Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әуелбековтің шерепеті

Әуелбековтің шерепеті

Шовинистік («ұлы» ұлттың астамшылығын насихаттап, «бұратана» ұлттарды қанау, шеттетіп, түртпектеу құқығын негіздеу) көзқарасы мен іс-әрекетінен патшалы Ресейден әлдеқайда асып түскен келмеске кеткен Кеңес Одағы кезінде қолдан жасалған ашаршылықтан қазақтың жартысынан астамын қырып-жойып қана қоймай, рухын біржола сындырып, тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен қол үздіруді мықтап қолға алғандығы тарихтан белгілі.
Мұндай озбырлықтың тағы бір парасы – өнеркәсіпті дамытуды желеу етіп, Ресейден орыстарды еліміздің қалаларына жағдайларын жасап, көптеп шоғырландыру болса, оған «мол астыққа кенелеміз» деген желеумен тың және тыңайған жерлерді есепсіз жыртып, қажетті-қажетсіз сансыз селоларды тұрғызып, оларға да Ресей жерінің түкпір-түкпірлерінен адамдарды тоғыту арқылы қазақ мектептерін жаппай жауып, жойып, қазақ рухын біржола таптау әрекетін қосыңыз.
Бұл аз болғандай Кеңес үкіметінің заңдары орыстандыруға қатаң негізделіп, жазалау заңдылықтары орыс ұлтына барлық жерде басымдық берілді. Яғни, халық тілімен айтқанда, «жапалақты тасқа ұрса да, таспен жапалақты ұрса да жапалақ өледінің» керін келтірді. Демек, бұл дегеніңіз, орыстың іс-әрекеті дұрыс болсын, дұрыс болмасын соныкі «дұрыс» деп есептелінді.
Міне, осындай ел басына күн туған шақта бұлт арасынан жарқырап шыққан күндей қазақтың талай азаматтары халқына үлкен үміт сыйлады. Күдер үздірмеді. Солардың арқасында еліміз бордай тозбай, елдігін сақтап қалды. Олардың есімі ел есінде мәңгілік сақталатыны ақиқат!
Сондай ұлты үшін өшпестей еңбек етіп кеткен қазақтың біртуар  ұлдарының бірі – Еркін Нұржанұлы Әуелбеков. Ол ұлты жан-жақтан қыспаққа алынып, тығырыққа тірелген сәттерінде қамқоршы бола білді. Жүрген жерлерінде қарапайым жандарға шерепеті мол тиді. Ешкімді бөле-жармады.
Соның айғағы іспетті ауылымыздың тумасы Сайып-Жамал Бисенәлиевке тигізген шерепеті баршаға үлгі! Әсіресе, атқа қонған ұлт шенділеріне үлкен сабақ боларлық.
Сайып-Жамал Бисенәлиев 1951 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекенінде дүниеге келген. 1967 жылы мектепті бітіріп, сол жылы Қызылордадағы медициналық училищеге түсіп, оны 1970 жылы бітіріп шығады. 1971 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының дайындық курсында оқып, 1972 жылы аталған оқу орнына қабылданады. Ол кезде Қарағанды қазақ елінің екінші ірі қаласы санатына жатқаныменен, қазақ үшін есігі тарс жабылған қалалардың қатарында-тын.
Дегенмен, өзінің ерік-жігері арқасында шовинистер күш алып тұрған бұл қалада Сайып-Жамалдың студенттік өмірі басталған. Алайда, «төріңе озып, төбеңе шыққан» орыс шовинистерінің ұлтымызға жасаған озбырлықтары Сақып-Жамалдың шыдамын сарқып, әділетсіздікке қарсы шығарды.
1977 жылы 5-курста оқып жүрген Сақып-Жамал қазақ қызының абыройына ара түсіп, қасындағы екі досымен бес орыс жігітін ұрып жығуының соңы бәрінің институттан шығарылып, үш жылға бас бостандықтарынан айырылып кете баруымен тынды.
Павлодар түрмесінде ұлтының намысын аяққа таптатпаған өрімдей үш қазақ жігіті орыстың қылмыскер шовинистерінің қысымына төтеп беріп, жазаларын абыроймен өтеп шығады. Алайда, шовинистер билеп-төстеп тұрған институттың есігі бұлар үшін мәңгілікке жабылған-ды. Өйткені, соңғы әділ шешімнің нүктесін қоятын сот екеш сот та бұлардың шағымына құлақ аспай, шовинистерге қарай ауыздары қисайған еді. Шарасыз қалған қазақтың үш намысқой жігіті көп ұзамай тағдырдың дегеніне көніп, үшеуі үш жаққа жол тартқан болатын. Сөйтіп, Сақып-Жамал Арқалыққа – келіншегі Сапура жеңешемізге қайта оралды. Ол кезде Торғай облысын Еркін Нұржанұлы басқаратын. Халықтың үлкен сүйіспеншілігіне бөленген Әуелбековтің даңқы бүкіл Қазақстанды шарлап жатқан еді. Оның «қара қылды қақ жарар» әділдігі, өз ұлтына деген махаббаты, қарапайым халыққа қамқорлығы, жарқын іс-әрекеті бәрі-бәрі аңызға айналып жатқан шақ болатын.
Сақып-Жамалдың қайын жұртындағы жігіттердің бірі:
– Сен Әуелбековтің қабылдауына кіріп, жағдайыңды айтып көрсең қайтеді?! - деген ой тастады. Бұл ой баршаның көңілінен шығып, қызу қолдап кетті. Сақып-Жамал да көп ойланбастан, соңғы үмітін арқалап, аймақ басшысы Еркін Нұржанұлының қабылдауына тәуекел етіп кірді. Сақып-Жамалдың басынан өткен оқиғаларды мұқият тыңдаған Еркін ағамыз:
– Иә-ә, шовинистердің қулығына құрық бойламайды. Олар қазақ баласының өскенін, еліне адал қызмет қылғанын қаламайды. Сондықтан, ендігі жерде бостан босқа арандап қалмай, аса сақ болғандарың жөн. Елге өзіңдей намысты да сауатты қазақ жастары аса қажет! – деді тебірене.
Сөйтті де, көп ойланбастан, Қарағанды облыстық сотына өз атынан қолдау хат дайындап берді. Бүкіл Қазақстанда салмағы бар, халық арасында беделі аса зор, Қазақстан Коммунистік партиясы жетекшілерінің бірі, әрі партияның көрнекті өкілі Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өзі тікелей қолдап отырған соң, шовинистердің де сағысынып, Сақып-Жамалдың ісі тез оңға басып, институтқа қайта қабылданды.
Әуелбековтің аманатына адал Сақып-Жамал институты 1981 жылы ойдағыдай бітіріп шығып, жаңадан ашылған Торғай аймағында 40 жыл психиатор-дәрігер мамандығы бойынша абыроймен еңбек етті. Жоғары санаттағы дәрігер-психиатор ретінде сот саласында «Психологиялық-психиатор» мамандығымен атқарған еңбегі ерекше бағаланды. Республикалық дәрежедегі марапаттар иесі атанды. Бала-шағалы болды. Балаларының бәрі жоғары оқу орындарын бітіріп, әр салада қызмет атқарып жүр.
Сертіне адал, намысты жігіт Сақып-Жамал 2016 жылы жүрек науқасынан көз жұмды. Қайран уақыт! Қайран өмір! Өз дегенін істемей қоймайды ғой!
Міне, орыс шовинистерінің арандатуымен күйіп кеткелі тұрған бір намысты қазақтың ғұмырын сергелдеңнен аман алып қалып, еліне адал қызмет етуге жағдай жасаған ұлтын сүйер азамат, бірегей тұлға Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің осылайша қаншама қазақтың баласына шерепеті тигені бір Құдайға ғана аян! Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Еркін Нұржанұлы Әуелбековті халқы әрқашан есіне сақтап, жұлдызын жарқырата түсері анық. Өйткені, ол халқына сондай құрметке ие боларлық еңбегі бар азамат болатын.
Ендігі жерде қазақ өз жерінде өгейліктің қамытын киіп, келімсектерге жем болмасы үшін қолға тиген Азаттықтың асыл сезімін аялап, ауызбірлікті нығайта беруіміз аса қажет. Ұлтына шерепеті мол Еркін Нұржанұлы Әуелбековтей азаматтарымыз көбейе берсін!
Нұрбай ЖҮСІП
02 қараша 2021 ж. 1 262 0