тігудің кәнігі шебері болатын. Түлкінің жон терісінен қайнысы Байқазаққа арнап тіккен малақайының байлам бауын тігіп, ұлы Әуесханның қолына ұстатты.
– Балам, ертең Сексеуілге бар, үлкен шаңырақтағы ағаңа сәлем беріп, мына малақайды жеткізгейсің, – дегені сол еді, еркелігі мен серілігі қалмайтын бозбала жігіт есітер-есітпестен:
– Иә, апа, – деп, аспанда әуелеп ұшқан кептерлеріне ысқырып, үй төбесіндегі сырыққа қонақтатып әлек. Алып денесімен ерсілі-қарсылы жүгірген ерке баласына Зейнеп әже:
– Құдай-ай, жалғызым-ай, таңның атысы мен батысы осы жел қуып жүгіресің де жүресің. Менің жасым болса мынау, кәрі қойдың жасындай. Сені үй қылып, немере сүйсем деп едім, сенің жүрісің мынау, –деп күніне төрт-бес рет қайталайтын әңгімесін тағы қайталады.
–Апа, жаңа не дедің дұрыс естімедім,– деген ұлына қарт ана:
– Сексеуілге бар, – деп дүрсе қоя берді. Таңертеңгісін Байқазақтың балаларына деген азын-аулақпен төредей ұлын ата қонысқа аттандырып жіберді.
Қаладан келген қайнысына шайын қойып, жеңгесі де апақ-шапақ жүгіріп жүр. Ағасы жұмыста екен, арасында ерінің су жаңа малақайын басына киіп, абысынының алтын қолын мақтап қояды.
– Апам да тері илеуден шаршаған шығар, көмекші болар қыздар тұрмыста. Нәбира оқуда, апамның шайын қайнатар келін алып, неге қолын ұзартпай жүрсің? – деп ерке қайнысына жеңгесі кесе толы шайын ұсынды.
– Мен алмайын деп жүрмін бе, жеңеше, мен іздеген ару кездеспей жүр ғой, – деп сөзінің артын жұтып қойған қайнысына:
– Ағаңмен бірге жұмыс істейтін Өтепберген деген жігіт бар, оның биыл мектеп бітірген Несібелі есімді қызы бар,– деп, арғы жағын «Мың бір түн ертегісіндегі» Шахризададай, қиссадай етіп қайнысына майын тамызып жеткізді.
Бозбала жігіт жеңгесінің ой қиялын әзіл көргенмен, бір көргеннен ғашық боларын сезген жоқ. Қалаға қайтамын десе де, аяғына оралып, ақыры таныстыруға көндірді. Рахимамен апалы-сіңлідей болып кеткен жеңгесі кешкілік Несібеліні үйіне шақыртты. Аузы оймақтай, қос өрімді арудың көз жанары қарақаттай қап-қара, өңі де, келбеті де келіскен жанды жас жігіт бірден ұнатты. Алыстағыны жақыннан көретін жеңгесі де қайнысының бозарған түрінен оның жан-дүниесін бірден түсінді. Оңаша қалдырып, араға күн салып аталы жолмен бойжеткенді алып қашты. Дәстүр жолымен Байқазақ ағасы кешірімге барып, Өтепбергенмен бұрын дос болса, енді құдай қосқан құдалар болып төс қағысты.
Жаңа қоныс жастар ауылы, жастар бір-бірімен танысып-білісіп, көрші- көлем, ағайын-туыс болып қатынасып, бір-біріне қарасып жүр. Зейнеп әже де бақытты, отының басы береке, атадан жалғыз қалған тұяғы Әуесханының үй болып, ел қатарына қосылғанына шүкіршілік етуде.
– Түнде түс көрдім. Әуесханым тұлпарын жетектеп, босағамызға байлап жатыр екен. Жақсылыққа жорыдым, атасының жолын жалғар ұл келер, жалғыз тұяғымның ізіне серік ерер деп топшылап отырмын, мына қалта толы сөк-талқанымды төрдегі босағаңа іл, күні туғанда қонағыңа берерсің, – деп, қоржынның екі жағын тәттілерге толтырып, келініне ұстатты.
Сол жылы Зейнеп әже бақилық болып, арасы екі айдан кейін әулеттің ізбасары Серік өмірге келді. Отбасына Серіктен кейін Райкүл, Гүлнар, Айгүл, Айбек, Төребек, Нұрбек, Бақыт келді.
Несібелі мен Әуесхан өз балаларына қамқор болды. Білімді келіншек өзі оқу оқымаса да, балаларын бесігіне таянып өсіріп, кәмелетке толғандарын жоғары оқу орнына түсіріп, қалаған мамандықтарына оқытты. Білім алған балалары бірінен кейін бірі бітіріп, көз қуанышына айналды. Әкесі Өтепберген де зейнетке шығамын дегенше сол баяғы темір жол бойында жүк пойыздарының бақылаушысы қызметін атқарды.
Айбек ЕСМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы
28 наурыз 2021 ж. 361 0