Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі

Бала – тапқандыкі емес, баққандыкі

Аршагүлдің төсек тартып жатқанына екі жылға жуық уақыт болды. Тамағынан ас өтпей, бір жұтым суға зар болған байғұс әйелдің бүгінде құр сүлдері ғана қалған. Күн кеше алпысты алқымдаса да ажарын бермеген әйелдің жүрісі ширақ, дене бітімі тік еді. Бетінен де әжімнің әлдене ізі болмаса, өңін бермеген қараторы, толықша келген жанды көрген көз кемпір деуге қимайтын. Қазіргі түріне қарап, олай деп айту тіпті қиын. Неде болса тағдырдың көп тауқыметін тартып, енді бақытқа кенелген шақта  өмір жолы осындай азапты аурумен өтерін кім білген?! Өзінің дәм-тұзының таусылар шағының таянғанын білсе де, баласына шындықты айтуға батылы бармай жүр. Бірақ бұл құпия өзімен бірге кетпеуі керек.

Соғыстан кейінгі жылдар еді. Ол кезде Аршагүл қаладағы дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін. Қалаға жиі келіп, ұсақ малдың төлдерін сатып жүретін Баймырзаның көзі түсті. Екеуі де ішкі сезімдерін сөзсіз ұғып жүрді. Баймырзаның соғыстан оралған шағы болатын. Отызға жақындаған жігіттің отау құрудан басқа ойы жоқ еді. Осылайша олар көңіл жарастығын тауып, шаңырақ көтерді.
Баймырза соғыстан аман оралғанымен, денсаулығында айтарлықтай кінәраттар бар еді. Алған жарақаттары мен оқ іздері денесінің бірнеше бөлігінде сайрап тұратын. Үйдегі ер баланың кішісі болған соң бұлар үйленгеннен кейін үлкен ұл еншісін алып, бөлек шықты. Қара шаңырақ Баймырзаға тиесілі болды. Төрт түлігі түгел жандар таршылық көрмей өмір кешіп жатты. Аршагүл қаланың қызы болса да, малды ауылға келін болуға тартынған жоқ. Пысық келіншек мұндағы тірлікті де ұршықша үйіріп әкетті. Уақыт жылжып, жұбайлық өмірдің де бірнеше жылы артта қалды. Неге екенін кім білсін, бірақ Аршагүл сол күйі құрсақ көтермеді. Ол кезде медицинаның да айтарлықтай дами қоймаған кезі еді. Аршагүлдің бар уайымы – осы. Бір балаға зар болып күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Бар ойы – тек бала сүю. Бірақ қалай? Алланың керемет сыйынан құр қалғанына өзін кінәлі сезінді. "Қай жерде шалыс бастым" деп өткен өмірін ой елегінен өткізіп жүр. Емші, бақсы-балгер, әулиені тегіс жағалап шыққан енесі де келінінің ішкі күйзелісін сезгендей. Сол жылы абысыны Айша бесінші перзентін өмірге әкелді. Қыз бала еді. Бұл жаңалықты естіген енесі:
– Аршагүл, жинал, Айша босаныпты.Соған барып келеміз.
– Бірақ, апа, түскі астың уақыты болып қалды. Атам мен Баймырза малдан келіп қалса, әлі ас-ауқатын әзірлемеп едім...
– Сабада айран бар. Бір мезгіл тамақ ішпесе өлмес. Көп сөзді қой. Қазір көрші мал ауылдағы Сақибек көлікпен келіп, бізді жеткізіп салатын болды, – деді.
Енесінің сөзіне үнсіз иланған Аршагүл орнынан тұрып, жан-жағын жиыстыра бастады. Әп дегенше Сақибек те "Урал" мотоциклін барылдатып жетіп келді. Сонымен тартып отырып совхозда тұратын үлкен ұлдың үйіне келді. Жаз мезгілі болатын. Қауын піскен уақыт. Айша киіз үйдің түкпірінде баласын емізіп отыр екен. Бұлардың хабарды ести сала жылдам жеткеніне қуанып, енесіне келіндік ілтипатын көрсетті.
– Айналайын, бақытты бол. Бірақ бала емізіп отырған әйелге иіліп сәлем салмауға рұқсат берілген, қарағым. Сонда да болса көңіліңе рақмет. Аймырза жоқ па? – деді енесі.
Аймырза – Айшаның жолдасы. Оқыған сауаты бар еді. Совхоз кеңсесінде есепші болып жұмыс істейтін.
– Қазір келіп қалу керек!
– Е-е-е, жарайды. Аршагүл, сен баланы ұстасаңшы, Айша түскі асын әзірлесін.
Аршагүл кіп-кішкентай, білек басындай ғана сәбиді қолына алды. Өне бойы елжіреп сала берді.
– Апа, қараңызшы, сондай сүп-сүйкімді. Мұрны Баймырзанікіне келеді екен. Атын кім деп қойдыңыздар, абысын?
– Әкесі Гүлзира деп атады.
– Есімі әдемі екен. Өзі де әдемі қыз болып өссін.
Бұл көріністі сырттай бақылап отырған енесі екі келініне алма-кезек көз тастап отырды. Осы сәтте Аймырза да келе қалды. Амандасып, хал сұрасып, тамақтанып болған соң, Аймырза мен Айшаны қатар отырғызып қойған енесі:
– Аллаға шүкір, бесінші балаларың өмірге келді. Қыздан да, ұлдан да кенде емессіңдер. Өздерің жақсы білесіндер Баймырзаның денсаулығы жоқ. Сені соғысқа жібермей алып қалсам да, Баймырзаны майданға аттандырдым. Аман оралғанына шүкір еттім. Бірақ қанша жыл өтсе де перзент сүйе алмай жүр. Ұзын сөздің қысқасы, мен мына өмірге келген сәбиді Аршагүлдің бауырына беріңдер дегелі келдім. Не дегенмен туған бауырсыңдар. Сенің балаңды өз баласындай бауырлап өсіретініне сенімдімін. Мұндай сөзді күтпеген үшеуі де не айтарларын білмей аңтарылып қалды.
Ананың сөзінен кім асқан, Аймырза келісімін берді. Айша іштей қимаса да, енесі мен жолдасының шешіміне қарсы келген жоқ. Ал Аршагүл болса сол сәттен бастап өзінің мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, ана деген атты еншіледі. Қуанышында шек жоқ. Кішкентай сәбиді бауырына басып тұрып:
– Аға, абысын, уайымдамаңыздар, Гүлзираны ешкімнен кем қылмай аялап өсіретін боламын, – деді де, баланы бауырына басып «қызым» деп еміренді.
Осылайша Аршагүл өзі тумаса да, Гүлзираны туғанындай аялады. Арада жылдар өтіп жатты. Ата мен ене өмірден озды. Гүлзира да мектепке баратын жасқа жетті. Жыл өткен сайын Баймырзаның да денсаулығы нашарлай берді.
Аршагүл анадан туған төртеу еді. Үлкен апасы мен өзінен кейінгі сіңлісі бар. Ортадағы жалғыз ұл өкпе ауруына шалдығып, отбасы түгел қайтыс болды. Аршагүл секілді апасы да ұрпақ сүйе алмады. Ал сіңлісінің 7 баласы бар, сегізіншісіне аяғы ауыр болатын. Олар қалада тұрды. Қалаға барғанда Аршагүл тұрмысы төмен тұратын сіңлісіне жиі соғып, көмегін көрсетіп жүретін. Осы жолы да Гүлзираны оқуға дайындап жүріп, арнайы соқты. Айы-күні болып отырған сіңлісі Бибігүл мен күйеу баласы Сералы бұл жолы Аршагүлге тосын жаңалық айтты.
– Әпке, әне-міне дегенше Бибі босанып қалады деп отырмыз. Бізді сіздің және бажаның жағдайы алаңдатады. Сол үшін осы жолы ер бала өмірге келсе, сізге береміз деп шештік. Әрине егер сіз қалайтын болсаңыз. Біз баладан қашпаймыз. Тек сіздің де болашағыңызды жалғайтын ер баланың керектігін біліп Бибі көп уайымдайды. Өзіңіз жақсы білесіз, үлкен әпкемнің бауырына Тәуірбайды бердік. Қазір ол да жүрегі тыныш өмір сүріп жатыр. Енді осы жолы аман-есен өмірге келген баланы сіз бауырлаңыз... Еті сіздікі, сүйегі біздікі, – деді күйеу баласы.
Бұған Аршагүл жүрегі жарылардай болып қуанды. Мұндайды күтпеген-ді. Соңғы уақытта Баймырзаның да "ер бала болғанда" деген сөздерін жиі естіп жүрсе де, өзінің ұрпақ сүйем деген үмітін үзген еді. Бір жолы осы бір ішкі күйзелісін көзіне жас алып отырып сіңлісімен бөліскен. Бауыры құрғыр қайтсін. Туғанының жағдайына бей-жай қарай алмай, күйеуімен кеңесіп, осындай шешімге келген ғой.
Алла тілегін қабыл еткендей, Бибігүл осы жолы ер баланы өмірге әкелді. Перзентханадан шығысымен баласын әпкесі мен жездесінің қолына ұстатып, заң алдында, Алла алдында да толықтай баласы етіп берді. Баланың иісіне зар болған жандар екеуін де кем көрмей, бар мейірімдерімен қабыл алды. Ұлдарына Мұрат деп ат берді. Баймырза үш жасынан бастап Мұратты жанынан тастамай аңшылықты, мал бағуды үйретті. Осыдан кейін көп өтпей-ақ Баймырза өмірден өтті. Ол кезде Мұрат бар-жоғы 5 жаста еді. Әкесінің сұлбасы көз алдында елес күйінде ғана қалды. Жапан далада жалғыз қалғандай күй кешкен Аршагүлдің бар сүйеніші екі баласы еді. Екі ата-анадан туса да, оларды бауыр етіп бір шаңырақ астында Баймырзаның ізін жалғар ұрпақ қылып тәрбиеледі. Баймырза өмірден өткен соң, Аршагүл мал ауылда жалғыз тұра алмады. Жесір әйелдің дүниемен де шаруасы болған жоқ. Мұны пайдаланған кайын ағасы мен абысыны малдың көп бөлігін біздің еншіміз деп айдап әкетті. Аршагүл еш қарсылық білдірген жоқ. Тіпті бәрін алып кетсе де үндемес еді. Өйткені совхозға көшіп барған соң, Гүлзираның қайын ағасы мен абысынының үйіне жиі барып жүргеніне алаңдайтын. Қайтып алмас па екен деп қорқатын. Олардың өсіп қалған қыздарына ықыласы да ерекше еді. Не дегенмен туған жүрек шыдасын ба? Ал күйеу баласы мен сіңлісі сол күйі Мұратты тек жиен деп қана қабылдап, еш жақын тартқан жоқ.
Арада жылдар өтті. Гүлзираны жоғары оқу орнында оқытып, сән- салтанатымен тұрмысқа берді. Ал Мұрат мектепті жақсы оқыды. Домбырада шебер ойнайтын. Бірақ мектепті бітірген соң жалғыз шешесін тастап алысқа кеткісі келмей, совхозға жұмысқа тұрып алды. Аршагүл жалғыз қалудан қорықса да, ұлының оқу оқып, саналы азамат болғанын қалады.
– Мұратжан-ау, мен жалғыз қалғанда өледі дейсің бе? Көп болса үш-төрт жыл оқып қайтасың, арасында келіп тұрасың, сенің мамандық алғаның дұрыс. Сондықтан қатарыңнан қалмай оқуға бар.
– Жоқ, апа, мен баяғыда осындай шешімге келгенмін. Сізді тастап ешқайда бармаймын. Оқу оқымасам да, Алланың маған бұйыртқан несібесі бар шығар?! Адал еңбек етсем болды да, – деді.
Содан бері Мұрат анасынан бір елі ажырамай, әкесінің атын кірлетпей, елге қайырымды, адал азамат болып өсті. Шаңыраққа келін түсіріп, анасының қуанышын еселетті. Төсек тартып жатқанда да бәйек болып енесін баққан келіні де адалынан болып шықты. Тұңғыш немересін бауырына басып, бақытты күн кешіп жатқан Аршагүл өмірді қиып кеткісі келмеді. Бірақ ажалының таянғанын өзі жақсы біледі. Мұрат та анасын жаны қалмай емдетуге тырысты, бірақ одан түк шыққан жоқ. Аналап жан ұшырғанын көргенде жүрегі елжіреген Аршагүл Аллаға саналы бала нәсіп еткеніне разы болды. Не десе де шындық айтылу керек. Міне, бүгін соның күні туды. Бар әл-дәрменін жинаған ол баласын оңаша шақырып алды да, бар ақиқатын жайып салды. Мұны естіген кезде Мұраттың жүзі сұрланып, көпке дейін үнсіз отырды.
– Апа, мен ешқашан өзімді асыранды бала ретінде сезінген жоқпын. Сіз менің туған анамдай айналып, толғанып, айтқанымды қылып, ауырсам шырылдап, әбігер болып өсірдіңіз. Сондықтан менің сізден басқа анам жоқ. Бала баққандікі, – деді.
Аршагүлдің көңілі енді тыныштық тапты. Мұнан кейін де Мұрат ештеңе естімегендей анасына бар мейірімін төгіп жүр.
 Араға екі ай салып Аршагүл өмірден өтеді. Анасының қазасына қаймыққан Мұрат жер қойнына тапсырар сәтте бейіт басында егіліп, ұзақ тұрды. Ақыры Алланың әмірінен кім асып кеткен?! Анасымен қимай қоштасып, ақтық сапарға шығарып салды. Сол шындықты естіген күннен бастап өзінің бөле деп санаған туыстарының туған бауыры екендігін білсе де, алыстан сыйласатын болды. Олардың үйіне жиі келгенін қаламай, балалары мен әйелін де көп жібере бермейтін. Сондағы ойы анасының әруағын сыйлап, елдің «туғанын тауыпты» деген қаңқу сөзіне қалмау еді. Балалары да түбі шындықты білуі керек, бірақ Мұраттың әзір айтқысы жоқ. Тек өзін өсірген анасы туралы естеліктер мен әкесі туралы елден естіген әңгімені балаларына "сенің атаң сондай болған, апам сөйтіп отыратын" деп қана сыр шертіп отырады. Бұл да мейірімді ана бола білген Аршагүлге деген ұрпағының шынайы ықыласы болар.

Н. БАҚЫРАН

20 шілде 2021 ж. 774 0