Құландының құлагері
Жақында Абай атындағы орталық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын Сансызбай Құттыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған "Құландының құлагері" атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Кешке қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Садықбаев, Арал ауданының құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері Нәжмадин Мұсабаев, Қуанышбай Ердіхалықов, Арапхан Сұлтанов, Зияғаладин Өтенов пен ауданның әр саласына еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдері Зауалхан Ермаханов пен Шүкірбай Омаров және "Толқын" газетінің бас редакторы Абай Елешов қатысты.
Шара барысында танымал ақынның өмір жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, шығармаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Келген қонақтар Сансызбай Құттыбаевтың шығармаларының шұрайлы тілі, өзіндік жазу шеберлігі туралы өз пікірлерімен бөлісті, қаламгердің баға жетпес мол мұраларын оқуға шақырды.
Айта кетейік, көркемдік әлеміне шығармашылығымен сара жол салған Сансызбай Құттыбаев алғашқы шыға бастаған шежірелердің бірі «Алты ата Әлім» кітабының авторларының бірі. Кейін оның «Бұйрат», «Ақ шағыл», «Ұшан теңіз, ұлы құм», «Қырық жол» атты төрт өлеңдер кітабы және «Ой өрімдері» атты нақыл сөздер жинағы жарық көрген. 2008 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен шығармалары бір томдық болып жарыққа шықты. Ғылыми жұмыстарына байланысты 3 монографиясы, 16 ғылыми-зерттеу мақаласы жарыққа шыққан. Ақын еліміздің дамып, өркендеуіне, ел ынтымағының нығаюына көркем шығармашылығымен үлес қосқаны үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен, Петербургтағы халықаралық ғылым академиясының "Құрмет жұлдызы" орденімен марапатталған.
Құм мен теңіз құшқан жерде бір-бірін,
Мен туыппын ашқан жерде гүл бүрін, – деп жырлаған ақын Сансызбай Құттыбайұлының бауыры, аудандағы құрылыс саласының бақылаушысы, ардагер Қуантқан Аташбаев сөз алып:
– Ақын қайда жүрсе де өзінің түлеп ұшқан тұғыры – туып-өскен елін ұмытқан емес. Құландының Шығанағында 1947 жылдың 25 мамырында соғыс және еңбек ардагері Құттыбай Мұханбетиярұлы мен анасы Қойсын Аймағанбетқызының шаңырағында дүние есігін ашты. Оның сөз өнеріне бейімділігі бала жастан қалыптасты. Ол жастайынан жыр, әңгіме тыңдауға әуес болды. Бала Сансызбай алғашқы білім баспалдағын Құландыдағы жеті жылдық мектептен бастап, кейін Ақбастыдағы 11 жылдық мектептен тәмамдаған. Содан соң арман қуып Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1970 жылы инженер-механик, кейін 1991 жылы Өскемендегі жол-құрылыс институтынан инженер-экономист мамандығын иеленген. Ұшқан теңіз ұлы құмның баурайында кіндік кесіп, асау толқынмен тербетіліп, Беларанның ұшар шыңына өз арманымен қанаттанған ақынның әдеби ортадағы өз үні, дара жыры оның ерекше бітім-болмысын айқындай түсті. Құланы жүйткіген Құландының перзенті, тұтас қазаққа ортақ тұлға, – деді ол үлкен тебіреніспен.
"Баталардан көгергем" деп жырлаған ақын ғұмыр жолында әдебиеттің алыптары саналған әр тұлғаның батасымен көгерген, шабыттанған. "Сансызбай, бір кезде теңіз жағасын мекен еткен 19 үйдің бірінен сен, бірінен мен шыққан қара сирақ бала едік-ау. Мен қазір шал, сен сіңірі білектей ел көзінде жүрген, шіренсе шідер үзетін азамат жігітсің. Аман бол, жақсылығыңды өзің басқарып жүрген еліңе істе, ауысса туған жеріңе істе" деп қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов бата берген екен. Кезінде жерлесіміз, марқұм ақын Шөмішбай Сариев Сансызбай Құттыбаевқа «Қолтаңба» өлеңін де арнапты.
Арал, Арал – арым да сен, барым да,
Даңқыңменен дарын қостың дарынға.
Ардақтымсың, арын қостың арынға,
Таланттарды туғыза бер, тарылма, – деген ақын туған ауылын бір сәт те естен шығарған емес. Әрбір жырында туған өлкенің тіршілік-тынысын, табиғатын, жусанды шөбін, жүйткіген құланның ізін, теңізсіз қураған даланы, үлкен арманмен теңіз-ананың зарлы үнін өз жүрегімен жырлаған ақын еді.
Шара барысында ауданның құрметті азаматтары Әбілбай Садықбаев пен Нәжмадин Мұсабаев сөз алып:
– Рухани ортада ақын болып қалыптасқан Сансызбай Құттыбайұлы өз кәсіби еңбек жолында инженер-механик, инженер-экономист, яғни өзі тізгіндеген саланың белді маманы болды. Ол Халықаралық көлік академиясының академигі Петербургтағы Халықаралық ғылыми академияның корреспондент-мүшесі, ҚР Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арал ауданынның құрметті азаматы атанды. Қызмет бабында жаңа нарық экономикасын алға апару жолында мемлекетаралық меморандум, шарттар жасау мақсатында барлық алыс-жақын шетелдермен қоян-қолтық жұмыс жасай білді.
Ол сабырлы да салмақты, керек жерінде ой-пікірін шен-шекпеніне қарамай тіке, кім-кімге болса да ашық айта алатындығымен, досына деген тұрақтылығымен, кісілігімен, азаматтығымен ерекшеленді. Ізеттілігі, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы Сансызбай Құттыбаевтың шығармашылық жолындағы ұстанған мұраты, қағидасы болды. Ақын ақ сөйлеп, адал жүруді негізгі нысанасы етіп алған дара болмысты жан еді, – деп еске алып, шежіреге толы өмір жолына тоқталып өтті.
Мазмұнды да мағыналы кеш барысында ақынның жырларынан Аяжан Досанова, Ерсұлтан Бұрхан өлеңдер оқыса, белгілі әнші Самал Ділжанова әннен шашу шашты. Танымал жырау, қалалық мәдениет үйінің директоры Айна Тұяқова ақынның "Беларан" өлеңін нақышына келтіре тамылжыта орындап берді. Сонымен бірге кеште ақынның кенже баласы Саян да экран арқылы әкесі туралы жүрек елжіретер толғанысын ортаға салды.
Кеш соңында Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Әлішева адам жанының қыл тамырын шиырлатар мағыналы мақсат арқалаған жырлары қай кітабынан да айқын аңғарылып, оқырманның жан-дүниесін баурап, өлеңге деген ынтасын арттыратынын, өлеңдері оқырманын сыр бөлісуге негізделгенін атап өтті.
Ауылдың саумал ауасымен тыныстап, ақ шағыл құмдарының табына апталып өскен, өз мүддесінен гөрі ел мүддесін көбірек ойлайтын ақын Сансызбай Құттыбайұлының азаматтығы, халқының рухани байлығын көбейтуге жасаған еңбегі араға қаншама жыл сілемін салса да, алтын бағандай ел есінде қалады.
К. МАХСҰТ