Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бәсіре – баланы өмірге бейімдеу салты

Бәсіре – баланы өмірге бейімдеу салты

Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтты ұйыстыруға, өткенімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндейді. Бастысы, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайды.Ежелден салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа бай халықтың біріміз. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың астарында ұрпақ тәрбиесі жатыр. Қазақтың өмірі малмен тікелей байланысты болғандықтан, ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты болған.  Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі осы – бәсіре.
         Бәсіре – ер бала ат жалын тартып мінуге жараған кезде ата-анасының немесе нағашыларының мінгізетін тайы. Бәсірені баламен бірге қадағалайды. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін сәт. Меншігіне тиген тайын бала өзі күтіп-баптап жүріп, өзіне үлкен жауапкершілік артылғанын сезініп, шаруаға бейімделеді. Есейе келе бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы артып, пейілі түзу болады. Сонымен бірге бәсіре дәстүрі бала денсаулығын да шыңдап, физикалық жағынан мықты, шымыр болып өсіп-жетілуіне септігін тигізеді.
 «Бәсіре атау» салты дәл бұрынғы кездегідей болмағанымен, жаңа өмірге келген балаға сыйлық жасау түрлері барлық жерде бар. Дегенмен, бәсіре атаудың түп-төркіні бала өмірге келгенде төлдеген малдың құлынын немесе ботасын баланың жекеменшігі ретінде қарап «балам осы төлмен жарысып өссін, осы құлындай шауып, тез жетілсін» деген сенімге негізделеді. Екіншіден, бала етек-жеңін жиғалы бері «менің жылқым, менің түйем» деп төрт түлік малдың қадіріне жете біледі. Еншісіне тиген тайды баптап-өсіру бала үшін де қызықты. Бұл баланы ептілікке, жан-жануарларға мейіріммен қарауға да баулиды. Бұл ата-бабаларымыздың баланы тәрбиелеуге қолданған тағы бір әдісі десек те болады. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін дәстүр әрі ағайынның бір-бірімен барыс-келісін көбейтіп, тума-туыс арасын жақындататын үрдіс іспетті.
Қазақтың тарихын,тыныс-тіршілігін жан-жақты зерттеген білгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек «Ойтолғақ» атты күнделігінде: «… Менің есімнен кетпейді, алты-жеті жасымда бәсіре тайымды бұлақтан суарып, қайтып келе жатқанымда алдымнан жолыққан қарт ана маған жол беріп, өткізіп жіберіп еді. Мен пионерлік түсінікпен «Апа, өтіңіз» дегенімде, әлгі кейуана: «Жоқ, шырағым, бәсіре пырағын жетелеген азаматтың жолын кесуге болмайды, өтіп кет!» деп бұйыра тіл қатқан дауысы әлі құлағымда. Маған жол берген ана менің көз алдымда Тәңірге айналғандай әсер әлі күнге дейін жан-жүрегімді толқытады»,–деп  өзінің бәсірелі болған балалық шағын тебірене еске алады.
Осыдан-ақ қазақ халқының ұғымынде дүниеге келген баланың болашағын өзіне атаған бәсіремен тығыз байланыстырып, баланың өзін ересек сезінуіне де бәсіренің әсері мол болғанын аңғарамыз. Мұны қазақтар жақсы білген. Сондықтан бәсірелі баламен бұрынғыдай баласынбай сөйлескен. Қазақта сыйға бәсіре атау дәстүрі өсіп келе жатқан жеткіншекті келешекке, жақсы күндерге жетелейтін көлігі, қанаты болсын деген ұлы тілегінен туындаған.
Осы тұрғыда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын.
         Ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымыздың заман ағымына қарай жаңғыруы да дұрыс шығар.  Әр ата-ана баласын «қатарынан кем қылмайын» деген оймен бар жақсысын беруге, ең тәттісін аузына салғысы келетіні шындық. Сондықтан еңбекқор, өнегелі де өнерлі ұрпақтың өсіп-өнуі ата-ана тәрбиесіне байланысты екенін естен шығармағанымыз жөн. Ал осы тәрбиенің бастауы – салт-дәстүр, әдет-ғұрып екені белгілі. Әр мемлекеттің көркі дәстүр-салтына байланысты. Сондықтан қазақтың асыл мұраларын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жалғастырып отыруымыз қажет.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
16 шілде 2021 ж. 876 0