Арал мозаикалары
Бүгінде қай-қай қаланың да көркемделуіндегі сан түрлі бояулары, әшекейлері көз тартады.Түрлі-түрлі сәндік құрылыс заттарының қолданылуы таңсық емес. Қызыл-көк шатырлар, түрлі-түсті шамдар, әйнек қабырғалар, бояуы мың құбылған жапсырмалар, көркем безендірілген билбордтар шаһарларды күндіз бір түрде, түнде екінші бір ғажайып түрде көрсетіп көз арбайды. Сан түрлі түстер алыстан мен мұндалап, көрсең көз тоймайды. Адам жаны осындай әдемілікті ұнатады, әсемдікке іңкәр болады. Ал туған қалаңның көз тартарлықтай болып ерекшеленуі – тұрғындар үшін ғанибеті мол мақтаныш. Алыс-жақыннан келген қонақтарға тамсана айтып, бір марқайып қалады.
Әр уақыттың, әр кезеңнің өзінің белгілері, сәндік салтанаты, көркем келбеті, сырлы суреттері болатыны шындық. Осыдан жарты ғасыр бұрынғы Арал қаласын көз алдыма қайта әкеліп, санамнан саумалағанда оның сол замандағы бедері мен бейнесі, үй-жай, ғимараттарының суреттері сағыныш самалын естіруге түрткі болады. Сонда бір көңілге оралатыны – қала ішінің қоңырқайлығы, қазіргідей жарқыраған дүниелердің аздығы, түрлі-түсті бояулардың тапшылығы. Дегенмен де, сонау бір алпысыншы жылдары кемеріне керней келіп, ақ шулан толқыны аспанға көбік атып жатқан теңіз жағасындағы қаламыз ерекше бір елді мекен болатын. Өндірісті қала болғандықтан да, тіршілік қазаны қайнап жататын. Қала қолтығына кірген кемелердің сиреналары, осындағы зауыттардың гудоктары шағын қаланы жаңғыртып, тіршілік толқынын жандандырып тұратын.
Арал мемлекеттік балық тресі – аймағымыздағы аса ірі, елімізге атақ-даңқы шыққан мекеме болатын. Мекеменің қақ ортасында өткен ғасырдың басында үлкен-үлкен бөрене-ағаштардан қиюластырып салған еңселі ғимарат болатын. Кезінде балық кәсіпшілігін иеленген орыс көпесінің үйі екен. Кейін бұл ғимарат Арал қаласының 100 жылдығына байланысты орнынан жылжытылып, бұрынғы теңіз табанына түсіріліп, аз уақыт мұражай да болған. Ал біз көрген алпысыншы жылдары бұл үй балық тресінің бір контор-кеңсесі болатын, мекеменің экономист, есепші мамандары отыратын. Әкем Зейнет Кеңтоғайұлының қызметтік кабинеті осында еді. Денсаулығының дімкәстігі бар әкей жаздың аптапты ыстық күндері түскі үзілісте үйге қайтпайтын, түскі шай-тамағын 8-9 жасар мен апарып беремін.
Сол барғанымда еңселі ғимаратты айнала жүріп, қызыға тамашалаймын. Әсіресе, кіреберіс дәлізінің үш жағы кісі бойынан үлкен терезелерінің әйнектері тор-тор болып бөлінгенде, әр тор көздің әйнегі әр түсті, бірі – көк, бірі – қызыл, бірі – сары, бірі жасыл боп келетін. Бұрын мұндай түрлі-түсті терезе көзін көрмеген маған ерекше әсер етті. Біресе сырттан ішке, біресе іштен сыртқа қараймын. Әкем шыққан кезде:
–Мына терезелер неге түрлі-түсті? – деп сұрадым. Әкем күлімсіреп:
–Бұл – мозаика ғой. Әйнекті әсем түрлері, – деп түсінік берді.
Алғаш рет естіп тұрғандықтан «мозаика» деген сөз жадымда жатталып қалды. Бұл айналаның әсемдігіне енді-енді көңіл бөле бастаған шағымыз болатын. Бүгіндегі бір өкініш сол ескіден жәдігердей боп жеткен әсемдік жауһарларының елеусіз боп жойылып кетуі боп отыр емес пе?!
Арал қаласына сол уақытта сән берген заттардың бірі – бояқтар болатын. Бояқ дегеніңіз – әйнектен жасалған шарлар. Диаметрі 30-40 сантиметр болатын. Теңізде балық аулайтын ауларда пайдаланылады. Су бетінде қалқып, бір жағы ауды ұстап тұрса, екінші жағынан ай мен күн шағылысып, балықшыларды адастырмас белгі болып тұрады.
Алпысыншы жылдар – ел-жұрттың соғыстан кейін ес жиып, тіршілігін түзеп, жақсы өмірге ұмтылып жатқан кезі. Сонда біршама аулалардың еңселі дарбазасының үш бағанасының басына сәндік ретінде әлгі бояқтар қойылады. Өтіп бара жатқан кісілер аспандағы күнмен шағылысып, екінші бір кіші күндей жарқырап-жарқырап тұрған бояқтарға тамсана қарайтын. Көзімізге ең бір әдемі нәрселердей көрінетін. Қол жетпес дүниелердей еді. Екінің бірінің қолына түсе бермейді. Әлгі бояқтар қойылған дарбазалы үйлер дәулетті кісілердікі сияқтанатын. Қазір әйнектен не нәрсе жасалып жатқан жоқ, ал сол бір бояқтар ең сәнділігі көңілімізде жатталып-ақ қалды.
Аралдағы кез келген үйге бас сұқсақ, шыныдан жасалған ыдыстар–аққұман, графин, түрлі формадағы шыны-аяқтар, шамдалдар, пиалаларды көретінсің. Ал осы бір сан түрлі шыны бұйымдары өзіміздің Арал қаласындағы өндірістік комбинатқа қарасты, жұрт «Шыны зауыты» атап кеткен цехтан жасалып, халықтың игілігіне молынан жарап тұрған. Соғыстан кейінгі жылдары ашылып, өнім шығарған цехтың басшылық қызметін соғыс ардагері, белгілі қайраткер азамат Жылқайдар Дошниязов атқарды. Шыныдан түрлі бұйымдар, заттар жасау – нағыз қолөнер екені белгілі. Әлгі цехта жұмыс істеген бірнеше ұлт өкілдері өздерінің біліктілігі, кәсіби шеберлігі арқасында кісі қызығарлықтай дүниелер тудырған. Адам қолымен жасалған сұлулық таңдай қақтыратын. Әлгі тұтыну заттарымен бірге үйдегі жиһаз, стол үстіне қойылатын әсемдікпен өрнектелген мүліктер шығарылатын. Әсіресе, құстар, көбелек, гүлдер, ою-өрнек бейнеленген аққұмандар нағыз өнер туындысы деуге болатын. Жалпы, шыныдан істелген заттар сыйлық ретінде жоғары бағаланады. Оның мәнісі: «Шыныдай кіршіксіз, таза болыңыз» деген тілекпен ұштастырылатын. Шыны цехындағы жұмыс барысын көргендердің айтуынша, алдымен металл үрлеуішпен шыны үрленіп, қолмен иіп жасалған пішіндер отқа қыздырылады. Бұған балқыту пеші пайдаланылып, арнайы құралдармен атқарылады. Ал шыны пеші бірнеше жүз градусқа дейін шыдайды екен. Сол ыстық пештен үрленіп шыққан заттардың бірі – әлгі бояқтар болатын. Алайда еңбек дәстүрі қалыптасқан өндіріс орны кейін жабылып қалған-тұғын. Әйтпесе, Аралдың шыны бұйымдары туған жердің мозаикалық алуан түрлі әсемдігін арттырып тұрар ма еді деп ойлайтындығымыз рас. Өйткені адам қолымен шыныдан жасалған сұлу пішіндер (ыдыс-аяқтар, шамдалдар, бөтелкелер, графиндер,т.б) ауыр және ұзақ еңбектің, табандылық пен зор сабырлықты талап ететін күрделі өнер болатын.
Сөздіктерге қарасақ, мозаика – шыны сынықтарынан, жылтыр тастардан құрастырылған ою-өрнек, сурет-бейне (инкрустация) байырғы өнер саласы. Мозаика өнері өте ерте дәуірлерден бастау алады. Көптеген сарайлар, құрылыс орындары, әуіз қабырғалары нақышты мозаикалармен өрнектелген. Біздің елімізде бүгінгі күндері мозаика туындылары көрініс тапқан ғимараттар, үйлер бар.
Арал мозаикалары дегенде алдымен ауызға оралатын туындылардың бірі – Арал теңізі стансасы вокзалының күтушілер залының қабырғасындағы түрлі-түсті композиция. Үлкен полотно Арал балықшыларының 1921 жылы Ресейдің Волга бойы өңіріндегі аштыққа ұшыраған балаларға жөнелткен 14 вагон балық көмегінің көрінісін бейнелеген. Нағыз өнер туындысы. Түрлі-түсті әйнектен 1970 жылы жасалып, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сыны бұзылмай әдемі бедерін әлі сақтап тұр. Арал эпопеясын қаламызға келген әрбір жолаушы вокзал ішінен біліп түседі. Туған қаламыздағы ең бір әсем де әрлі картина-мозаиканың келесі ұрпақтарға бүлінбей жетуін әрдайым есте ұстауымыз керек. Ол – әрі тарих, әрі тәлім-тәрбие әліппесі десек болады.
«Әсемдік, әдемілік әлемді құтқарады» деген сөз бар. Әрбір сұлулық, әрбір әсемдік адам жанын байытады, көңіл көкжиегін кеңейтеді, қиялын шарықтатады. Арал қаласының шыныға байланысты мозаикалық келбетін өткен уақыт та өшіре алмай, жүрегімізде осылайша сақталып қалған.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист