Ауыл азаматы
Балық шаруашылығы саласының белді маманы, қызылжарлық жеке кәсіпкер Әділжан Әбдіков Қазақстанның "Алтын кітабына" енді.
Үнемі жол үстінде жүретін Әділжанды аудан көлемінде танымайтын адам кемде-кем болар. Кәсіпкерлік оңай шаруа емес. Талай адамдармен кездесіп, талай жандармен жүздесесің. Кәсібіңді оңтайландыру жолында аудан, облыс көлеміндегі семинарларға қатысып, үлкен ой түйесің. Әділжанның негізгі мақсаты – ауыл, аудан көлемінде балық шаруашылығын дамыту. Осы саланың ізімен балықшының баласы Астанаға да бірнеше мәрте шақырылған.
Әділжанның әкесі Көлбай Әбдіков те асау толқынмен алысқан нағыз балықшы еді. Жай ғана балықшы емес, тәжірибесі аудан көлеміне таралған, «Райым» колхозының белді жылым бригадирі, Қазақстан Компартиясы ХІV съезінің делегаты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Әділжан да 1985 жылы №81 Қызылжар орта мектебін бітіріп шыққаннан кейін, көп ойланбастан балықшы ескегін қолына ұстаған.
Балықшы болу оңай жұмыс емес. Апталап, айлап үй көрмейтін әкелерімізді кейде сағынып-ақ қалатын едік. Үнемі сыртта жүргендіктен, қорадағы бес-алты малын да дұрыс танымай қалатынын көзіміз көрді. Үйге, малға қарауға оларда уақыт та болмайтын. Қыстың қытымыр аязында күн шықпай кететін әкеміз кешкілік үйге келгенде үстеріндегі сары шинельдері мұз қатып, ұзақ уақытқа дейін ілгектерін ағыта алмай әуреге қалатын. Сосын бәріміз жабылып аяғындағы қырауланып қалған резеңке етіктерін тартқылап, әрең дегенде шешіп аламыз. Осындай бейнетті бастарынан өткізіп жүрген балықшылар балаларының оқығанын жақсы көретін. Әділжанның әкесі де солай.
– Балам, мектепті жаман бітірген жоқсың. Оқығаның дұрыс еді ғой, – деді.
– Жұрттың бәрі оқу қуып кетсе, балықты кім аулайды сонда?
Әділжан ондайда осылай әзілге жеңдіріп жібереді. Ұлының нақты шешімі екенін әкесі де сезгендей, одан әрі үндеген жоқ. Өйткені ата кәсіпті жалғастыру сол кездегі ұрпақтың еншісінде еді. Жалғыз Әділжан емес, бірге оқыған көптеген сыныптасы да балық шаруашылығы саласына араласып, теңіз төріне аттанды. Ол кезде балықшылардың экспедициялық әдіске көшкен кезі. Яғни балықты көктем мен күзде алыстағы Балқаш көліне барып аулайды да, қыс айларында ауылдағы «Қаракөл», «Райым», «Жалаңаш», «Қосжар» көлдерінде еңбек етеді. Ызғары бет үсітер сол бір қыстарда мұздың қалыңдығы да сүймен бойындай болатын. Байырғы балықшыларға қарулы жастардың көмегі ауадай қажет. Сондықтан да олар ата жолын қуған жас жігіттерге ризашылықпен қарайтын.
Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезеңдер ел санасынан әлі де ұмытылған жоқ. Сол кездері ғой дүркіреп тұрған колхоз, совхоздардың тарай бастағаны. Талай жыл тарихы бар «Райым» колхозы да көштің соңын ала сетіней бастап еді. Әділжан да колхоздан шығып, 2000жылы «Атақоныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне балықшылар бригадирі болып орналасты. Жастайынан еті тірі, пысық жігіт ел көзіне іліне бастаған тұста осы кез. Жауапкершіліктен жалтармайтын жігіт 2001 жылы «Атақоныс» ЖШС-ның атқарушы директоры болып сайланды. Жоқшылық салқыны әлі де қайтпай, ел күйзелісте жүрген кезеңде қиындықпен күресе білген жас жігіт жұмысын тоқтатпастан жүргізе берді. Колхоздың бар дүниесін үлесі барлар бөліп-бөліп алған. Тіпті жылым салатын құрал-жабдықтарда түгел емес. Қажетті құралдарды қайта жинауға тура келді Әділжанға. Үкіметтен бөлінген көк тиын да жоқ. Тапқан табысыңа құрал-жабдықтар аласың.
– Әділжан-ау, басыңа не бәле тілеп алып жүрсің? Сендерге осы балық ауламасаңдар болмай ма? – деген іріткі салар сөздерде болды.
Қайсарлық мінезі бар, жас та болса үлкен орталармен араласып үйренген Әділжан алған бетінен қайтпады.
– Ата-бабамыздан қалған балықшы ескегін еш нәрсеге де айырбастауға болмайды. Оларға берер жауабы да осы. Рас, басқа саланы таңдап, мал өсіруге де болар еді. Қолынан келері де анық. Бірақ жастайынан теңіз толқынына құмартып өскен жастың бар ойы балық шаруашылығын қайта жандандыру болды. Олай етпегенде, кешегі тәрбиесін алған марқұм балықшы әке, ағаларының алдында өзін кінәлі сезінер еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, сонау ашаршылық кезеңдерде де адамдар өмірін сақтаған осы көлдің балығы емес пе?!
Ажары кеткен ауыл тұрғындары 2005 жылы Үкімет назарына ілінді. Жоғарғы жақтың шешімі бойынша ауыл тұрмысын әлеуметтік жағынан көтеру мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, ел қуанатындай жұмыстар жүргізіле бастады.
Қай істе болса да іскерлік танытып, туған ауылын түлетсем деген Әділжанның ойын ауылдастары да түсінгендей, сол кездегі бағдарлама бойынша құрылған «Қызылжар» селолық тұтыну кооперативінің төрағасы етіп сайлады. Бұл ел тұрғындарының бұған деген үлкен сенімі екенін түсіне білген жас жігіт заман талабына ере білу үшін үнемі ізденісте жүреді. Аудан, облыс көлеміндегі балық шаруашылығы туралы, кәсіпкерлік туралы семинар, жиналыстан бір қалып көрген жоқ. Қолынан іс келетін жігітті бәрі де танып білгендей. Тіпті аудан көлеміндегі шешімі табылмаған балық шаруашылығы мәселелеріне де ойласу үшін Әділжанды шақыртып алатын.
Кәсіпкерлік деген осы. Үйде болғаннан түзде жүргенің көп. Балық саласын дамыту, балықтарды өсіру бойынша 2012 жылы ауыл баласы алыстағы Финляндия еліне барып, тәжірибе алмасып қайттты. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, олар да Әділжаннан үйренері көптей, келген сайын ізінен қалмайды. Кең пейілмен жайылған қазақтың кең дастарқанын осы Әділжанның үйінен көріп, таңдайларын қаққан. Қонаққа жайлы Әділжанның үйінен қысы-жазы қонақтар арылған емес. Бірде Ақтөбеден, бірде Алматыдан, тағы бірде Қызылордадан іздеп келіп тұрғаны. Бәрін де қабақ шытпай жайдары қарсы алатын жары Мариямкүл.
– Әр қонақтың өз несібесі болады, балам. Қонақ келген үйге құт келеді деген,– деп анасы Патшайым да бір қуанып қалады.
Жеке кәсіпкер болып 2012 жылы тіркелген Әділжан 2013 жылы ауыл жанындағы көлемі 300 гектар «Алаша» көлін 10 жыл мерзімге тендерден ұтып алып, жұмыс істеп келеді.
Кәсіпкерліктің қиындығынан қашпаған Әділжан Әбдіков 2018 жылы көлемі 1100 гектар болатын «Қаракөл» көлін тауарлы балық өсіру мақсатында 10 жылға тендерден ұтып алғанда, бүкіл ауыл қуанды. Кезінде балығы тайдай тулаған атақты көл соңғы кездері әркімнің қолында кетіп, күтімсіз қалғанына Қызылжар елді мекенінің тұрғындары ренжіп-ақ жүр еді. Ел сенімінен шығуды көздеген Әділжан тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында жоба жасап, оның ел тарапынан, Үкімет тарапынан қолдау табуына атсалысып келді.
Астанаға талай мәрте шапқылаған Әділжанның еңбегі еш кетпей, 2018 жылы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 109 миллион көлемінде қаржы бөліп, сағасын дариядан алатын «Қаракөл» көліне терең канал қазылды. Каналдың дария бет-аузына балық өткізбейтін тор салынып, дамбыланып, шлюз салынды.
Кәсіпкер жігіт Әділжан Әбдіков ауыл көлеміндегі ауқымды істермен қатар, аудандық балық шаруашылығын дамыту саласына да белсене араласып тұрады. Өйткені кәсіпкерліктің өзінде балық шаруашылығын өркендетуге арнап отырған жігіт ағасының ең басты арманы да осы ата кәсіпті жалғастырар мұрагерлерді көбейту екен.
– Сонау бір кездері балықшы ескектері мен қайықтары айдалада қаусап жатқаны жүрегіңді ауыртатын еді, – дейді кәсіпкер Әділжан бізбен әңгімесінде. – Қазір ескек ұстаған көбейді. Бұл теңіздің қайта жанданғанының белгісі. Тек осы бір алтындай байлығымыз көрінгеннің қолында кетпесе екен. Сол себепті балық қабылдайтын, өңдейтін және оны сырт жерлерге жіберетін балық зауыттарын кеңейту керек.
Кәсіпкер сөзі көңілге қонымды. Кезінде Арал халқының тең жартысы жұмыс істейтін алып балық комбинатын ұшты-күйлі жоқ қылдық. Арал теңізінің балығынан басқа сонау мұхит балықтарын алыстағы Балқаш көлінің балықтарын вагон-вагон қылып тасып, қайта өңдеп жатқандарын көзімізбен көрдік.
Қазір Арал өңірінде майда-майда 8 балық өңдеу зауыты бар екен. Неге соларды бір-бірімен байланыстырып аудан орталығынан бұрынғы балық комбинаты сияқты ірі бір балық зауытын салмасқа...
Балық шаруашылығына аса ден қойған кәсіпкер жігіт аудандық конференция, жиналыстарда сөз сөйлеп, Кіші Аралды сақтау мақсатында Сырдария өзенін реттеу туралы мәселе қойған. Көп жылғы ұсыныс нәтижесін беріп, биыл Сырдария өзенінің Қызылжар бетіндегі құлау қаупі бар жарына тастан қорған салынды.
Ауыл маңындағы «Қаракөл», «Алаша» көлдерін мойнына алған кәсіпкер оларға үнемі күтім жасап келеді. Жыл сайын көл жағасын қоқыстардан тазартуға ауыл тұрғындарын өз қаражатымен жұмылдырып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Жақында ғана ол екі-үш жұмысшысын ертіп, суы таяз «Алаша» көлінде балықтардың оттегімен тыныстауы үшін мұз үстінде ойықтар ойып қайтты.
Ауылдастарының құрметіне бөленген кәсіпкер жігіт Әділжан Әбдіковтың көп жылғы еңбегі босқа кетпеді. Еңбектің құрметіне бөленген Әділжанның есімі Қазақстанның "Алтын кітабына" жазылды.
Бүгінде дайын өнімді бір жерден алып, екіншісіне көтеріңкі бағамен өткізетін кәсіпкерлер көптеп кездеседі. Ал Әділжан Әбдіков сияқты үлкен еңбекпен келетін өнімді өндіру сол арқылы ата кәсіпті жалғастыратын кәсіпкерлер санаулы ғана. Келер ұрпаққа үлгі боларлық істері бар Әділжанның көпшілікке ұнайтын мінезі – айтар ойын бүкпесіз ашық айтып, әділдік жағында жүретіндігі. Жалтақтамай турасын айту әке тәрбиесінен қалған із. Кәсіпкерлікке де керегі – осы. Тура жолдан тайдырмайтын турашылдығы Әділжанды әлі талай белестерге жетелейтіні анық.
Ел қазынасын молайтып, туған жерін түлетем деп жүрген кәсіпкер жігіт Әділжан Әбдіковке біз де оң тілегімізді білдірдік.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені