Ел қорғаған ер
Екінші дүниежүзілік соғыстан қанша алыстасақ та, қанды қырғынның адамзатқа әкелген қасіретінің ізі әлі сайрап жатыр. Ұрпақтардың жадынан ұмытылмайтыны белгілі. Қай шаңыраққа кірсек те, кілемді төрінде пилоткалы жап-жас солдаттың суреті тұрады. Сұрай келсең, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, неміс фашизмін жоюға қатысқан аталары болып шығады. Майдангер атаға деген құрмет, тағзым мол. Әсіресе, мамыр айы туғанда, арыстарды тағы бір мәрте еске алып, естеліктерге жол беріледі. Жақында белгілі журналист, өлкетанушы Аманкелді Өткелбаевтың шаңырағына барғанымызда, төргі жардағы үлкен суретке көзіміз түсті. Екі иығына екі кісі мінгендей кең иықты, қақпақ жауырынды, дөңгелек жүзді, ақ сары өңді, жылы шырайлы кісінің жауынгер киіміне қарап, Әлекеңнің әкесі болар деп болжадық. Айтқандай-ақ солай екен. Сұрастыра бастап ек, журналист аға бір бума құжаттар мен суреттерді алдыға жайып салды. Өткен жылдар сарғайтқан қағаздардан соғыс ардагері Жаңбыр Өткелбаевтың ғұмырбаянын шолып шыққандай болдық.
Жаңбыр ата 1910 жылы Ақирек ауылдық кеңесіне қарасты Құмбазар ауылында дүниеге келген екен. Мәстат бастауыш мектебін бітірген соң, әрі қарай оқуына мүмкіндік болмаған. Елдегі ашаршылық шаруа жанұяларға ауыр соққы боп тиген.
Он тоғыз жасында "Орджоникидзе" ұжымшарына мүше боп кіреді. Еті тірі жігіт қоғам жұмысына белсене қатыса бастайды. Талабы алға сүйреп, Қазалы станциясындағы темір жолға жұмысқа орналасады. Алғашында аға кондуктор, одан соң бас кондуктор қызметін жақсы атқарады.
Кеңес Одағына тұтқиылдан неміс басқыншылары соғыс ашқанда, Жаңбырдың кеудесіндегі көп арманының жібін шорт үзгендей болады. Ол 1942 жылы қараша айында миллиондардың бірі болып майданға аттанады.
Ашхабад қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Содан соң 1943 жылы тамызда Смоленск бағытындағы қорғаныстан бір-ақ шығады. Ауыр шайқастардың бел ортасында болған бөлімімен бірге Қырымды немістерден азат етуге қатысады. Осы соғыста Жаңбырдың батальоны немістің бір дивизиясына шабуылдап жойып жібереді.
Жауынгер Ж.Өткелбаевтың жеңісті жолы жалғаса түсті. Севастопольді жаудан босатуға қатысады.
1944 жылдың наурызында Қырымда 71 румын солдатын он бір қызыл әскер қолға түсіріп айдап әкеледі. Сол он бірдің бірі Жаңбыр болатын. Осылайша ол талай-талай ерлікке толы шайқастардың куәсі болды. І Прибалтика майданының жауынгері Жаңбыр Өткелбаев Латвия, Литва жерлерінен жауды ығыстыруға қатысты.
Рига қаласына 80 шақырым қалғанда Жаңбырдың құрамы үлкен бір деревняны босатып, тас жол бойына бекінген. Ол №1 пулеметтің атқышы болатын. Таң азанда жол бойымен келе жатқан машина көрінді. Мұны өзгелерден бұрын көзі шалған Жаңбыр сол бойда-ақ жеңіл машинаны бораған оқтың астына алады. Сасқан немістердің бір офицері мен солдаты жанын сауғалап қол көтеріп берілген. Оларды дереу штабқа жеткізіп, майданға қатысты құнды мәліметтер алынады.
Келесі бір ұрыста Жаңбыр сол аяғынан жаралы болады. Төрт ай госпитальда жатып, қайтадан майданға баруға тілек етеді. Ол осы бетімен Венгрияның бір қаласындағы немістің танк зауытын алу ұрысына қатысып, ауыр жараланады. Бұл Жеңістің жақындаған уақыты болатын.
Үш жыл бойы қан қасап соғысты басынан өткерген Жаңбыр Өткелбаев елге оралған соң, бұрынғы өзінің жұмысына орналасады. Сульфат темір жолында 1950 жылға дейін кезекші болып істейді. Кейін вагон қараушы, вагон құрастырушы, ал 1962 жылдан Аралтұз және Аралдағы 1-ші шақырымда ДСП темір жол тармағында кезекші болып, абыроймен зейнетке шығады.
Ұлы Отан соғысының қатысушысы Жаңбыр Өткелбаев майдандағы ерліктері үшін ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденін және бірнеше медальді кеудесіне таққан. Кейін ардагер ретінде "Германияны жеңгені үшін" медалімен, ІІ дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" орденімен марапатталды.
Соғыстан кейін Жаңбыр ата жұбайы Зиба Серекешқызымен шаңырақ көтеріп, 8 бала өсіріп, үлкен әулеттің іргетасын қалады. Бүгінде дүниеден өтіп кетсе де, жеңімпаз жауынгердің суреті әрқайсысының төрінде ілулі тұр. Ұрпақтары баба ерлігін мақтаныш етеді. Қан майданда ерлерше арпалысып, азаттық жолында қан төккен баба есімін туған қаланың бір көшесінен көргісі келеді.
Ерғали АБДУЛЛА
Арал қаласы