Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шүкіршілік ету – имандылық белгісі

Шүкіршілік ету – имандылық белгісі

Біз осы бар нәрсені бағалап жүрміз бе? Қоғамда адамдардың көбісі іштей емес, тек сырттай ғана "бақытты" болып көрінетін тәрізді. Кейде еш нәрсеге көңіліміз толмай, ештеңені ұнатпай жүретін сәтіміз болады. Сабыр сақтап, шүкірлік етуді ұмытып кетеміз. Ашу-ызамызды жан-жағымыздан, жақындарымыздан, қала берді бауыр ет баламыздан аламыз. Әр нәрсенің жақсы жағы да, жаман жағы да болатыны белгілі. Жақсылықты көре біліп, сезінуіміз үшін ұдайы шүкіршілік еткен абзал.
Деніміз сау, аспанымыз ашық, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ, ішер  суымыз, дем алар ауамыз бар. Демек бізде қажеттінің бәрі бар, өзіміз соны байқамаймыз. Он екі мүшеміз түгел, ұйқымыз қанып тұрамыз, ал көптеген адамның ұйқыларын ауру қашырған... Біз тойып ішіп-жеп жатырмыз, қаншама адам ауру-сырқау болғандықтан ішіп-жей алмай жүр емес пе?! Құлағымыз естиді, көзіміз көреді. Ақыл-ойымыз бүтін, саналымыз. Сол ақылмен қаншама байлық-нығметтерге бөленіп жатырмыз. Біздің бойымызда не деген байлық бар, бірақ оны өзіміз сезбейміз.
Шүкіршілік ету – имандылық белгісі. Алла тағалаға шын ниетіңізбен, жүрекпен шүкіршілік айтсаңыз, көңіл-күйіңіз көтеріліп, өмірге көзқарасыңыз өзгереді. ''Егер шүкірлік етсеңдер, нығметімді арттыра беремін'' деген Алла сөзінің ақиқатына көз жеткізіп келеміз. Түсінген жанға бұл аяттың мағынасы тереңде жатыр. Өзіміздің сәтсіздікке ұшырауымызды өзгеден көріп, кінәлауға бейім тұрамыз. Бірақ мұның бәрі Алланың қалауымен болып жатқанын естен шығарып аламыз да, оған шүкірлік танытпаймыз. Әрбір сәт сайын бізге мейірім-махаббатын төгіп, қамқорлығын танытқан Аллаға қанша шүкір айтсақ та аздық етеді.
Шүкіршілік ету, әрбір нәрсеге разылық білдіру – терең мағыналы ұғым. Біз Аллаға күнделікті қаншалықты алғыс білдіреміз? Біз әрбір атқан таң сайын жаңа өмірдің жаңа парағы ашылғанына, таңертең тұрғанда жарық әлемді өз көзімізбен көріп, түннен аман-сау оянғанымызға, жаңа күннің нұрын көргенімізге, аяқ-қолымыздың жұмыс істеп, қозғалғандығына, ешкімге мұқтаж болмағандығымызға,  басымызда баспанамыздың болғанына, жұмысымыздың болғанына, күнделікті жейтін нанымыздың, су, тамағымыздың болғанына, ақыл-ойымыздың саулығына, саналы адам екендігімізге Аллаға шексіз алғыс айтып, Жаратушы иеміздің ғажап кеңістігінде алаңсыз өмір сүріп жатқанымызға сансыз шүкіршілік етіп, риясыз қуана білуіміз керек. Біз Аллаға алғыс білдіріп. шүкіршілік ететін нығметтердің саны шексіз. Сондықтан шүкіршілік етіп, әр нығметке қуанып, алғыс айта білген пендесіне Алланың берері де сансыз.
Бірде ізгілік анасы атанған әулие Рабиға Адауиядан адамдар сұраған екен: "Уа, Рабиға! Қалай жасасақ, Алла тағала бізге разы болады?" – деп. Сонда Рабиға анамыз: "Сендер әуелі Алла тағалаға қаншалықты толыққанды разы боласыңдар, бергеніне шүкірлік етіп, қабылдап, мойынсұнсаңдар, Алла тағала да сендерге разы болады. Сендер Аллаға шынайы разы болсаңдар, сендерге де разы болады", – депті.
Тіршілікте  қандай да болмасын бір кем дүние болары хақ. Өйткені бұл өмір – мәңгілік жәннат емес. Адам өміріндегі әрбір нәрсені, нығметті, болмашы дүниелерді шынайы қабылдап, Аллаға шүкіршілік еткен сайын сол адамның санасы өзгеріп, өмірінде көптеген жақсылыққа, оңды өзгерістерге қол жеткізетіні ақиқат. Осы тұрғыда хадис-шарифтерде: «Ризығына разы болған адамның берекесі артады, разы болмағандар берекесіз болады» делінген.
Жалпы, психолог мамандардың пікірінше, адам өз өміріндегі болып жатқан құбылыстарды қабылдап, мойынсұнып, әрбір нәрсеге қуана білсе, ағзада қуаныш гармондары көп бөлінеді. Ал қуаныш гармоны көп бөлінген сайын жүзіміз жарқырап, жан дүниеміз тыныштық тауып, ерекше үйлесімділікте өмір кешеді. Сондай-ақ қартаюды тежеп, әдемілікті арттырады, денсаулығымызды жақсартып, ішкі қуатымызды қалпына келтіреді. Сол себепті таңертең тұрғанда сансыз көңілді түсіретін жағымсыз ойлар мен сүреңсіз сөздерді айтсақ, шын мәнінде, өмірге өзгеріс, қуаныш әкелмейді. Алла тағала да әр нәрсеге көңілі толмай, тағдырына наразы болып жүретін пенделерін жақсы көрмейді. Ұлы Жаратушы «Ал, егер күпірлік етсеңдер (игіліктерімді мойындамасаңдар), шын мәнінде азабым өте қатты»,–деп ескертеді.
Мамандардың айтуынша, өткен өміріңді, қателіктеріңді тазалау, Аллаға тәубе ету, күнәға өкіну – дұғалардың қабыл болып, армандардың орындалуына жол ашады. "Алла кешірімді, кешіргенді жақсы көреді", ендеше, Аллаға шынайы тәубе етіп, әр нәрсесіне шағымдана бермей, разы болып, әрқашан алғысымызды білдірейік. Сонда барлығы да Алланың жәрдемімен өз шешімін табатыны хақ. Ұлы Жаратушының әрбір нығметіне шексіз шүкіршілік етейік, ағайын!
К. МАХСҰТ 
19 маусым 2021 ж. 7 384 0