Өнері өрісті білікті ұстаз
Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектеп ғасырға жуық тарихында жас ұрпақты біліммен қаруландырып, ұлттық рухта тәрбиелейтін, келешек ел басқарып, жер-суына иелік ететін, елін гүлдендіріп, мерейі мен мәртебесін көтеретін азаматтарды тәрбиелеп шығарған киелі алтын ұя деуге толық негіз бар. Ондай шәкірттердің көш басында әлемге әйгілі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов, Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов, әділет генералы Сағындық (Сәкен) Жүрсімбаев сынды танымал ел азаматтары тұрған болса, кейін қаншама ғалымдармен қоса кезіндегі еңбек озаттары осы мектептен білім алып шықты. Аталған мектеп шәкірттерге ғана емес, жас мамандарға тәлім-тәрбие берумен қатар ұстаздық жолын қалыптастыратын мұғалімнің ұстаханасы іспетті.
Өзіммен бірге 30 жылдан артық ұстаздық еткен жоғары санатты мұғалім Алданыш Әбжәлиев туралы айтпақпын. Алданыштың есімі көпке таныс. Білікті ұстаз өзінің білімділігінің арқасында талай биіктерді бағындырды. Педагог ретінде айшықты қолтаңбасын қалдырған мұғалімнің өмір жолына тоқталсақ.
Алданыш Әбжәлиұлы 1948 жылы Көкарал ауылдық кеңесінде туған. Әкесі Әбжәли Оңғарбайұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Қан майданда ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Майданнан жаралы болып елге оралған соң, халық шаруашылығын өркендету жолында еңбек етіп, өмірінің соңына дейін ферма меңгерушісі болып абыройлы қызмет еткен екен. Ал анасы Палау Жолмағамбетқызы саналы ұрпақ тәрбиелеп, отбасындағы мызғымас берекені қалыптастыра білген нағыз қазақ әйелі деуге болады.
Алданыш Әбжәлиұлы Көкарал жетіжылдық мектебін 1961-1962 оқу жылында бітіріп шығады. Мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдан бастап оның бойында математика пәніне деген қызығушылығы ерекше болды. Оған басты себеп сол кездегі Құлжанов Райхан ағайының біліктілігі болды. Кейін Ақбасты орта мектебінде жоғары сыныптарды жалғастырып жүрген кезінде Торта Сәдірова апайы өзінен төмен 8-9 сыныптарға математикадан сабақ бергізгенге ұқсайды. Математика пәніне деген ынтасын оятқан Райхан ағай мен Торта апайға талай мәрте алғысын айтқанын естіген болатынбыз. Ол мектеп бітірер шақта қатты науқастанып, ауруханаға түсіп қалады. Бұл кезде оқу жылының қорытындысымен үздік оқығаны үшін «Алтын белгіге» ұсынылған екен. Өкінішке орай науқастануы себепті қорытынды емтихандарға қатыса алмай, медаль ала алмайды.
Алданыш бала кезден музыкаға құмар болып өскен. Оған себеп болған Арал қаласында тұратын Нұғыран ағасының үйіндегі домбырасы әсер еткен. Сол домбырада ойнауды өз бетінше үйреніп, домбырада шебер ойнайтын болып шығады. Бұдан соң баян, прима, мондалин, скрипка сынды аспаптарда ойнауды меңгеріп алған. Тітпі нотаны да өз бетінше үйренген екен.
Опоре де Бальзак: «Талант дегеніміз – жетілген табиғи бейімділік» дегендей, өнерге бейім, талантты жігітті 1967 жылы №13 мектеп басшылығы қуана қызметке алып, оған музыка саласынан үйірме жұмыстарымен қатар ән-күйден сабақ беретін мұғалім етіп жұмысқа қабылдайды. «Өнерлінің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста» демекші, бойына дарыған өнерді оқушыларға сіңіре білді. Сол кездерде әрбір атаулы мерекелер қарсаңында аудан мекемелерінің көркемөнерпаздар байқауы болатын. Осы байқаудың жүгі Алданышқа жүктелетін. Алданыштың басқаруымен аудан көлемінде көркемөнерпаздар байқауында жүлделі орын алып жүрдік. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, мектеп оқушыларының өнерге бастайтын жолдарын ашуға үлкен үлес қосты. Республикаға танымал болған жырау-термеші Рысбек Әшімов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Елмұра Жаңабергенованы айтуға болады. Бір кездесуде Елмұра: "Менің өнер жолына түсіп, осындай үлкен дәрежеге жетуіме Алданыш ағайдың еңбегі зор", – деп айтқанын естігенім бар.
Алданыш Әбжәлиұлы математика ғылымына деген құштарлықтан қол үзбей, 1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының математика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Ұлы ойшыл Исократ: «Математика дегеніміз – ақыл-ойдың гимнастикасы» деген екен. Сол сияқты күнделікті тапсырманы сол уақытта орындап отыратындығын және математика саласында алғырлығын байқаған институт оқытушылары Алданышты күндізгі бөлімде оқуға шақырады. Жанұялық жағдайына байланысты ондай мүмкіндігі болмаған соң сырттай негізде оқып шығады. Институтты бітірген соң тек математика пәнімен айналысуға кіріседі. Мектепте математика үйірмесін ұйымдастырып, уақытпен санаспай шәкірттерге білім беруде аянбай еңбек етеді. Белгілі педагог Ушинский: «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген екен. Сол сияқты ұстазының құдіретті күн сәулесі түсіп, аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орын ала бастады. Соның бірі Аманжолов Бекболат математикадан өткен облыстық олимпиадада бас жүлдені иеленіп, республикадан жүлделі орын алып қайтқаны бар. Бір шәкіртінің Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында болған аймақтық олимпиадада бас жүлдені жеңіп алғанына куә болғанымыз бар.
Белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов: «Адалдық ақ дастарқан сияқты, бетінде бәрі көрініп тұрады» деген екен. Сол сияқты Алданыш Әбжәлиұлының ерен еңбегі бәрімізге белгілі екендігі рас. Ол адал еңбегінің арқасында 1999 жылы тәуелсіз ел мұғалімдерінің І съезіне делегат болып қатысты. 2000 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. 2001 жылы облыс бойынша «Ғасыр мұғалімі» атағын алды. Аудан бойынша «Дана – ұстаз, дара – ұстаз» номинациясының иегері. Облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының бірнеше мәрте Алғыс хат, дипломдарымен марапатталған. Кезінде аудан математика бірлестігінің секция жетекшісі ретінде басшылық жасап, өзінің мол тәжірибесін жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емес. Алданыштың 1986 жылы "Қазақстан мектебі" журналына «Кейбір көпбұрыштар ауданын интегралдап табу» атты мақаласы сол кездері пән мұғалімдері үшін таптырмас қосымша оқу құралына айналды.
Алданыш Әбжәлиев бір мектепте 52 жыл ұстаздық етті. Бұл мерзім өте сирек кездесетін жағдай екені белгілі. Зейнеткерлік жасына келсе де, аудандық білім бөлімі, мектеп басшылығы білікті ұстазды жібере қойған жоқ. Себебі Алданыштай математика саласының жүйрігі ретінде, мол тәжірибе жинақтаған саңлақ ұстаз ауданға ауадай қажет еді. Үлкен абыроймен жарты ғасырдан астам ұстаздық еткен ол 2019 жылы зейнет демалысына шықты. Аудан мұғалімдері әлі де болса Алданыш мұғалімдерінің ақыл-кеңесіне жүгініп отырады.
Қазір аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің жанынан ұйымдастырылған «Ұлағат» атты ардагерлер ансамблінің белді мүшесі Айтпақшы, кезінде Қазанғап оркестрінің мүшесі ретінде Мәскеу қаласындағы ВДНХ көрмесіне қатысып қайтқан болатын. Кезінде «Президент стипендиясына», екінші рет «Ерен еңбегі үшін» медалына ұсынылды. Бірақ белгісіз себептермен ала алмағанын әңгіме арасында айтып қалды. Алданыштың ақындық өнері өз алдына бір әңгіме. Оның өлеңдер жинағы кітап болып шықпағанымен, қалың дәптерге жазулы.
Ұлы ойшыл, философ Әл-Фараби: "Бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгеріп, ізгілікке бағыттап отыруында" деген екен. Алданыш Әбжәлиұлы осы айтылған мүддеден шыға білді. Өнері өрісті, математика саласының білгірі, ақындық толғауы, жайсаң мінезі мен жарасымды әзілі, парасаттылықпен алға қойған мақсаты үшін аянбай тер төгуші, барлық істерін ізгілікке бағыттап, шәкірттерінің сүйікті ұстазы, мектеп ұжымы ғана емес, бүкіл аудан, облыстың дара саңлақ ұстазы және сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенін ұзақ жылдар бір терінің пұшпағын бірге илегендіктен, Алдекеңді өте жақсы білгендіктен айтып отырмын.
Қожа Ахмет Ясауидың ұстазы Арыстан баб ұзақ жылдар ұртына бір түйір құрманы сақтап, шәкіртіне табыс еткен екен. Ұртындағы құрма оның жинаған білімі, рухани адами қасиеттерін сіңіруі еді делінген. Ұзақ жылдар бойы жинаған білімін, рухани, адами құндылықтарын шәкірттерінің бойына сіңіре білген, әдемі қартаюдың үлгісін кейінгі ұрпаққа көрсетіп келе жатқан Алданыш ініме зор денсаулық, отбасына амандық тілеймін.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы