Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата рухымен сырласу

Ата рухымен сырласу

Жеңіс күні біздің отбасымыз үшін тағылымы мол, ерекше мейрам. Себебі менің атам – Әби Прекешовтің  Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен жеңісі үшін күрескен күнін тойлайтын күн.Иә, сұрапыл Ұлы Отан соғысына қатысып, еліне Жеңіс туын желбіретіп оралған, сөйтіп ел-жұртының қуанышы мен қайғысын қатар көтере жүріп, болашақ ұрпақты оқытып, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу жолына арнаған атамыз Әби Прекешовтің ерлігі мен еңбегі алдында мәңгілік қарыздар екенімізді ұмытпау –  перзенттік парызымыз.
Әби Прекешов 1923 жылы «10 ауыл» деп аталатын Бөген ауылына қарасты «Қосуақ» елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылы Қосуақтағы Нұржан ишан ата мешіті (1922 жылы ол кісі қайтыс болған кезде) «Кеңес» мектебі болып сонда дәріс алған. Алғашқы мұғалімдері – Елекбаев, Әбиболла Исаев, Нұраддин Сисекешов, Қылышбай Көмекбаев дәріс берді. 1939-1940 оқу жылдары жетіжылдық Бөген мектебінің ең алғашқы түлектері атанды. Сол жылдары дәріс берген оқытушылары Смағұл Құдайбергенов, Төлеш Дәрменов, Жеткерген Қанатбаев, Алданазар Баймағамбетов, Құлекен Шамқұлов, Зоя Владимирқызы Ким, Гут Шмид болды.
1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылады. Атам әңгімесінде: «1942 жылы біз небәрі 18 жаста едік. Арал әскери комиссариатынан ауылдас қатар құрдастарым, барлығы 200-ден астам жауынгерлер болып, эшелонмен тартып кеттік. Дуботкада атқыштар полкінде әскери дайындықтан өттік»,– деген еді.
Атамыз қалмақ даласындағы соғысқа түсіп, одан соң Украина, Белоруссия, Венгрия, Польша және  Германияны азат етуге қатысқан. Фашист басқыншыларымен болған сол қанды жорықтарда «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдармен наградталады.
Атам өте қарапайым, әңгімешіл адам болатын. Күлімсіреп, әңгімесін бастап кеткен сәтте-ақ таусылмаса екен деп тамсанып  тыңдаушы едім.
Бір әңгімесінде  «Иә, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, бізден құрбан болған жауынгерлердің саны 12 миллион адамға таяу, ал қаза тапқандардың  13,7 миллионы бейбіт тұрғындар болатын. Мына деректерге назар аударатын болсақ, себебі әлі күнге өлгендердің есебін толық ала алмай жатырмыз. Бір ғана мысал, соғыс тарихында Днепр өзенінің оң жағалауында тас қамал болып бекінген жаудың көзін жою үшін қаншама уақыт кеткенін білесіздер. Міне, сондай шабуылда күн сайын біздің 27 мың 300 сарбаз құрбан болып отырған. Алайда 1943 жылдан бастап фашистер көп қырыла бастады. 1923 жылы туған біздің жауынгерлердің 3 пайызы ғана соғыстан аман-есен елге оралған. Міне, соғыс зардабы осындай қайғы-қасірет әкелді»,–  деген еді атам күрсініп.
Атам  соғыс даласынан 1947 жылы елге оралған соң, Қызылорда педагогикалық училищесін бітірді, содан балаларға дәріс бере жүріп, Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» факультетін бітіріп, қырық жыл қатарынан ұстаздық қызмет атқарды.
Сабақ бере жүріп, мектеп кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Сол кездегі өзімен иықтасып, қатар еңбек еткен мұғалімдер – Магиануар Загидуллина, Әлимұрат Нұрекешов, Жалғас Құрманов, Тағыберген Өтепов, Ысқақ Есжанов, Ырысалды Өксікбаева, Мәриямкүл Сағынтаева, Қапи Сәңкібаев, Сейділдә Ысқақов, Қожағазы Нұралиев, Тілеужан Жәнелов, Әділхан  Әбдікәрімов, Тастыбай Әбдиев, ал шәкірттері – Салмырза Ешниязов, Света Шекеева, Алмагүл Үмбетова, Айгүл Сермаханова, Рахила Байниязова, Қазына Боранбаева, Бақыт Жолдасбаевтар үздіктер қатарында болды. Ұстаздарын «Өте байсалды, ұқыпты, өз ісінің шебері еді»,– деп әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүреді.
 Атам достықты қатты қадірлейтін жан. Достар бір-бірін сатпау керек деп үнемі айтып отыратын. Мына бір әңгімесін естуден жалықпайтынмын. Соғыс кезінде Сашка (Александр) атты жолдасы болған. Екеуі өте жақсы дос болыпты. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін бір-бірінен көз жазып қалады, содан атам досын іздеу «операциясын» бастайды. Ақыры карталарды қарап отырып, Тамбовь деген жердің Котовский қаласынан досын тауып алады. 1972 жылы тұңғышы Гүлжан мен ұлы Нұрланды ертіп досын іздеп барғанын, оншақты күн орыс жерін армансыз аралап қайтқанын қуанып айтып отыратын. Досының жұбайы Аняның дәмді тамағын, қонқонақжайлығын, досының ақкөңілділігін мақтап отыратын. Сол кездері атамның ауылдастары саяхаттың бос әурешілігін айтып, барма дегендері де болыпты, бірақ досына деген сағыныш атамды орыс жеріне апарған екен. Көп жылдар бойы досы дәмді тосаптарын посылкамен салып тұрса, атамыз теңіздің балығын кептіріп, Ресейге қарай жіберіп отырыпты.
Міне, осы әңгімені естіген кезде еліміздегі ұлттар жарасымдығы, достығы ерте кезде-ақ атам отбасынан бастау алған екен ғой деп ойлап қоямын.
Үлкен қызы Гүлжан тәтеміз әлі күнге дейін орыс достарымен хат алысып отырғанын, алғашқы балмұздақтың дәмінің ерекшелігін, сыйлыққа әперген жасыл көйлек пен босоношканы ұзақ жылдар кигенін ерекше мақтанышпен еске алып отырады. Ол кезде небәрі 7 класта оқитын жас қыз үшін бұл саяхат ертегі іспетті еді.
Соғыс зардабы алыстаған сайын, сол қиын кезеңнің зардабын шеккен ардагерлеріміз де бұл өмірде жоқ. Мектеп ұжымы жыл сайын мереке қарсаңында  соғыс ардагерлерінің отбасына құттықтау хаттар жіберіп, жауынгерлер  ұрпағына амандық тілеп отырады.
9 мамыр күні әрбір соғыс ардагерінің ұрпағы мектеп оқушыларымен кездесіп, өздерінің әкелері, аталары туралы көрген, естіген естеліктерімен бөліседі. Мектебіміздің ұзақ жылдар басшысы болып жұмыс жасаған Әділхан Әбдікәрімов ағайымыз атам туралы, әріптес соғыс ардагерлері жайлы жыл сайын Жеңіс күні  шәкірттерге әңгімелеп беруден жалыққан емес. -«Мен жұмыс жасаған кезде ұжымда үш соғыс ардагері болатын. Олар: Жұмағұлов Садық, Прекешов Әби, Нұрекешов Әлимұрат еді. Ол кісілерге ұжым болып зор ықылас танытатынбыз. Ұжымымыздың үлкені Әби ағай болды. Біз ол кісілердің соғыс жылдарындағы естеліктерін тыңдауға құмартатынбыз, олар да өздерінің басынан өткен оқиғаларын әдемілеп жеткізетін. Сол әңгімеден кейін, тіпті ол кісілерді жақсы көріп, құрметімізді аямайтынбыз. Арамыз өте алшақ болса да, мені іздеріне ертіп жүретін. Әрбір істерін өзіме үлгі, ту ететінмін. Әсіресе Әби ағай әңгіме айтқанда ұйып тыңдайтынбыз. Мен ғана емес, ауыл болып тыңдаушы едік. Ортаға әңгіме айта білетін, сөзі тұрақты, ел үлгі аларлық жан болатын»,– деп аяқтайтын әңгімесін.
Иә, сондай әкенің немересі Ерхан Әбиев те атасы туралы көп естіп өсті. Әсіресе ол үшін 9 мамырдың орны ерекше болатын. Өйткені сол күні атасы туралы жақсы сөздерді көп еститін, онан сайын достарының алдында беделі өсіп қалатын. Өзі де мектебіміздің үлгілі оқушысы ретінде құрмет тақтасында тұрады. Биыл атасы туралы «Менің атам – майдангер» тақырыбында жазған шығармасы ауданда және  облыста өткен эсселер байқауында бірінші орынға ие болып, аудандық «Толқын» газетінде жарық көрді.
Жыл сайын Жеңіс күнін мектеп оқушылары тағатсыздана күтеді. Олар мереке қарсаңында ауылымыздың ортасында бой көтерген «Боздақтар» ескерткішіне барып, қарауылдық күзетте тұрады, жанына ағаш егіп, үнемі қамқорлық жасап отырады. Сол күндері мектеп залында соғыс ардагерлеріне арналып дайындалған слайдтар көрсетіледі, оқушылар Жеңіс сарбаздарына өлең шумақтарын арнап, альбомдар жасап, құрмет көрсетеді. Кеш соңы жылда  мектебіміздің ардагер ұстазы, ақын, сазгер Тастыбай Әбдиев ағайымыздың «Болмасын соғыс!» әнімен қорытындыланып отырылады. Мектеп шәкірттері әрбір игі іс-шараларды  өздерінің азаматтық борышы санайды, ерліктерін ұмытпайды.
Иә, мен де «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбында жабдықталған мектебіміздегі ардагерлер тақтасының жанынан өтіп бара жатып, атамның бейнесіне, Жеңіс сарбаздарына құрметпен бас иіп өтуді өзіме зор бақыт санаймын.
Шаттық Батаманова,
З. Шүкіров атындағы №20 орта мектебінің  қосымша білім беру педагогі
28 сәуір 2020 ж. 974 0