Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Библиотерапия – шексіз мүмкіндіктер әлемі

Библиотерапия – шексіз мүмкіндіктер әлемі

Ерекше  қолдауды  қажет  ететін  балаларға  бүгінгі  таңда  Үкімет  тарапынан  жасалып  жатқан  сан  түрлі  көмектер мен  ерекше   қолдаулар  олардың   кедергісіз  қоғамдық  ортаға  енуіне  жаңа  серпіліс,  үлкен  мүмкіндіктер  әлемін  сыйлауда.  Ол ең  алдымен  Тұңғыш  Президент  Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың  «Қазақстан  –  кедергісіз  аймаққа айналуы тиіс»  деген  маңызды  мақаласының   бүгінгі  заңды  жалғасы. Елбасының бұл Жолдауы қабылданған 7 жыл ішінде осы  бағытта  атқарылған сан түрлі маңызды істер мен жобалар әр аймақтың   бүлдіршіндері  мен  жеткіншектеріне, азаматтарына да   жаңа  жеңісті  қадамдар сыйлады. Бүлдіршіндер  мен жеткіншектер  үшін   білім  ошақтарында  арнайы  инклюзивті  сыныптардың  ашылуы, ерекше қолдауды қажет ететін  балалар   үшін  арнайы  бейімделген  сан  түрлі  үйірмелердің   көп  болуы  Елбасы Жолдауының  маңыздылығының  жемісі. Кітапхана – адам  көкжиегін кеңейтетін  руханият  орталығы .
Аудандағы балалар мен жасөспірімдерге  қызмет ететін екі бірдей    кітапхана қорында бүгінде 25  мыңнан  астам  кітап  қоры  бар. Әлем  әдебиетінің жаңа  туындыларынан  құралған шығармалар  балалар  әлемінің  жаңа  базарлығы.  Кітаптар  әлеміне  саяхат  жасау мен жаңа  бағыт  беруді  мақсат еткен Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жүзеге асырған «Библиотерапия» жобасы бүгінде өзінің  ерекше жас оқырмандарын,  ата-аналарын  қуантуда.  Библиотерапиялық  емдеу-сауықтыру жүйесі ең алғаш рет  әлемдегі ең ежелгі кітапхананың ұраны деп саналған екен. Кітапхана  төрінде құрылған  бұл  арнайы  жобаның  бүгінде   білімге  ынталы, талантты 35 жас  оқырманы  бар.  Шараның  ашылу  салтанатының алғашқы  күні арнайы түзету кабинетінің мамандары мен ата-аналар арасында  семинар-тренинг өткізілді. Бұл семинар-тренингте  бас қосқан сала мамандары ата-аналарға бұл тұста енгізілген жаңа ерекшеліктер мен  жаңашылдықтарды ортаға салды. Сондай-ақ үй жағдайында баламен жұмыс  істеудің тың әдістерімен бөлісті.
Сонымен  қатар семинар барысында  кітапхананың  кітап  қорындағы  аудиокітаптар мен  СД дискілер,  ашылмалы,  дауысты және  инновациялық  сөйлейтін қалам-кітаптарымен оқырмандар,  олардың ата-аналары,  арнайы орталық  мамандары да  танысып, қуаныштарымен бөлісті. Мұндай арнайы орталықтың құрылғанына ата-аналар ризашылықтарын  білдірді.
 «Сүйікті  қалама  сүйсіне  қараймын»  атты библиокеруен аясында   балақайлар қаланың  орталығында  орын  тепкен  аудандық тарихи  өлкетану мұражайының қорында жасақталған  ашық  көрмемен  танысты. Тарих әлеміне  саяхат  жасап, аудандық  оқушылар  үйінің  жаңа ғимаратындағы  ерекше жасақталған түрлі үйірмелер жұмысына қанықты. Бұл ерекше  құндылықтар  мен  жаңа  мүмкіндіктер  әлемінен  толымды  ақпарат  алған  әрбір  ата-ана  өз  перзентіне  алыстан  армандаған таңғажайып  дүниесінің   жергілікті орталықтарда,  қосымша білім  беру  кешендерінде  жүргізіліп  жатқанына дән риза.
Арнайы мамандар, ата-аналар мен  сынып  жетекшілері  бірлескен  «Библиотерапия – шексіз  мүмкіндіктер  әлеміне жол»  жобасы екі ай көлемінде жұмыс істеп, өз  мақсатына  жетті. Жоба жұмысы 17 маусым күні Арал аудандық мәдениет орталығында   «Бір жұлдыз болып жанам мен...» атты фестивальмен қорытындыланды. Ауданның өнерлі  балғындары  мен  аудандық  оқушылар  үйі  жанынан құрылған  «Ақтолқын»  би  ансамблі  өз  өнерлерімен  біздің  кішкентай  оқырмандарымызға  ерекше  көңіл-күй  сыйлады. Кітапхананың білікті мамандары  Мейрамкүл  Өтегенова мен  Гүлбану Күлмашова бұл  жобаның  құрылуына себепкер  болды әрі орталық  мамандарынан  маңызды  ақпараттар жинап, ауқымды жұмыс атқарды. «Библиотерапия»  орталығы – заманауи жабдықтармен жабдықталған, ерекше білімді қажет ететін, балалардың өздерін жайлы сезінетін орталық.  Жоба  жетекшісі   М.Махамбетжанқызы алдағы уақытта ата-аналарға, арнайы мамандарға   кітапхананың   электронды қорын (аудиокітаптар,СД дискілер, ашылмалы, дауысты және инновациялық сөйлейтін қалам) пайдалану  бағытында  ақпараттық қызмет көрсетіліп, семинар-тренингтер мен түрлі жаңа формадағы іс-шаралар  және  тренингтік бейнекурстар ұйымдастырылып,  арнайы көмекші нұсқаулықтар шығарылатынын атап өтті.  Көрсетілген қызмет аясында баланың білім сапасы көтеріліп, даму  деңгейі  жоғарылайды деген үміт бар. Алдағы уақытта балалар  кітапханаларынан  ашылған  бұл  орталықтың  оқырмандармен жұмысы жалғасын  таба  бермек. Себебі «Библиотерапия – шексіз мүмкіндіктер әлемі».
  Гүлнұр ШАЛМАНОВА,
  орталық  кітапхананың  маманы
13 шілде 2021 ж. 518 0