Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Орындалған арман

Орындалған арман

Кенттегі №22 орта мектептің 1975 жылғы жүздері бал-бұл жанған 165 түлектің барлығы да арнаулы және жоғарғы оқу орнына түсіп, еліміздің ардақты азаматы боламыз деп Алматыға, Ақтөбеге, Қызылордаға және де басқа еліміздің қалаларына аттанып жатты.
Тек әр қоңырауға шыққан сайын сыныптағы 12 дос, атап айтсақ, Аққали, Рысдәулет, Орынбай, Байқожа, Нағашәли, Сұлтанай, Ағытай, Әмидулла, Серік, Мақсат, Серік, Бақберген Сексеуіл станциясынан күндіз-түні дүрсілдеп өтетін пойыздарға құмарта қарап, балғын балалық армандарын ортаға салатын. Бірі – мыңдаған тонна жүкті тасымалдайтын тепловоздың машинисі болсам десе,  ал енді бірі жолаушы тасымалдайтын жүрдек прйыздың машинисі боламын деп армандайтын. Олар уәделерінде тұрды. Бір-біріне берген серттен таймай, еңбек жолын темір жолдан бастандырды. Жас жеткіншектердің армандары алдамапты. Алайда сол арман-мақсатына жету жолында аянбай тер төкті. Әрине жауапты тепловоз машинисі мамандығын тәжірибесі жоқ, бұғанасы қатпаған жастарға ұстата салмасы айдан анық. Иә, сыныптас достар арман-мақсаттарына жету жолында талмай ізденді, оқыды, мамандыққа деген адалдық жолында қиындыққа мойымады. Олар тепловоз машинисі мамандығын жүрек қалауымен ұнатқандықтан табан аудармай бір ұжымда 46 жыл тер төккен екен.
Мектеп түлектерінің бір кездегі асыл арманы орындалды. Иә, бұл кәсіп қашанда маңыздылығын жоймайтыны хақ. Темір жол саласының ең құрметті әрі жауапты маманы болып қала бермек. Осыдан 46 жыл бұрын мектеп ауласында тоғыз жолдың торабындағы жүйткіген пойыздарға қарап, бірі жүк, ал енді бірі жүрдек пойызды жүргіземін деген достардың бүгінде ақ арманы орындалды. Аққали Көмекбаев, Рысдәулет Әлдешов, Орынбай Самұратов, Нағашәли Сербаев, Ағытай Жүсіпов ауыр салмақты жүй пойыздарын тасымалдайтын тепловоз машинистері болса, ал Байқожа Хангелдиев бірінші класты жолаушылар пойызын тасымалдайтын машинист 2012 жылы "Адал еңбегі үшін" төсбелгісімен марапатталған, Сұлтанай Ақмұрзаев пен Әмидулла Тұрмантаев бірінші класты жүрдек пойыздың үздік машинистері болып еңбек етті. Ал Бақберген Жаманқараев пайдалану депосында технолог болса, Мақсат Арғынбаев пен Серік Наурызбаев тепловоздарды қабылдаушы, ал Қабидулла Наукенов жөндеу депосында 40 жыл слесарь болып аянбай еңбек етті. Иә, кенттегі талай ұл мен қыздың қанатын қатайтып, арманына қанат байлады. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, Мақсат пен Серіктің бір кездегі достарымен бірге армандаған арманына ұлдары жетіп, бұл күндері жүк пойыздарын жүргізетін машинистер, ал бірі көмекшілері. Әке арманының орындалғаны емей немене?! Сондай-ақ машинистер Рысдәулеттің баласы Қалыбек машинистің көмекшісі болса, Сұлтанай мен Нағашәлидің балалары жүк пойыздарының машинистері. Ал Байқожаның баласы Мұратбек жолаушылар пойызының тепловоз машинисі болып абыройлы еңбек етіп жүр. Тек осы достардың ішінде бірінші класты жолаушы пойызының тепловоз машинисі болған Серік Арыстанов бұл күнге жете алмады. Алайда үздік машинист мамандығын иеленгені үшін оны мемлекеттік қызметке шақырған еді. Ұзақ жылдар кент әкімінің орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Май сіңген киімдерінен тепловоздың өзіне тән иісі аңқып, қаракүреңденіп, тершіген маңдайлары айғыз-айғыз болып деподан жұмыстан қайтатын машинистер сол күндерін ұмытпақ емес. Көз алдында өмір-бақи қалары сөзсіз.  Олар сонау бала кездегі елесті күндерін еске алып, тай-құлындай тебісіп өскен сыныптас достар бірін-бірі сыйлады, қадір-қасиетін түсінді, қателіктерін кешіріп, бірін-бірі құрмет тұтты. Араласып-құраласып, жанұяларымен қуаныш пен қайғыны бірге бөлісіп, тіпті ағайын-туыс болып кетті.
Сексеуіл пайдалану депосын 17 жыл басқарған Бөрі Санкубаевтың өзі бұлардың бірде-бір еңбек тәртібін бұзбағанын, осы саланың өркендеуіне күш салғанын айтып, 1958 жылғы машинистердің шеберліктеріне, дұрыс шешім қабылдай білетін біліктіліктеріне, тапсырған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, таңдаған мамандығына адалдықпен еңбек еткендеріне ризашылығын білдірумен кетті. Темір жолдың темірдей тәртібіне көнген, қиындыққа мойымаған, өмірде өз жолын осы кәсіптен тапқан жандар құрметті еңбек демалысына шығып жатқанының куәсі болдық. Бүгінде олардың алды ата мен әже атанып, немере сүйіп, ұл-қыз тәрбиелеп отырған атпал азаматтар. Бір кездегі достардың сертінде тұрып, ұйымшылдық танытып, ұлы достықтың арқасында армандарының орындалғанына дән риза.
Сыныптастарымен арман көгінде қырандай қанат қаққан бозбалалар бір-біріне берген сертінен айнымаған шақтары кеше ғана сияқты еді. Сол сыныптас достарынан оза шауып, 2010-2014 жылдары локомотив пайдалану депо бастығының эксплуатация жөніндегі орынбасары  лауазымына дейін көтерілген Әмидулла Жұмағалиұлының еңбек жолына тоқтала кетуді жөн көрдік. Ол алғашқы еңбек жолын 1975 жылы депода жөндеуші болып бастандырды. 1976-1978 жылдар аралығында әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, аккумулятор цехында екінші, одан соң үшінші разрядты жөндеуші шебер атанады. Қалайда достарына берген сертінен айнымай, соған жету мақсатында Қазалы локомотив депосы жанындағы машинист көмекшілерін дайындайтын курсты 6 ай оқып, үш жылдай қосалқы машинист көмекшісі болды. Қалайда машинист болуды армандағын Әмидулла Әйтеке би кентінлегі техникалық колледждің тепловоз машинисі курсын ойдағыдай тәмамдап, Ә.Тұрмантаев 1985 жылы тепловоз машинисі болып тағайындалады. Аттай 21 жыл өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жолаушыларды тасымалдаған машинист болып абыройлы еңбек етеді. Депо басшылығы Әмидулла Жұмағалиұлының мінсіз қызметін бағалап, 2006 жылы машинистердің нұсқаушысы етіп бекітеді. 25 машинист пен 25 көмекшінің нұсқаушысы болып еткен еңбегі жемісті, ұжымына беделді болып, абыройы асқақтай түседі. Жинаған тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында араға 4 жыл салып, әріптестерінен оза шауып, докомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары лауазымына көтеріліп, аталмыш деподағы 300-ден астам тепловоз машинистері мен машинист көмекшілерінің тізгінін ұстады. Тынымсыз еңбектің, төккен тердің бәлкім өтеуі осы ма дерсің. Сынаптай сырғыған уақыт ағымына ілесіп, еңбек ете жүріп, білімнен де қол үзбеді. Ол Қазақ көлік және коммуникация академиясына қарасты Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің "Темір жол жылжымалы құралдарын жөндеу және техникалық күту" мамандығы бойынша үздіктер қатарында бітіріп шығады. 300-ден астам машинистер мен машинист көмекшілері ауызбіршілікте, түсінісіп, жауапкершілікті сезініп, тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласып еңбек етті. Оның жанында мемлекеттік қызметтен өз еркімен кетіп, аға депов кезекшісі болған марқұм Серік Арыстанов пен депоның инженер-технигі Құрманжан Дәріқұлова темір жол жол қозғалысы, жол қауіпсіздігін сақтау және де басқа мақсатты жұмыстарды бірлесе жүргізгенін айтуымыз керек. Әрине локомтив машинистерінің еңбегі ерекше. Өйткені жолаушы және жүк пойыздарын апатқа ұшыратпай, асқан сақтықпен қырағылық танытып, қауіпті аймақтан алып өтетін машинистердің кәсібилігін жоғары бағалап отырады. Апатты жағдайдың алдын алып, жауапты кезекші диспетчерлерге дереу хабар беретіндер де осы машинистер. "Эволюшн" тепловоздары компьютермен жабдықталып, барлық жағдай жасалған. Оңайлықпен бұзылмайтын 50-ге жуық депоның жаңа тепловоздарының рулінде отырып, жұмыстарын мінсіз атқарып жүргендеріне депо басшылығы да, халық та дән риза.  Өйткені діттеген жеріне аман-есен жеткендеріне шүкіршілікпен қарайды.  Замануи техниканы мінсіз меңгерген олар заман талабынан қалмай, оқып үйренді, жауапкершілікпен атқарды. Темір тұлпарды тізгіндегендер жүк құрамдары мен жолаушылар пойыздарын Сексеуіл-Қоскөл, Сексеуіл-Қазалы, Сексеуіл-Шалқар станциялары аралығында сағатына 120 шақырымға дейін алып жүреді. Машинистеріміздің жүк және жүрдек пойыздарын тасуға бағытталған деподағы тепловоздарымыз отандық зауыттан шыққан жаңа тепловоздар. Жұмыстың қыр-сырын білу мақсатында Ә.Тұрмантаевты әңгімеге тарттық:
– Бұл мамандық иелеріне артылған сенім жоғары. Олар пойыз қозғалысы қауіпсіздігінің сақталуына бірден-бір жауапты тұлға. Атқарылған жұмыстарды сағат сайын саралап, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауы үшін сақтық шараларын ұдайы жүргізіп, машинистердің кәсіби шеберлігін көтеру бағытында түрлі шараларды ұйымдастырып отырамыз. Қыс, жаз айларында күрделі ауа райы жағдайында кездесіп қалатын қиын жағдайларға үнемі дайын болуды, сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу жолдарын айтып отырамыз.
Әрине басшы болған соң машинистер мен оның көмекшілерінен жұмысты ғана талап етіп қоймайды, әлеуметтік жағдайын жасап, рухын көтеру үшін өзі де тынымсыз ізденді, ұжымының да жағдайын жасады. Талап та қойды, орынды мәселені де көтере білді. Оның шешімін табуына жанашырлық танытып, сенім үдесінен шыға білді. Әрбір тепловоз машинисі мен оның көмекшілерінен бірінші кезекте тапсырылған жұмысқа жауапкершілікті, адалдықпен ақтауды бұлжымас парыз етіп қойды. Жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған "Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау оқу бағдарламасы" курсы нәтижелі аяқталғанын және білім деңгейін тексеруден өткенін куәландыратын сертификатын алып, кәсіби ысқыдан өтті. Ол қайсыбір жылы локомтивті жүргізу шеберлігінің арқасында 11391 келі жанармай үнемдеп, депо басшылығының Алғыс хатымен марапатталды. Үнемі жанар-жағармайды үнемді жұмсап, абырой биігінен көрініп, ұжымындағы 300-ден аса тепловоз машинистері мен көмекшілеріне әуелі осылай үлгі көрсетті. Озат машинист, озат нұсқаушы, озат орынбасар болған жылдардағы абырой-бедел ұзақ күттірген жоқ. Еткен еңбек өз жемісін берді. 2007 жылы кеудесіне "Адал еңбегі үшін" төсбелгісін жарқыратты. Бәлкім, еткен еңбектің өтеуі де осы болар, шіркін!
Аудан, облыстан алған Алғыс хаттары, салалық басшылық тарапынан Құрмет грамоталары мен мұндалайды. Басшы орынбасары болған жылдары қарамағында тәжірибелі Марал Ахметов, Қамбар Ахметов, Муса Ыбырай, Ерсұлтан Есіркепов, Жалғас Сариев, Асылбек Ияров сынды үздік 6 нұсқаушымен тығыз қарым-қатынаста нағыз еңбексүйгіш майталман екенін көрсетті. Одан соң депо кезекшісі, машинист нұсқаушы, бала кезгі арманы тепловоз машинисі болып құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін абырой биігінен көрінді. Темір жол тарланының қандай қиын жауапты жұмыстарды атқарып, қарапайым да кішіпейіл мінезінен танбай, табанды талап қоя отырып, жауапты да ауыр еңбекті ұжымдағы 400-ге жуық азаматтармен және азаматшалармен бірге ауызбіршілікпен атқара білгендігінің жемісі.   
Үлкен өмірге қадам басқан Әмидулла, міне, 41 жыл ғұмырын Балзира Әлімжанқызымен бірге бақытты өткізіп келеді. Ол жанұясына алтын босаға боп бекіді. Барын ұқсатып, ырыздығын тасытты. Мақтан тұтар екі ұл, көзге көрік қыз әкелді дүниеге. Жанына жалау болған аяулы жары Балзира екеуінің өсіріп-тәрбиелеп жеткізген қос ұлы бұл күнде өмірден өз орындарын тапты. Үлкені Абдулхамит Сексеуіл станциясы басшысының орынбасары болып тағайындалса, жұбайы Гүлжайна ПЧ-60 мекемесінде қызмет етеді. Үкілеп өсірген қызы Мақпал №231 орта мектепте бағдарламашы, күйеу баласы Күнтуған кәсіпкер. Ел тәуелсіздігін алған жылы дүние есігін ашқан ұлы Бауыржан отызында орда бұзып, әкесінің аса таяғын ұстап, тепловоз машинисі болып, тер төгіп келе жатқанына да 9 жылдың жүзі болыпты. Балдай тәтті 8 немере өрбітті маңайына. Бір-бірінің бағын баянды қылды. Ер-азаматының беделін өсіріп, жарасымды жұп атанды. Әмидулла мен Балзираның мөлдір махаббаты, аңсаған армандары, өмірлік мұраттары орындалды.
Иә, Әмидулла Тұрмантаевтың әулетінен әлі талай теміржолшылар шығатыны белгілі. Осыдан аттай 30 жыл бұрын Бауыржан деп есімін қойған машинист досы Ағытай Жүсіпов болса, оның жұбайы, депоның аға таспа тексерушісі болған Бағия Бектұрғанова Бауыржанның кіндігін де, тұсауын да кесіпті. Біз сұхбаттасуға барғанда үш күн бұрын атасы Әмидулла немересі Омардың тұсауын кесіп, темір жолдың тарланы, тепловоздың машинисі бол деп ақ батасын беріпті.
Иә, әулетте ұрпақтар сабақтастығының кәсіби жолы бірнеше буынмен жалғасын табатынына көзіміз жетті. Әмидулла Тұрмантаев машинист нұсқаушысы міндетін абыроймен атқарып, кейінгі буын бай тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Иә, барша Сексеуіл теміржолшылары Әмидулланы үлгі тұтып, осы салаға таңдау жасаған жас мамандар шоғыры ұстаз мәртебесін үстем етті. Көркем мінезді, білікті де білімді әріптестеріне демеу жасаудан танбайтын пейіліне ұжымы да дән риза.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 
Арал қаласы 
01 шілде 2021 ж. 436 0