Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерді қадірлеу – қасиетің

Ерді қадірлеу – қасиетің

Жанар мен Саматтың шаңырақ көтергеніне 5 жыл болды. Самат үйдің кенжесі болған соң ата-анасымен бірге тұрады. Басқа үлкен балалары еншілерін алып, сырт қалаға қоныс аударған. Самат та жүріңкіреп, отызды асырып барып отау құрды. Оған дейін үйленуге асықпады. Анасы баласының отбасын құруға асықпағанына алаңдап, кейде көзге іліккен тәрбиелі отбасы қыздарының анасымен сөйлесіп, сырттай құдандалас болып жүретін. Кескіні келісті, жақсы жұмысы бар жігітке қызын жар еткісі келетін аналар да болған. Бірақ Самат олардың ешбіріне назар салған жоқ. Сондағы таңдап алған жары Жанарды "қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады" деген тәмсілді сөздің дәлелі боларын мүлде білген жоқ еді.
Саматтың анасы Ұлмекен өте тазайын, еңбекқор, сабырлы әйел еді. Өзі кезінде қаладағы мектептердің бірінде 40 жыл табан аудармай ұстаздық қызмет атқарған. Өмірге бес бала әкелді. Сол бесеуін де жақсы азамат етіп өсірді. Әкесі Ермек басшы адам болған соң, көп уақыты түзде өтетін. Өзі қатаң еді. Бала тәрбиесін Ұлмекенге сеніп тапсырған. Қазақта "ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің" деген сөз бар. Отбасында әке мен ананың сыйластығын көрген балалары да кішіпейіл, үлкенге ізетті болып өсті. Саматты анасы қырыққа жақындап қалған шағында өмірге әкелген. Бұл ер жеткенше алдыңғы аға-апалары шаңырақ көтеріп, үй болып кетті. Бәрінің ортасында еркелеп  ержеткен Саматтың жаны нәзік, мінезі жұмсақ еді. Ешқашан жігіт болып жат қылық жасамаған. Осындай жайсаңдығының арқасында ортасында құрметті болды. Әркез мұнтаздай болып жүретін. Оның үстінен бір қыл табу қиын еді. Шашты сулап қайырып, тап-тұйнақтай болып киініп, кербезденіп жүріп келе жатқанда, сырт көз сүзіліп қарамай өтпейтін-ді. Бірақ мұның бәрі уақытша ғана әдемілік болды.
Жанар екеуі дос баласының тойында танысты. Жанар құдаша болып келген. Саматтан 5 жасқа кішілігі бар. Ашық-жарқын, сүйкімді қыз Саматқа бір көргеннен ұнап қалды. Ақырында екеуі кездесе бастады. Самат та нақ осы жақсы жар болады-ау деп бекініп, көп ұзамай отау құруға шешім қабылдады. Баласының үйленемін дегенін естіген әке-шешесінің қуанышында шек жоқ. Ең бастысы, отбасылы болатынына дән риза. Сән- салтанатын келістіріп тойын жасап, құда-жекжатына сыйын берді. Алғаш келін болып түскенде Жанар бәрінің көңілін тауып жарқырап жүретін. Бірақ оның үй шаруасына олақтығын енесі бірден байқады.  Уақыт өте үйреніп кетер деген үмітпен тіс жарып, тіл қатпастан көңіліне жақпаған істі өзі жасап жүре беретін. Сондағы ойы – екі жастың арасына кірбің түспесін дегені ғана еді. Көп өтпей-ақ Жанардың аяғы ауырлады. Осы сәтте оның мінезі күрт өзгерді. Оны жүктіліктің әсерінен болар деген Самат сабырлықпен қарап, төзімділік танытты. Уақыт өтіп жатты. Ерке келіннің ай, күні жақындап, тұңғышын өмірге әкелді. Ер бала таптым деді ме қайдам, Жанар тіпті өзгеріп кетті. Себепсіз бұртиып, бөлмесінен шықпай қалатын болды. Саматқа қит етсе дауыс көтеріп, айқай салатын әдетті шығарды. Байғұс ана мұның бәрін ерсі көрсе де үнсіз қала берді. Осылайша оның кисық мінезі күн өткен сайын үдей түсті.
Бірде баласының бір жасқа толған туған күнін тойлап, сол күні тұсаукесер рәсімін жасамақ болған. Бұл тойға жақын-жуықтың бәрі жиналды. Бәрі көңілді, той қызықты өтіп жатқан. Кенет әдемі әуенмен әрлеп тұрған музыкалық аппарат істен шығып қалды. Бұған Жанар қатты ашуланды. Бар дауысымен:
– Самат, Самат, – деп айқай салды. Мұны естіген Самат есі қалмай жетіп келді. – Сенің осы ісіңнің бәрі шала, иә. Не мынау, той енді қызып жатқанда бәрінің быт-шыты шықты, – деді зілді дауыспен.
– Музыкада тұрған не бар? Былай да көңілді өте береді ғой. Мен қайдан білейін бұлай боларын, – деп әйелінің сөзіне байыппен жауап берді.
– Кетші-а, сүмек неме, осылай сүмірейіп жүре бер. Осы сен сияқты ынжықпен өмір сүру неге ғана менің басыма жазылды екен, – демесі бар ма?!
Бұл сөздерді тойға жиылғандардың бәрі тегіс естіді. Самат болса өз тойының шырқын кетіргісі келмеді ме, әлде әйелінің бәрібір сөз ұқпасын білді ме қайдам, үнсіз ғана кете берді. Мұның бәрін көзі көріп отырған анасы Ұлмекеннің жүрегі аузына тығылды. Көкірегін ащы өксік кернеді. Не де болса той бітсін деп сабырлықпен әліптің артын бақты. Өзінің ерсі қылығына қымсынып жатқан келін жоқ. Қайта елдің көзінше өзімнің абыройымды өсірдім деді ме қайдам, тарс-тұрс етіп, сол жерде өзін қожайын көрсетіп бақты.  Бәрі тарқасып, өздері оңаша қалып кешкі асқа жиылған шақта Ұлмекен жайлап әңгімесін бастады.
– Қалқам, қазақта ердің қадірі бәрінен биік тұрады. Ерін сыйлай білген әйелдің бағы арта түседі. Әйелдің қадірін арттыра түсетін де осы қасиет. Сен еріңе жай сөзді болсаң, ол да сенімен сыйластықта болады. Шаңырақтарың берекеге тола түседі. Мынау өсіп келе жатқан ұрпақтарыңа сендер қандай үлгі көрсетсеңдер, соған қарай олар да тәрбие алады. Сенің бүгінгі Саматқа айтқан сөздерің өте ұят болды. Қанша жұрттың көзінше күйеуіңнің беделін өзің түсірдің. Сонан кейін ешкім сені жақсы деп қабылдай алмайды. Мен балаларымды ізеттілікке тәрбиеледім. Оларға әйел затына сыйластық танытуды, құрметпен қарауды үйреттім. Ол саған қатты келмесе, ол ынжықтықтан емес. Сені сыйлап, құрметтегеннен деп түсінуің керек. Мен де бұл кезге дейін сенің талай кемшілігіңді көрсем де, еш қатты сөйлеп, сөккен емеспін. Ақылы бар бала ғой дедім. Бірақ мұның тоқтамы болу керек екендігін бүгін түсіндім,  – деп жайлап түсіндірді.
Енесінің сөзін үнсіз тыңдап отырған Жанар өзінің барлық жасаған жат қылықтарын көз алдынан өткізді. Сөйтті де өзінің ерсі іс істегенін түсінді.
– Апа, кешіріңіз, Самат, сен де мені кешірші. Мен осы уақытқа дейін саған еш құрмет көрсетпеппін. Ылғи да жекіріп сөйлеп келіппін. Енді мен мұндай болмаймын. Бәрінің дұрыс емес екендігін енді ұқтым. Қалай ақымақ болғанмын, – деп жылап жіберді.
Міне, содан бері бұл отбасында әркімнің өз орны қалыптасып, сыйластық салтанат құрды. Отбасы– шағын мемлекет. Оның әрбір мүшесінің өз орны бар. Әйелдің ерді қадірлей білуі санамызға бұрыннан сіңген басты қасиет. Отбасының берекесі мен қоғамның тыныштығы осыған байланысты.

 Н. БАҚЫРАН
24 тамыз 2021 ж. 826 0