Адал еңбекпен абыройы артқан
Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ. Рас, ол ешкімнің ақысын жеп, ала жібін аттаған емес. Ұрпағына да сондай қасиетті сіңірді. Талай белестен өтті. Өмірдің тәттісін де, кермегін де татты. Жоққа болысты. Сүрінгенді сүйеді. Бүгін ел танитын, құрмет тұтатын азаматқа айналды. Біз кәсіпкер Жансерік Ұзақов туралы айтып отырмыз. Бүгінгі мақаламыз да осы азаматтың өмір жолына бағытталмақ.
Жансерік Ұзақов – кәсіпкерлік саласында ғана емес, ауданның даму жолында да айшықты бейнесін қалыптастырған жандардың бірі. Ол 1961 жылы Арал ауданында қарапайым отбасында өмірге келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзінің жан-жақтылығымен танылған шәкірт ұстаздарының назарына ілікті. Жастар кеңесінің мүшесі болады. 1979 жылы қаладағы №14 орта мектепті бітірген соң, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты. Бір жылға жуық уақыт №64 мектепте жастармен жұмыс жасап, оларды қоғамдық жұмыстарға баулыған.
Ердің даңқын еңбек шығарады
– Ол кезде қазіргідей жоғары оқу орнына бірден түсіп кету сирек кездесетін еді. 1980 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. 1984 жылы оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Оқуды бітіріп келген соң Арал ұн тарту мекемесіне есепші болып жұмысқа тұрдым. Бұдан соң қызмет жолым сабақтасып кетті. Нан шығаратын зауытта аға есепші болып жұмыс істедім. Бірде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өмірзақ Айтжановпен кездесіп қалдым. Ол кісі мені оқушы кезімнен жақсы танитын еді. Сөйлесе келе мені жұмысқа шақырды. Осылайша аудандық комсомол комитетіне нұсқаушы болып жұмысқа орналастым. Ауданның жастарымен жұмыс істедім. Сонан кейін қызметім өсіп, ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары болдым. Кейіннен Арал аудандық балықшылар тұтыну одағына кадр басшысының орынбасары болып қызметке келдім. Осы еңбек еткен жылдарымда мен ізгі жанды басшылардан өнеге алдым. Олар Өмірзақ Айтжанов, Тілес Бохаев ағаларым еді. Өмірзақ аға өте мәдениетті, сауатты, жұмысты үйлестіре білетін іскер жан еді. Ал Тілес ағамыз жұмысқа адал берілген адам. Өте шыншыл болды. Таза жұмыс жасағанды жақсы көретін. Осы кісілерден тәрбие алдым. Бұл жандардың алған өнегем кейін өзімнің басшылық қызметімде қолданып, жетістікке жеттім, – деді ол.
Тоқырау жылдары басталып, халық басынан ауыртпашылық жылдарын өткеріп жатқанда Жансерік Ұзақов елге болысты. Еңбекақысыз қызмет еткен кездері де болды. Ал ел егемендік алып, еңсе тіктеген шақта барлық сала жаңа бетбұрыс жасады. Сол кезде аудан әкімдігінің экономика бөлімінің бас маманы болып қызмет жасайды. Осыдан соң көп қызметті өткеріп, әр салада өзінің іскерлігін дәлелдей бірген қызметкерге аудандағы тоқырау құрсауынан шыға алмай жатқан өнер мектебінің басшысы болу тапсырылады.
– Бұл кезде өнер мектебінің халі тым мүшкіл еді. Қызметкерлері көптен айлық алмаған, ғимарат азып-тозған. Өзіме үлкен жауапкершілік жүктегенін сездім. Сөйттім де, іске кірісіп кеттім. Ең алдымен, кабинеттерді ретке келтіру керек болды. Қызметкерлермен бірлесіп демалыс күндерге жөндеу жүргіздік. Ішін жылытып, жайлы етіп қойдық. Мұнан соң біртіндеп келетін оқушылардың қатары 20-дан 120-ға дейін көбейді. Бірақ мен бұл жұмысты ұзақ жасай алмадым. Себебі менің дипломым мектеп басқаруға сәйкес келмейтін еді.
Кәсіптен тапқан нәсіп
Өнер мектебінің басшылық кызметінен кеткен соң, Жансерік Ұзақов кәсіпкерлікке ден қойды. «БатырТұран-Транс» ЖШС құрып, мұнай, газ құбырларын жүргізуге үлес қосты. 2014 жылы Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосқаны үшін берілетін «Еңбек жұлдызы» орденімен марапатталады. Одан бөлек, табанды еңбегі үшін бірнеше мәрте төсбелгі тақты.– Өзіңіз жақсы білесіз, біздің аудан күре жолдың бойында орналасқан. Осы жол бойында бір кездері жолаушылар тамақтанатын асхана сирек кездесетін. Содан алғаш Арал қаласына кіреберіс тұстағы өткелдің бойынан тамақтану орнын аштық. Бұл отбасылық кәсібіміз еді. Мұның бәрінде марқұм әйелім Мариям үйлестіріп жүргізді. Кейіннен ел экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсара түскен шақта кәсіпкерлік нысанды заман талабына сай кеңейту керек болды. Осыдан кейін «Шымкент комплекс» сервистік қызмет көрсету орталығын аштық. Қазіргі таңда мұнда 30 адам жұмыс істейді, – деген кәсіпкер өзінің кәсіп ашудағы тәжірибесімен бөлісті.
Әрине қай салада болмасын бәсекелестік орнаса, даму байқалады. «Шымкент» сервистік орталығында жолаушыларға қажеттінің бәрі қамтылған. Көлік жөндеу орны, май құю бекеті, тамақтанатын асхана, жатын орындар, тіпті намазхана мен жуынуға да жағдай жасалған. Кәсіпкердің сөзінше, аспаздар арнайы мамандығы бар, сырттан келген жандар. Ал қалған қызметкерлердің бәрі жергілікті жердің тұрғындары екен.
Бір өкініш, бір жұбаныш
Жансерік Ұзақовтың бүгінгі жеткен жетістіктерінің бәрінің басында әркез қолдау көрсетіп отырған өмірлік жолдасы Мариям болды. Бір өкініштісі, 37 жыл оттасқан жарынан осыдан тура бір жыл бұрын қапыда ажырап қалған ағамыздың жүрек жарасы әлі де жазылмаған.
– Мариям менің өміріме нұр болып келген жан еді. Ол жанымда болғанда, көңілім тыныш болды. Бірақ тағдырдың осы бір сынағы мені бір сәт есеңгіретіп тастады. Оның қазасынан кейін мен өзімді жоғалтып алдым. Қазір тура бір жыл өтті. Бірақ мен әлі күнге оның мәңгілікке кеткеніне көндіге алмай жүрмін. Ол менің қолдаушым болды. Қазіргі жеткен жетістіктеріміздің бәрінде Мариямның еңбегі көп. Ол өзінің ерекше талғамымен кез келген нәрсені жайнатып жіберетін. Жүрегі жомарт еді. Бәріне көмектесіп отыратын. Не қажет екендігін айтқызбай түсінетін. Бір өкінішім, жан жарымның өмірден ерте кеткені. Шынымды айтсам, қанатым қайырылып қалғандай болды, – деген Жансерік Ұзақов жүрек түкпіріндегі сырымен бөлісті.
Олар жарасымды жанұя болды. Өмірге 3 перзент әкеліп, бәрін де азамат етіп өсірді. "Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен мың жасайды" демекші, бүгінде балалары үмітін ақтаған. Бәрі де отбасын құрып, өздерінің кәсіптерін дамытып отыр.
– Біз балаларды алдымен адалдыққа үйреттік. Онан соң еңбекқорлыққа баулыдық. Олар кішкентай күнінен Мариям екеуміздің қалай еңбектеніп, нан тапқанымызды көріп өсті. Негізі, баланың ең бірінші үлгі алатын адамы ол – ата-анасы. Жаман өнеге көрсеткен жоқпыз деп ойлаймын. Қазір балаларым – қанатым. Бәрі де бізге жаман атын келтірмей, өздерінің еңбек жолдарын қалыптастырып отыр. Үлкен ұлым Батыржан аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Өзінің жеке кәсібі бар. Онан соң кіші ұлым Батырхан ол сервистік қызмет көрсету орнының жұмысын жүргізіп отыр. Атырау қаласында тұратын қызым Әйкерім де жеке кәсіпкер. Қазір үш баладан өрбіген 7 немеренің атасы болып отырмын, – деді.
Қайырымдылық – ізгі қасиет
Кәсіпкер отбасы қайырымды істен де алшақ емес. Бірақ онысын көпке жариялап жатпайды. Кешегі карантин кезінде біршама отбасын өз қамқорлығына алған. Одан бөлек, аудан спортшыларына да қаржылық жағынан демеушілік жасап отырады. Футболға құмар аудан жастарынан құралған өздерінің командалары да бар. Бұл команданың да барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Қайырымдылықпен айналысатын қорларға да тұрақты түрде қаражат бөліп отырады. Және жақында ғана медресенің құрылысына да үлес қосқан.
– Бар болып тұрса, мұқтаж жанға болысқанға не жетсін! Біз де қайырымды істі тұрақты жасауды әдетке айналдырғанбыз. Көбіне балаларым ел арасынан естіген көмекке зәру адамдарды тауып, соларға көмектесіп жатады. Кейде өздері қоңырау шалып, көмек сұрайды. Мұндайда ешқашан бас тартып көрген емеспіз. Бұл – әрбір азаматтың парызы, – деді Жансерік Ұзақов.
Талай жылдарға шегініс жасап, өткенін салмақтап, бүгінгі күнді бағамдап, болашақтан тек жақсылық күткен Жансерік Ұзақов бүгінгі жеткен жетістіктерінің бәрін таразылады. Адам баласы адамгершілік, жомарттық, табандылық сынды ізгі қасиеттерден айнымайтын болса, өмірі нұрлы болмақ. Ол барлық салада өзін сынап көрді. Талай адаммен жүздесті. Бірімен шын дос болды. Досы қасқа айналды. Адамдардың алауыздығын да көрді. Десе де мойыған жоқ. Алға қойған мақсатына жету жолында ең жақын жандары қолдау көрсетті. Сұхбат барысында ішкі ойын бүкпесіз айтқан жан шынайы келбетін анық аңғартты.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ