Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Соғып тұр боран, соғып тұр...» (Жылқышылар өмірінен)

«Соғып тұр боран, соғып тұр...» (Жылқышылар өмірінен)

Биылғы  жаздың аптап ыстығы-ай! Тамыз айы орталанып қалса да басылар емес. Көлеңке қуып жергілікті басылымдарға шолу жасап отырғанмын. Телефон соғылды. Құлақ тостық. Биязы, сыпайы сәлем-сауқат жасады да:
– Көке, – деді дауысы саңқ етіп, бір  кездері менің ата-әжем туралы мақала жазған екенсіз. Соны көші қонда үй-іші жоғалтып алыпты. Соны қайта жаңғыртсаңыз екен, өтінішіміз осы...
– Атаңыз кім еді?!
– Атам –Нағашыбай Қаниев. Әжем– Злиха Сүлейменқызы. Атам орденді жылқышы. Әжей саусағынан бал тамған сауыншы болған деседі білетіндер.
– Ал өз жайыңды айтшы. Қайдан хабарласып тұрсың?
– Осы қаладан. Бірақ негізі тұрағымыз «Теректібас» мал жайылымы. Ерлан мен Жасұлан деп біліңіз. Бектасұлы Қаниевтерміз.
Бәрекелді-ай, деп ата-әжесін іздеген ұландарға бек разы болдым.
Ал ойлан! Нағашыбай мен інісі Мәмбетқали Қаниевтердің даңқты жылқышы болғандары есімде. Сірә, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шені-ау! Иә, иә... Қақаған қыс айы болатын-ды...
Архивімді ақтардым. Қолжазбамның (черновик) жұқанасы табылды. Көзі бар болғырдың да сыр бергелі қашан! Жамап-құрап оқыған болдым. Қайтсін  енді, арада елу жылдай уақыт өткен ғой. Және еш жеріне қалам тигізбей, сол қалпында қағазға түсірдім. Тіпті тақырыбын да қозғамадым.
***
О-хо, сары аяздың жұтынуы-ай!.. Сақырлап-ақ тұр. Қатқақ жерге қар мол түсіпті. Желге қарсы сәл бұрылсаң, бетті жалап-жеп қарып барады. Ертеңгілік. Биік шыңнан аттылы кісі төмен құлдилады. Жүрісі суыт. Желдің ығында тұрған бізге жолаушының ыңылдап айтқан әлдебір жүрек сезімі бұрқасын ызыңымен жарыса анық естілді.
Таңғы шық,
Аяз сорып тұр.
Соғып тұр боран
Соғып тұр.
«Көк бестім» мені есен-сау
Бектас жанға жолықтар!
Ол аттан жеп-жеңіл ырғып түсті. Үлкен ішікке оранып алған. Екі көзі ғана жылтырайды. Кірпіктері ақ қырау. Басында түлкі құлақшын. Аяғында байпақты етік. Десе де жүріс-тұрысы жып-жинақы. Қимылы шалт. Қасқыр ішікті қынай буған қайыс белбеуді ағытқанда өр кеудеден «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады. Бұл дала қаһарманы, аға жылқышы Нағашыбай Қаниев еді. Өзі қырық жасқа тола қоймаған қараторы, қыр мұрын, топ-толық жігіттің сойы екен.
–Бүгін із кескенімізге үшінші тәулік, – деді «Көк бестісін» жер қазыққа байлап жатып, бір үйір жылқының бөлініп кеткені. Аяз қысса  жылқы жануар тұяғы сытырлап тыным таппайды,. Жүре береді, жүре береді... Және қоңынан айырылып, азымтал келетінін қайтерсің. Әлгінде ғана қысқы қора-жай  іргесіндегі ойға құлаттық. Жігіттер сонда. Құрық тимеген екі-үш асау бар-ды. Соларды ұстап ноқта салмақпыз.
–Біз де көрелік?
– Ә-ә, жүріңіздер. Жаяулап-ақ барамыз. Мына ылдида ғой, – деді қолын сілтеп.
Асауды үйрету жылқышыларға таңсық емес. Өздері үшеу-ақ. Оразғали мен Мәмбетқалидің аға жылқышыдан 2-3 жастай кішілігі бар-ау. Мәмбетқали күрең қасқамен әрлі-берлі ойқастап жүр.  Мұны ұстағанына да төрт-бес күн болыпты. Бір-жар күн өңкіп-тулап шама көрісіпті. Мамбетқалидің тақымы батса керек, қазір моп-момақан.
Асауға құрық тастау Оразғалиға жүктелді. Ол құрығын қолына алып, қыл шылбырды шұбатып қалың жылқының ішіне еніп кетті. Әлден уақытта:
– Тастады! –деген айқай шықты.
 – Қоңыр дөненнің дәл өзіне түсті!
– Өйтпесе, Еңбек Ері, жылқышы Балекешұлы Оразғали бола ма? – деп өздері күлісіп жүр.
Көп жылқыдан алаңда жалғыз дөнен қалды. Мойнына түскен қыл шылбыр қысып барады. Аспанға атылады, шыңғырады, қара жерді тарпиды. Оразғали арқаннан айырылуға таяп қалғанда көмекке Нағашыбай жетті. Бір кезде дөнен екеуін де сүйрей жөнелді. Жо-жоқ, екеуі жыңғылтүпке шірене табан тіреп еді, әлгі қиқарың шыр айналды. Қос танауы пыс-пыс. Нағашыбай қаз-қаздап жақындай берді. Күсті алақан, дырау саусақ құлаққа тиді-ау! Дөнен ыршып түсті. Құлақ қолда, босатпады.
– Мәмбетқали, ноқтаны әкел!
Ол арпалыса жүріп ноқта кигізіп те, іле жүгендеп те үлгіріп, үстіне мініп алды. Дөнен алдыңғы екі аяғымен тік көтерілді, оған болмағасын зымырай жөнелді. «Әбден өзің бол!» дегендей құниып Мәмбетқали отыр.
***
Басына түйе жүнінен тоқылған шарқат орап алған өңді келіншектің:
– Ау-у, мына қайнымның астындағы құйрық-жалы төгілген, тұрқы ұзын, сұлу сәйгүлік нағыз Байшұбардың өзі ғой. Аяқ тастауына қара. Тұлғасы  да келісті екен. Мұны Бектас мырзаға байлаңдар, – дегенде жалт қараппыз.
– Байшұбары несі?!
 – Алпамыс батырдың тұлпарын Байшұбар демеуші ме еді, отағасы дұрыстап зер салыңызшы, көк, қоңыр, қызыл түстің араласуын қазақ солай атайды. Қызыл нүктелер аттың сауырына қарай майдаланып, тіпті көбейіп кетеді. Байшұбарың сол!
– Әй, Злихаш,– деді  Нағашыбай әзіл-шыны аралас, – төрт түлік мал жайына қанық қазақ аруының бірі екеніңді таныттың, енді қонақтарға ас дайындап, өз шаруаңмен болсаңшы!
 – Е-е, ас дайын! Соны айтқалы келдім ғой! – деді де, кейін бұрылып баяу қадам басып бара жатты. Жан-жарына мейірін төге қарай қалған Нағашыбай:
– Бақытгүл келін (Мәмбетқалидің жұбайы) екеуінің бейнеті бізден бір де кем емес. Жазда құлын байлап, бие сауса, қыста арық-тұрықты баптайды. Қазірдің өзінде қорада солардың 30-40 бастайы тұр. Оның үстіне үй-шаруасы мен бала-шағаның күтімі тағы бар-ау!
 – Сіз де, Злиха да Бектас есімін елжірей айттыңыздар, ол кім?
– Ол ма, ол – менің ұлым ғой, төртінші перзентім. Үш қыздан соң көрген 1967 жылғы тентегіміз. Жалғыз Байшұбар емес. Мына көкалалы көп  жылқының болашақ иесі де, қожасы да сол болар деген үміттеміз.
– Демек, 28-іңде төрт перзентті болсаң жастай үйленгенсің-ау!
 – Иә, Злиха екеуміздің арамыз бір-ақ  жас. Он тоғызымда бас қостық. Бірақ тым ерте дей алмаймын. Жүдә азбыз. Қазақ көбеюі керек.
***
Мәмбетқали мен Оразғали жылқы жақта қалды да, Нағашыбай екеуміз үйге қарай аялдадық. Жолай манағы әңгімені жалғастырып:
– Үш тәулік далада болғанда осы борасында қайда түнедіңдер?
–Жолда түнедік. Азық-түлік бар. Отын баршылық. Үш тәулік деген не! Тіке тартсақ ауыл түстік жер. Бұл ма, айлап далада жүретін уақытымыз да аз емес.
***
1963-1964 жылдардың орайда борай соққан ақтүтек, ақ қояны мал баққан шаруаның есінде болар. Қаңтар айының басында-ақ алай-дүлей бұрқасын басталды. Жылқышылардың қысқы қонысы «Бөбешіктің» айналасы жадағай, ықпанасы аз-тұғын. Не істеу керек! Нағашыбайлар  «Қалмас» шыңынан асып «Ескене» құмына тартты. Онда ық, әрі жылқы малы теуіп жейтін бірдеңе табылатын-ды. Мұнда төрт жүзге тарта шалқұйрықты еңкеу-еңкеуді жағалап бес тәулік дегенде әрең жеткізді. Бел шешпеді. Көз шырымын алмады. Жойқын желмен,  бұрқасынмен дамылсыз айқасып бақты. Елсіздегі «Сатыбалды» базын 69 күн мекендеді. Иә, 69 күн! Жылқыны бел-белес құмшағылдан шығармады. Шықса болды, теңіздің тау толқынына түскен қу қайықтай желіп-жорытып ыға береді... Күн-түн күзетсе де бір күні...
Иә, бұл күні Нағашыбай қоста қалған. Күзетте Оразғали мен Мәмбетқали. Түн ортаса ауа желмен аралас қар бұрқырады. Арты дүлей дауылға ұласты. Көз алдыңдағы жылқыны да аңғару қиын. Жылқы ықты. Ие бермеді. Екі тәулік айқасты. Үшінші күннің түнінде әрең қайырып ықтасынға кіргізді-ау! Мәмбетқали қосқа келсе Нағашыбай жоқ. Бұл екеуін іздеуге шыққан сыңайлы. Абырой болғанда, Нағашыбай керіміңіз қар үрлеген тақырлыққа түскен жылқы ізімен бағдарлай жүре келе, бөлініп қалған 20-30 саяқты да әкеліп үйіріне қосыпты. Сол қыста кеңшардан бір шайнам шөп те, жем де алмай-ақ малы қоңды шықты. Злиха мен Бақытгүлдің бағымындағы 107 бас жабағы-тай  да  қаһарлы қысқа сыр бермеді. Осы аққоянда бірсыпыра малшының таяғын ұстап қалғанына біз куә. Және бірде 32 тай зым-зия жоғалады. Бұлар аналарына қосылған болар деп жориды. Жо-қ, оның ізіне түскен Мәмбетқали құр қол келеді. Не тұрыс болсын, мұндайға әсте шыдамсыз Нағашыбай «Көк бестіге» ер салып «Көкқабақ», «Ақ ой», «Тәуіп» жағын шарлайды. 33 күн дегенде барып шекара асқан малын қораға қайырады.
– Далада түнеу-қыс болсын, жаз болсын, ол бізге қауіпті емес, – деді нар тұлғалы Нағашыбай сабазың, – қауіптісі мұздақ.  Жаласа іш тастайды. Аяғын қияды. Жылқы малы суға шыдамсыз. Жазда да, қыста да солай. Құдық суы да, әй, шөлін қандыра бермейді-ау! Осыған абай болсақ, басына-бас қосыла беретініне мен кепіл.
***
Бұрқасынмен аралас ән шырқалды.
... Құлындарым тұлпардан
Шапса озады Сұңқардан...
Мәмбетқали екен. Манағы асау Байшұбарың жуасып қалыпты. Иеме қалай жағам дегендей барын салып бүлкілдеп келеді.
– Әй, жігітім, мына ақтүтекте бұл қай қылығың?
– Сақырлаған сары аязды әнмен жылытсам деп едім, – деп ол сақ-сақ күледі.
Расында да үскірік жел мен сары аязың да бәсеңдегендей болды. Тылсым табиғаттың да әнге еліткендей-ау!
***
Міне, елу жылдай бұрынғы жазбадағы бары осы.
Өкініштісі – Нағашыбай  Қаниев бұл жалғаннан тым ерте, жарық жұлдыз болып ағып кетті. Қаниев Бектас Нағашыбайұлы әке ісін жалғады. Оған бүгіндері Ерлан мен Жасұлан есімді немерелері қосылып ата қоныс «Теректібаста» Нағашыбай қожалығын құрып, желден жүйрік жылқы малын өсіруде. Жылқышы Мәмбетқали Қаниевтің балалары Жұман мен Айбек те жеке қожалық ашып, сол маңдағы жайлауда төрт түліктің түр-түрін күтіп-баптап, ел қажетін өтеуде.
***
Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров:
«Жылқылардың құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балдарым да ұнатады, бұл дегеніңіз тілмен жеткізе алмайтын сұлулық қой» депті. Несін айтасыз, Бектас ұлдары да сол. «Арыстан – аң патшасы болса, жылқы – мал  патшасы» деп өсиет қалдырған Нағашыбай Қаниевтің ісі мен ізіне, жолына көлеңке түсірмей, рухын көтеріп отырған ұрпағына тәнті болғандайсың.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы
Суретте: ерлі-зайыпты Нағашыбай мен Злиха
 және жылқышы Мәмбетқали
28 тамыз 2021 ж. 668 0