Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жиырма бір фашисті жайратқан ер Құтыш

Жиырма бір фашисті жайратқан ер Құтыш

Екінші дүниежүзілік соғыс зеңбіріктерінің жер бетін күңгірлеткен үніннің тынғанына 80 жылға қарап барады. Өткен уақыт – тарихтың еншісі, тән мен жанның емшісі. Сол соғыста жан бауырларынан, балаларынан айырылып қаншама ана зар жылап, сұм соғысқа қарғыс айтып, кейінгі өмірлері қайғымен көмкеріліп өтті. Аласапыран соғыста көп жауынгердің мүрдесі қайда қалғанын білмей хат-хабарсыз, бір дерексіз замандар да болған. Алайда Отан үшін жасалған ұлы ерлік көмескі тартудың орнына қасқая жауға қарсы тұрған батырларымыз жайлы айғақтар кейінгі жылдары қайта-қайта ашылуда. Хабарсыз кеткендердің ізі табылып, қаза тапқан жауынгерлердің жерленген жерлері де белгілі болып жатыр. Соның ішінде біздің халқымыздың дара қасиеті – өздерінің ата-бабаларының Ұлы Отан соғысындағы қайтпас ерліктерін асқақтата көтеріп, ардақтап, үнемі еске алып отырады. "Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран" деген сөз әр қазақтың көкірегінде жазулы тұр. Белгісіздеу болып қалған батырларды түрлі сайттардан тауып жатқан жайлар бар. Иә, фашизмге қарсы қан майданда мерт болған бірде-бір батырымыздың есімі ұмытылмауы керек. Соғыста арысын жоғалтқан Әтеновтер әулетінің де жалғыз дерегі 1999 жылы шыққан "Боздақтар" кітабы еді. Онда әулеттің осы бір аяулысының сұрапыл ұрыста хабарсыз кеткендігі айтылған-тұғын.
Міне, ақтаңдақтар ашыла бастады. Әтеновтер әулетінің өлгені тіріліп, сөнгені жанды дейтіндей бір қуанышы бар. Әскери архивтерден табылған арыстарының деректері бүкіл туған-туысқанының төбесін көкке жеткізіп отыр.
Бұл туралы бізге хабар жеткізген Денсаулық саласының ардагері Тілектес Сұлтанов ағамыз батыр жерлесіміз туралы деректермен бөліскен әңгімесін әріден бастады.
– Сонау балалық шақтағы бір оқиға есіме түседі, – деп әңгімесін бастады Тілек аға: – Нағашы әжем Зыбайдың егде тартқан кезі еді. Сол кісі үйдегілердің біреуінің атын атап шақырғысы келгенде есіне түсіре алмай: "Әй, Құтышжан, Балқоңыржан, Моншақжан, Мұратжан..." деп бірнеше балалары¬ның атын үзіп-үзіп айтып барып тоқтайтын. Бала болсам да өз нағашыларымның аттарын жақсы білемін. Ал Құтыш деген есімді есітпегендіктен, әжеме жақындап:
– Әже, Құтыш дедіңіз. Ол кім? Бұл үйде ондай адам жоқ қой, – деймін.
Зыбай әжем біртүрлі болып тұнжыраңқырап, қабағына кіреуке мұң ұялап қалды. Сосын маған бірдеңе айтқысы келгендей мейірлене қарады да:
– Ой, айналайын! Бәрін ескеріп отырғаның дұрыс! Құтышжаным тұла бойы тұңғышым еді. Қарғыс атқыр қу соғыс қандай қарғамды қыршынынан қиды ғой. Қайтейін?! Ақ сүтімді кештім. Қара жерге өкпем жоқ. Ақ арулап жер қойнына бере алмадым. Қай жерде сүйегі қалғанын да білмеймін. Соғыс болмағанда Құтыш нағашың таудай болып, бәріңнің алдыңда дәу көке болып жүрер еді-ау... – деп ауыр-ауыр тереңнен күрсінді.
Бұл әңгіме ес жиып, етек жауып ержеткен кезімізде де естен кетпеді. Құтыш нағашымды сұрастырып, біраз жерге сұрау сал¬дық. Мәскеудегі, Подольскідегі орталық әскери архивтерге хат жаздық та... Алматыда тұратын қызым Айқоңыр сайттан ақыры деректің ізін тапты...
Әңгімесін үзген Тілектес ағаның қолындағы бір бума қағазға назар аудардық.
Ауданымыздың №5 Мергенсай ауылындағы "Бірлестік" ауылдық кеңесінде тұратын қарт балықшы Қосмамбетов Әтен мен Зыбайдың шаңырағында 1923 жылы тұңғыштары Құтыш дүниеге келген. Теңіз толқындары сабалаған "Үшшоқы" тауының бауырайында өскен еті тірі, елгезек бала осындағы бастауыш мектептен білім алып, сол замандағы алдыңғы қатарлы ұйым - комсомолға өткен. Бозбала шағынан әке жанына еріп, оның кәсібін жалғастырып, көк теңіздің тереңінен су маржанын сүзген. Балық кол¬хозының балықшысы атанып, бейбіт күннің базарын енді базарлап жүрген шағында 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына қасіретті күндер туды. Алақандай қағазды қолына ұстаған жас жігіттер бірінен соң бірі кемеге мініп, Арал аудандық әскери комиссариатына жетіп, от пен оқ төккен соғыстың ортасына барып бір-ақ түсіп жатты. Елдегілер еңбегін екі еселеп, өздері асымдық қана балық алып қалып, ауға түскеннің бәрін тоқ¬татпастан майдандағы солдаттарға азық етуге толассыз жіберіп жатты.
"Бірлестік" колхозының балықшысы Құтыш Әтеновке 1942 жылдың жаз айында шақыру қағазы келді. Туған жер, туған ортамен қоштасу басталды. Колхоз төрағасы Әбжан Жантекеев бастаған ел ағалары "Аман барып, сау қайт" деп жақсы тілектері мен батасын беріп, аттандырып салды.
Әрине, түкпірдегі ауылда қалғандар қызыл әскер жауынгері Құтыш Әтеновтің сол жылы-ақ ажал сепкен майдан даласындағы сұрапыл соғыстарға араласып кеткенін білмеді. Қолына қару ұстаған теңіз ұлының ерліктерін арада ондаған жылдар салып "Память народа" сайты арқылы берілген архив деректерінен біліп отыр. 1943 жылдың 11-13 тамыз аралығында Брянск майданының 323-атқыштар дивизиясының 1088-полкінің жаужүрек атқышы Құтыш Әтенұлының асқан батырлығы бағаланып "Ерлігі үшін" медалімен наградталыпты. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 14 тамыздағы №018/Н бұйрығымен 1-атқыштар батальоны 2-атқыштар ротасының жауынгері Құтыш Орлов облысының Семеновка деревнясы үшін болған соғыста жаудың қайтара соққан шабуылының бетін қайтарып, 21 неміс солдатының көзін жойғаны үшін лайықты марапатталыпты. Бұл туралы "Жауды жоюға" майдандық газетінде де жазылған.
Ердің ерен ерлігі осылайша сәтін салып ұрпақтарына жетіп отыр. Құтыш Әтенов жауды тықсырған Брянск майданының құрамында кескілескен шайқастарды басынан өткізіп жатты. Бұл майданды 1942-1943 жылдары генерал-полковниктер К.К.Рокосовский, М.М.Попов сияқты осы соғыс тарихындағы аса дарынды қолбасшылар басқарды. Кейін К.К.Рокосовский бұл алапат соғыстың осы бір кезі туралы өзінің «Жауынгерлер парызы» мемуарында жан-жақты жазған-тын. Сол қанаттағы Воронеж майданының бөлімдерінің атақты «танкілер шайқасы» арқылы Курск қаласын алуына атсалысыпты. Бірнеше ай бойы үздіксіз күні-түні болған үлкен қырғындар қызыл әскер армиясының қуат-күшін біршама сарықты.
Алайда 1943 жылдың жазында басты күштердің 3, 63 армиялары ірі шабуылға көшті. Елдің елдігі, ердің ерлігі қиын-қыстау шақта көрінеді ғой. 5-танк армиясының басшысы генерал Лизюков танкистердің рухын көтеру үшін өзі де танкіге отырып шайқасқа кіріп, ерлікпен қайтыс болған. Жаудың мықты қорғаныстары бірте-бірте сөгіліп, Қызыл Армия алдыға жеті шақырым жылжыды. Екі жақты танктер шайқасы басталып, осы текетіресте неміс фашистері кейін шегінуге мәжбүр болды.
18 тамыз күні Брянск майданы "Хаген" атты шепке жетіп, брянск-гомель бағытына дайындалды. Алдағы мақсат стратегиялық маңызы өте зор Десна өзеніне жетіп, Қызыл Армия бөлімдерінің ары қарай ілгерілеуіне жол ашу болатын.
Міне, екі жақтан да адам шығыны өте көп болған қанды соғыстардың бірі - орыс жеріндегі шағын ғана Газенков деревнясы тұсында болған. Бұл Карачев ауданының жері еді. Осы жер дүниені снарядтар мен бомбалар жаңыбырша жауып, сілкіндірген шайқаста айдынды Аралдың ержүрек перзенті, қатардағы жауынгер Құтыш Әтенов 18 тамыз күні гитлершілдермен ақтық демі біткенше шайқасып, ерлікпен қаза тапқан. Айтпақшы тарихқа үңілсек, Мәскеуде Қызыл алаңда жүздеген зеңбірік Брянск майданының осы жеңісі үшін соғыс тарихында алғаш рет 5 тамызда жеңіс салюті берілген.
Жерлесіміздің майдан жолындағы негізгі бөлігі әлі де құпиясын жасырып тұр. Алайда батыр жауынгердің бірге туған бауырларының жаңа буын ұрпақтары әлі де іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр десек те болады.
Жалындаған 20 жасында қанқұйлы неміс фашизміне қарсы төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысының көзсіз ерлікке толы ғаламат тарихының бір айқара бетіне өз есімін мәңгілікке алтын әріптермен жазып кеткен батыр жауынгер Құтыш Әтенов елден таңдап жар сүйіп үйленіп, үй болуға, еміреніп ұрпақ сүюге үлгермей кетсе де, туыс іні-қарындастары Балқоңыр, Ізбас, Моншақ, Мұрат, Марияштан тараған ұрпақтар қыршын кеткен соғыс құрбанына тағзым етіп еске алып, оның кір жуып, кіндік кескен туған жері Мергенсай ауылында лайықты бір белгі қойды.
Ерлік ешқашан ұмытылмасын міне тағы бір мәрте көріп, көз жеткізіп отырмыз. Қас батырлардың Отанын қорғау жолындағы ерлігі өскінші жас ұрпақтың бойына дарып, олардың отаншылдық сезімдерін әрқашан асқақтата берсін.

Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

28 мамыр 2021 ж. 550 0