Ана тілі – ұлттық сананың қайнар бұлағы
Ана тілі – халықтың ұлттық ұстындарының негізі, өмір тіршілігінің қайнар бұлағы, таным-түсінігінің айнасы, тәлім-тәрбиесінің бағыттаушысы. Ана тілінен безген адам, ана тілін мансұқтаған ұрпақтың тағдыры қай кезде де тұйыққа тірелетіні ақиқат. Алайда көріп жүргеніміздей күнделікті өмірімізде өзінің тілінен жерінгендей болып, өзге тілде сайрап жүргендер де жетерлік. Әрине, бұған ащылы-тұщылы өткен тарихымыздың әсері зор. Өйткені жүздеген жылға созылған отаршылдық халқымыздың бүгінде ондаған миллионға жетуін ғана тежеп қойған жоқ, дәстүр-салтын, тілін де іске алғысыз етіп, дала ұлдарының, дала қыздарының өзге мәдениетке, өзге тілге әуестенуіне еріксіз итермеледі, мәжбүр етті.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып барады. Алайда, мысқалдап кірген санадағы ауру әлі де кейінгі буынды сансыратып, өздерінің алтын өзек – ұлттық діліне оралу мүмкіндіктеріне жол бермей-ақ келе жатыр ма деп қаласың. Осындайда белгілі режиссер досымның тілге тиек еткен бір жағдайы еске оралады да тұрады. Туған жеріне ұзақ жылдар қызмет еткен, аты елге танымал азамат, соғыс ардагері, кешегі бір гүрілдеген үлкен саланың басшысы сар төсек болып жатқанда көңіл сұрай барған оған көпшік астынан бір парақ ақ қағаз шығарып ұсыныпты. Қараса, ауруы меңдеп қалжыраған ақсақал өз некрологіне керекті өмірбаяндық деректерін өзі ұқыпты етіп жазып қойған екен.
– Аға, мұныңыз не? – депті досым түсініңкіремей.
– Енді не болғанда да бұ дүниелік емес екенім белгілі ғой. Ертең олай-бұлай болып жатсам, әкімшіліктегілер әуелі осы қағазды іздейді. Сонда берерсің, – депті ақсақал.
– Балаларыңыз бар емес пе?!
– Ай, інім-ай, өмірде екі қателік жіберсем, бірі – балаларымды орысша оқытқаным, орысша білім бергенім. Орыс тілінде сайрап жүрсе өмірден өз орындарын ойып тұрып алар деп ойладым ғой. Кеңес заманы біздерді солай тәрбиеледі. Орыс тілін жетік білгендер ғана төрге шығып, мансапты қызметке қол жеткізді. Мен де сол заманның "жетістігімін" ғой. Енді көрдік, орысша оқыған бала көбіне өзімен-өзі болып, салт-дәстүрімізге мән бермейді. Адаммен, ағайынмен араласуы кем болады. Ертең ағайын-туыстың алдында күмілжіп қалмасын. Сен бас-көз бол, ағаңның осы ақырғы аманат тілегі деп біл, – деген екен.
Досым осы әңгімені үлкен тебіреніспен айтты. Шынымен де мұндай жайды қай-қайсысымыз да көріп жүрміз.
"Орысша оқысаң ғана кісі боласың" деген жалған түсінікті қаншама қайталап естіп жүрсек те, өмір мысалдары оны жоққа шығарады. Бөтенді, басқаны мысал етіп алысқа бармай-ақ қояйық. Осы Аралдан шығып, алты алаштың мақтанышы болған қайраткерлеріміз, ұлы тұлғаларымыз Ұзақбай Қараманов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Құдайберген Саржанов, Рысқұл Ойнаров, Құдаберген Сұлтанбаевтың қай-қайсысы да ауылдағы қазақ мектебінен білім алып, кейін өзгелермен иық теңестіріп, бірсыпырасынан асып түсіп, сонау Ресейдің жоғарғы оқу орындарында оқып, бір ұлттың мақтанышына айналып, бір-бір тұлға болып қалыптасты емес пе. Бұдан артық қандай мысал керек, қандай үлгі керек, қандай өнеге керек.
Тәуелсіздік алғанымызға біршама жылдар өтсе де, орыс тіліне деген, басқа тілге деген әсіреқызыл құштарлық талайлардың көкірегін жылытып, ойын көкке самғатып жүр. Орыс тілі мен ағылшын тілін білсе, әлгі бозымбайлары, бойжеткендері жұлдызы жарқырап шыға келетіндей көрінеді. Дұрыс-ақ! Ғылымда, кәсіпте біраз жетістікке жетер. Әулетінің мақтанышына айналар. Алайда шын мәнінде ұлт қызметшісі деген ең бір мәртебелі атаққа ие бола алмай, дүбәра тіршілік кешері сөзсіз. Қазақы тақпақ айтып өспеген, қазақ ертегісінің қиял-ғажайыбына бала қиялымен сүңгімеген, «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын оқып, рухы асқақтамаған, "Қыз Жібек" пен "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" дастандарын оқып, ұлтық сезімнің иірімдеріне бойламаған, "Абай жолын", "Қан мен тер", "Көшпенділерді" жастығынның астына жастанып жатып оқып өспеген балалардың бойында өз ұлтына деген мақтаныш сезімі бүршік атпай қалған өскіндей солып, басқаның қаспағын қаймақ деп қабылдайтын етіп шығарады.
Қазіргі ата-аналардың көзге ұрып тұратын, өзгеден мойнын асырғысы келіп айтатын мақтаныштары "Балам Америкада, қызым Англияда оқып жатыр. Екеуі де сол жақта, үйлі-баранды болды. Тұрмыс-тіршіліктері керемет. Бейнеқоңыраумен күнде сөйлесіп тұрамыз" деген сөз. Ал енді сол бала мен қыздың, олардан туған немерелер мен жиендердің енді ешқашан қазақ болмасын, «Қазақстан Отаным», «Әр қазақ менің жалғызым» деп айта алмасын, ең ақыр аяғы өздері Алланың берген жанын аманат еткен кезде келіп "Атам-ау, әжем-ау" деп ата дәстүрмен жоқтау айта алмасын пәруаламайды. Яғни, бір күндік мақтаныш, бір сәттік көсемсу – олардың бүкіл өмірлік мұраттарын жоққа шығарып тұрады.
Қай-қай халықтың да ең жоғарғы саналық тәрбиесі – оның ұлтшылдығы және мемлекетшілдігі. Осы күндері қай-қай салада идеологиямызда кемшін тұстар болып жатса, ол мемлекетшілдік сананың жетіспеуінен. Ал мемлекетшілдік сананың алтын қоры – ұлттық тіл. Сондықтан да ұлтын сүйген адам ғана өз мемлекетінің нағыз патриоты болады. Ондай азамат елінің болашағы үшін, халқының жасампаздығы үшін, ең аяғы жанын да аямайды. Сол мемлекет үшін еңбек етіп, тер төгеді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіндегі ең басты нәрсе – ол ұлттық сана сезімін қалыптастыру, ұлттық рухын жандандыру, ана тіліне деген өлшеусіз махаббатын ояту.
Тәуелсіздік туын желбіреткен еліміздің ертеңін ойлайтын, халқымыздың, жұртымыздың қамын жейтін жасампаз, өр намысты, көкбөрідей ұрпағымыз болсын десек, ұлттық сананың қайнар бұлағы болатын – қасиетті де киелі Ана тілінен оларды бір сәт те айырмауымыз керек. Бұғанасы қатып, буыны бекіп, өмірлік таным-түсінігі қалыптасқанша тек қана ана тілінің мол қазынасынан керегін көсіп алып, туған тілдің телегейінен мейірін қандырып, балауса кеудесін тіктетуіміз – мақсат. Мұнан соң өмір баспалдақтарында үш тіл білсін, бес тіл білсін, ол енді бүгінгі ғаламдану ғасырында, технология заманында олар үшін керекті «ер қаруы – бес қару» болары анық. Сонда ғана жалынды жастарымыздың өмірлік мұрат-мүдде бағытындағы жолдары сара, даңғылдары дара шығады. Сонда ғана тәуелсіз еліміздің көк аспан тектес көк туын жоғары ұстап, әр қадамдары нық болады. Жас мемлекетіміздің жаңа қарқынмен дамуына өздерінің азаматтық, қомақты үлестерін қосады.
Ана тілін ардақтаған жас буын – арда азаматтар күні өткен кешегі Кеңестік кезеңнің рухани езгісінен құтыла алмай жүрген алдыңғы буын ағалар құсап әрбір сөзінде, әрбір жазбаларында ойының құлпын ашар кілті етіп Луначарский, Макаренко, Чернышевский, Добролюбовтың санамызға сіңіп қалған жаттанды нақылдарын ала салмай, өз халқының ұлағатты ұлыларын, алаш ардақтыларын төбесіне көтеріп, елдік сананың, ұлттық ұйысудың аңсарын өзек еткен Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев құралыптас алып қайраткерлердің сөздерін әр қазақ жүрегіне жаттап, көңіліне қаттап, төріне жазып қойса – ұлы арманның, ата-бабалар аманатының, елдік, ерлік жолының үзілмегендігі емес пе?!
Сылтауы сан түрлі жайлар еңсемізді басып, қаншама түңілгенімізбен де, ХХ ғасырда келген тәуелсіздік өз жемісін беріп, қазақ елін, қазақ баласын әлемге бұл күндері жиі-жиі таныта бастады. Басқаны қойғанда, бізге жақын жатқан, Ақтөбеден шыққан күміс көмей әншіміз Димаш Құдайберген әлемдік үлкен сахналардан өзіндік орнын ойып тұрып алып отыр. Ана тілінің нәрлі уызы бойына тең тараған Димаш та қалың қытайдың, арғы жақтағы американдықтардың, ормандай орыстың, Батыстағы ағылшын, француздың ба, ортасына барса да, басқа тілдің етегіне жармаспай, айтар ойын, серттей болған сөздерін туған тілі – қазақ тілінде жеткізіп жүр. Иә, біздің болашағымыз осы тәуелсіздік түлегі Димаштай жастар екені сөзсіз. Жас ұрпақтың жан әлемі, ұлтым деп соққан жүрегі осындай рухты болып тұруы керек.
Бүгінде әрбір адал сүт емген қазақтың жас пен кәрісінің күндіз ойында, түнде түсінде отаршылдықтың кесір, апатынан мойнымызға салынған темір қамыттай болған ұлтсыздықтан арылу, ұлтымыздың мерейлі болашағына сену жүр. ХХІ ғасыр өрінде халқымыз жан-жақты бәсекелестікке төтеп беріп, алдағы ғасырларға тілімізді барлық теперіштен арылтып, Елбасымыз айтқандай: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен? Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған - оның ғажайып тілі!» екендігін дәлелдеп, Ана тіліміз мемлекетіміздің ұлтына қарамай барлық азаматтарын біріктіретін қуатты ұлы арнаға айналып, ұлттық саясаттың темірқазық діңгегі болатын кезеңге ат басын тіреп тұрмыз.
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген екен қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы. Ал қазақ тілі ендігі жерде жоғалмайтыны анық. Есесіне, азды-көпті жоғын түгендеп, арғымағын сайлап, жасыл жайлауын жайлап, заман көшінің алдына шығады. Батыл қадамдар халқымызды биік белестерге еркін шығарып, жұмыла әлемге төбеден көз тастайтындай дәрежеге көтерді.
Алтайдан Атырауға дейін құлашын кеңге жайып, көсіліп жатқан Қазақстанның нұрлы болашағы тек қана қазақ тілі арқылы іске асатындығын әрбіріміз жүрегіміз арқылы сезініп, ақылымыз арқылы түйіндеп, «Мәңгілік Елдің» мәңгілік тілі бола беретіндігін айғақтасақ, одан артық бақыттың Алаш баласына керегі жоқ.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі