Өлең өлкесіне саяхат
Сыр өңірі – қашаннан қара өлеңнің қара қазанына, бесігіне айналған киелі мекен. Әсіресе талай ақындар мен өнердің майталмандары шыққан Қызылжар ауылының орны тіпті бөлек. Бүгінге дейін желі үзілмей келе жатқан жыршылық өнердің ордасында қолына қалам алып, поэзияға қадам басып жүрген жас ақындардың бірі – Ғайникамал Ғалымжанқызы. Небары 20 жастағы Ғайникамал Сәдуақасова қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы университеттің 4-ші курс студенті. Өлеңі арқылы оқырмандарға жас ақынның топтамаларын ұсынуды жөн көрдік.
Редакциядан
Мына тағдыр
Мына тағдыр аямас ешкімді де,
Қарамайды ақшаңа, кескініңе.
Өмірге өкпе артып жүре бермей,
Бақытынды бағала бес күніңде!
Қарсы тұршы тағдырдың жарлығына,
Өкпе, реніш, сәтсіздік барлығына.
Көңілсіздің тамшысын тигізбесең,
Бақытсыздың сынбайсың жаңбырына.
Қол қусырып жоғынды сұрай берсең,
Дым шықпайды шарасыз жылай берсең.
"Мен жетемін" деп бірақ айта көрме,
Тұрмай жатып шалынып құлай берсең.
Сені жығып тастауға уақыт құмар,
Көне берсең барыңды алып тынар.
Артта қалған кезеңге қолды сермеп,
Алға қарай жүреді бақыттылар!
Алтын балыққа тілек
Алтын балық дәметкен қармақтай,
Бақытымды іздеп жүрмін бармақтай.
Адасамын, теңселемін сол жолда,
Жел ығымен жүретұғын қаңбақтай.
Қол жетпейтін арман болған талайға,
Алтын балық аулап алам қалайда!
Үшеу емес, бір-ақ тілек айтамын,
Ал сен соны орындайсың, жарай ма?
Бұл балықтан мәнді ғұмыр сұрармын,
Мен өмірге, мен өмірге құмармын.
Мүмкін менің қабыл болып тілегім,
Шыныменен қуаныштан жылармын.
Орындалса, маңдайымнан көрермін,
Өмірімді асылдармен өрермін.
Тағдыр меннен аямаса тартуын,
Өз құнынан артығымен төлермін!
Көкек ананы кешіру
Апа, сені көрдім ғой бірінші рет,
Айыптысың, сондықтан түрің сүмек.
Жылағанда жанымда болмап едің,
Қарсы алдыңда отырмын күлімсіреп.
Дәрменсіз боп санамда сақталасың,
Өмір қиын, түсін деп ақталасың.
Өз балаңды қоқысқа тастағанда,
Өзге керек қылсың ба жат баласын?!
Өткен күннің ескегін есіп алдың,
Бала кезді неліктен есіме алдың?
Сені келіп қалар деп бар уақытым,
Күзетумен өтті ғой есік алдын.
Бақыт деген дүниені ұмыттырған,
Жетімдік қой өмірді шын ұқтырған.
Бөлшектерін құрайсың кешірімнің,
Көңіл әйнек бұрыннан сынып тұрған.
Кешпей сені алысқа шаба алмаймын,
Қанатымды сындырсам, қаға алмаймын.
Менен өзге перзентті сүйесің ғой,
Сен жалғызсың, басқа ана таба алмаймын.
Тағдырға серт
Қыз едім көп нәрседен қорықпайтын,
Жағымсыз жамандыққа жолықпайтын.
Тағдыр маған қабағын түйіп алып,
Неге өгей санап жүр, соны ұқпаймын!
Себептерсіз сынақтарға кезіктім,
Көз жасыммен бар мұңымды сезіппін.
Сәттілікке билет іздеп жүргенде,
Бақытымның пойызынан кешіктім!
Бір күні менің бағым жанып кетер,
Бар мұңымды біреу кеп алып кетер.
Жарқырап әлі талай таң атады,
Өкінішпен өтпесінші уақыт бекер!
Бұл тағдырды өзіме табындырам,
Арманыма жетемін сағындырған.
Алла өзі оң көзін салып тұрса,
Әлі талай белесті бағындырам!
"Қашықтағы ғашығым"
Тұтқынына айналып сағыныштың,
Саған қарай келеді алып ұшқым.
Қол ұстасып отырсам құшағында,
Түсім екен мен тағы жаңылыстым.
Тек алыстан жүрекке енесің бе,
Күні-түні тұрасың сен есімде.
Көріспестен күндер де, ай да өтті,
Ойлай сені ауырдым, сенесің бе?
Уақыт жылжып барады бізде ақырын,
Сабырдан да күдерін үзді ақылым.
Қалағанда мауқымды басқым келед(і),
Арамызда қашықтық жүз шақырым.
Қанат болса, ойланбай ұшар едім,
Тұлпар болсам, мәреден тосар едім.
Жер-жаһанды сен үшін шарлап шығып,
Бір демде-ақ өзінді құшар едім.
Бөлейді ғой бұл сезім шапағатқа,
Өте шығар дәл осы қатал шақта.
Шыдап жүрсек мәңгілік бір боламыз,
Қиындықсыз махаббат, махаббат па?..
Ғайникамал СӘДУАҚАСОВА,
Қызылжар ауылы