Шабындыққа қыста су жайған
Әй, кәрілік-ай! «Көбелектің кәрісі жоқ6 кәріліктің дәрісі жоқ» деген осы-ау! Бопыраған қағаздарымның ішінен Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны, бүгіндері сексен сегіз жастағы Ажайып Сармановпен түскен суретім шыға келді. Арада төрт-бес жыл өтіп кеткен. Бірақ қариямен сұхбатым сақталыпты.
Алғашқы сұрағым:
– Сіздер қыс айларында шабындыққа су жібереді екенсіздер, соның мән-жайын баяндаңызшы?
– Енді қайтеміз? Дария суы жаз айларында төмен түсіп кетеді. Тіпті ақ дарияны жаяу кешіп өткен кезіміз де болды.
– Сіз механизато- тракторшысыз ба?
– Иә, трактор руліне ерте отырдым. Әкем Сарман Беркімбаев 1942 жылы 29-ында соғысқа аттанды. Алты айдан кейін «қара қағаз» келді. Рабиға анамыз төрт баламен 26-сында жесір қалды. Сол төртеуден қалған қазір жалғыз менмін. Әкемнен «қара қағаз» келгенде, он алты жаста едім. Анашым колхоз жұмысында. Мен техникалық училищеге түстім.
– Иә, ол бір зұлмат кез еді. Енді қарасы өшсін. Десе де тіріге тіршілік керек!
– Солай ағасы, солай. Әуелі Нұрқожа Жанназаровтың бригадасында еңбек еттім. Жер жырттық. Егістікке жер дайындадық. Механик те, қоймашы да болдым. Осылай өмір өтіп жатты. Ал шабындыққа су жаюды 1974 жылдың қыс айында бастадық. Бұрынғы шабындықтың жері қурап, Нұралық болып кеткен.
– Сонда қыстың қайсы айларында?
– Алғашқыда қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, яғни бес ай бойы дариядан су айдадық. Әбден шөліркеп, қаны кеуіп қалған ғой. Ол су канал арқылы барып, шабындыққа жайылады.
– Қыс айында, соншама көлемді аумаққа су жеткізу де оңай емес шығар?
– Қайдан оңай болсын? Жанымда Балымбетов Ерсайын есімді жігіт болды. «Алтай» насосы тәулік бойы дүңкілдеп тұрады. Үзіліс болмайды. Сәл тоқтаса, труба қатып қалады. Ара-арасында трубаның суатқа кірер тұсын жиырма минуттай паяльный лампамен қыздырып , мұзын жібітіп аламыз. Кейін наурыз, сәуір, мамыр айларында су жайдық. Әрине бұл кез жеңілдеу.
– Сол шабындықтан жазда қанша тонна шөп жиналды?
– Дәл дерегі архивтен табылар. Бірақ 4,5-5 мың тоннадан кем болған жоқ. Әсіресе, бұл жұмыс Н.Құлбаев пен Қ.Тілеуовтің директор кезінде кең өріс алды.
– Ал қазір ше? Қыс айларында насоспен шабындыққа су жаюға бола ма?
– Неге болмасын, – деді кейіпкерім күліп, ниет пен ықылас-ынта болса, бәрі де болады.
***
Ажайып пен Дәметкеннен жеті ұрпақ тараған екен. Жамиғасы –медбике, Ұлпаны мен Шолпаны, Мұратбегі мен Айманы – ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздар. Шолпаны – Оқу министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған қаладағы №83 мектептің тәжірибелі мұғалімі. Жолжаны –электрик, Перизаты – үй шаруасында. Демек өсіп-өнген бақуатты отбасы. Ұл-қыздарының тәуелсіз еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосқандарына ата-ананың марқайып отырған жайы бар.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері,
Жаңақұрылыс ауылы, Арал ауданы