Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бапкер Бақтияр

Бапкер Бақтияр

Спорттағы әрбір жетістік жанкүйерлерге қуаныш пен жігер сыйлайды. Жарыс алаңында жеңіске жетіп, мойнына алқа таққан сәттегі қуанышы қандай болса, тақым қысып отырған қолдаушылары да одан бетер қуанады. Бірақ әр спортшы жарысқа түскен сәтте онымен бірге болып, бірге қиналатын бапкерлердің орны тіпті бөлек. Спортшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында жас та болса жетістіктерге қол жеткізіп, талай додада топ жарған шәкірттерді тәрбиелеп өсірген бапкер Бақтияр Төлебаев жайында айтып өтуді жөн көрдік.
Бақтияр 1995 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Бала кезден қимылы ширақ, спортқа қызығушылығы басым кейіпкеріміз балғын шағынан бастап күрес кілемін армандады. Осылайша мектеп қабырғасында жүріп өзінің сүйікті спортына қадам басты. №19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің еркін күрес бөлімшесіне қабылданды. Талапты ұлдың ұмтылысы, үйренуге деген қызығушылығы мен спортты сүйетіндігі алғашқы күннен-ақ байқалған. Соның нәтижесінде бапкері Бауыржан Жүсіповтен сабақ ала отырып, түрлі додаларда бақ сынады. Жеңіс пен жеңілістің де дәмін татты. Бірақ жеңіліс жігерін жасытқан емес. Керісінше, оның алға ұмтылуына, алдағы жарыстарда олжа салуына жол ашты. Оның шеберлігі күн санап ширыға түсті. 7 сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына грек-рим күресі бөлімшесіне қабылданды. Осы жерден 11 сыныпты бітіріп шыққан Бақтиярдың шеберлігі толысып, белді балуандардың біріне айналды.
Жалпы, жерлесіміз спортшы ретінде талай биікті бағындырды. Түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанған ол еліміздің әр аймағынан тек бабы мен бағы келіскен балуан ғана қатысуға мүмкіндік алатын ҚР чемпионатына қатысып, жүлдемен оралған. ҚР спорт шеберлігіне кандидат.
Бүгінгі таңда спорттан алыстамай, соңынан ерген жастарға күрестің әдіс-тәсілін терең меңгертіп жүр. Бапкерлікпен айналысып, аудан балуандарын өрге сүйреп келеді. Жаттықтырушы-оқытушылық шеберлігі жоғары Бақтиярдың бапкерлік деңгейде бағындырған белестері де көңіл қуантады. Шәкірттері Қанағат Төлебаев 2019 жылы Атырау қаласында өткен ауыл жасөспірімдері арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақса, Рауан Баймұратов (2019 және 2020 жылы) пен  Мақсат Алданиязов (2019, 2020 және 2021 жылдары) ҚР чемпионатының жүлдегерлері атанды.
Бақтияр Төлебаев:
– Спорт – менің өмірім. Мен одан алыстап кете алмаймын. Бала кезден жаныма серік еткен дүниені биік бағалаймын. Алғаш спорт залға келгенімде маған бапкерлерім бәрін үйретті. Менің жеңімпаз болуымды, биік тұғырдан көрінуімді қалады. Аудан абыройын асыруға үлкен көмек беріп, тілеуімді тіледі. Менің ендігі мақсатым да сол болмақ. Алдыңғы аға буынның үйреткенін, баулығанын кейінгі жастарға үйрету біздің міндетіміз деп білемін. Әр шәкіртім баламдай болады. "Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде" деген сөз бар ғой. Мен жаттығуда, дайындық кезінде өз шәкірттерімнен қандай нәрсе талап етіп, ауыр әдістер үйретсем де, жарыс барысында баламдай тілеулес боламын. Олармен бірге қиналып, қуанышына қуанғанда, өзім жеңіске жеткендей әсер аламын. Жалпы, спорт физикалық күш пен ақылды қатар алып жүретін ерекше нәрсе. Әр минут пен секундты ұтымды пайдалануға үйретеді. Сондықтан жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Оған ауданда жағдай толықтай жасалған. Бұқаралық спортты дамытсақ қана, дарынды спортшылар өсіп шығады, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 тамыз 2021 ж. 528 0