Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқынның тілеулесі

Толқынның тілеулесі

Толқында талай жан еңбек етті. Жас күнінде қызметке қабылданып, осы басылымның ыстығына күйіп, суығына тоңған көптеген қызметкерлер бүгінде алдымыздағы жол көрсетер ардагерлер қатарында. Сөз суыртпақтап, сыр тартсаңыз еске түсірер естеліктері де, қазына қылып айтар құнды мәліметтері де жетерлік. Басылым беделі үшін еңбек етіп, әлі күнге ұжымға ортақ той-қуаныштардан тыс қалмай жүретін ардагерлер қатарында Күләш Шиманова апамыз бар. Осы жылы 65 жастың төріне шыққан қарт қазынамыз сонау 1980 жылдың 5 қарашасында тазалықшы болып қызметке орналасқан. Сол жылы «Толқын» газетінің 50 жылдық мерейтойы тойланған. Ол кезде «Толқын» газетіне С.Ермағанбетов басшылық еткен. Бұдан өзге Ө.Төлепов, О.Бектұрғанов, К.Өмірзақов, Қ.Мұқашов, С.Сейтмағанбетов, А.Өткелбаев, Ә.Әбдірашев сынды қаламы қарымды журналистермен қызметтес болған К.Шиманова сол кездегі редакция қосынында көптеген зиялы қауым өкілдерімен қызметтес болғанын мақтаныш етеді. Міне, сол жылдан бастап әр жылдардағы «Толқынның» 60, 70, 80 жылдық мерейтойларына куә болған ол өзі еңбек еткен басылымның 90 жылдығына да куә болды. Әлі күнге апамыз өзі еңбек еткен ұжымнан қол үзген емес. Қай уақытта болмасын ұжымға ортақ қуаныштардан шет қалмай, Толқынның тілеулесіне айналып келеді.
Күлаш апаның жолдасы Өмірзақ Төлеуов 1949 жылы өмірге келген. Заманында қайықта, механик кейін капитан болып, теңіз тіршілігіне сән берген порт жабылғанша еңбек етті. Бүгінде өмірден озған. Өзі 1956 жылы 13 сәуірде дүниеге келген. 1964 жылы №176 қазақ орта мектебіне барып, 1974 жылы Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті бітіріп шыққан. 35 жылдай іргелі қара шаңырақ «Толқын» газетінде еңбек еткен ардагеріміз 2014 жылы зейнеткерлікке шықты.
Бес бала өмірге әкеліп, олардан немере сүйген кейіпкеріміз бүгінде жолдасы Өмірзақ екеуінің ізін жалғар ұрпақтарымен мақтанады. Өмірінде өнеге бар, артында шежіресі бар кейіпкеріміз Күлаш апа:
– Мен «Толқынның» 50 жылдығынан бастап әр кезеңдегі мерейтойларына куә болып келемін. Өткен жылы 90 жылдықты да бірге өткердік. Бұл шаңырақ менің екінші үйім болып кетті. Кезінде көзін көрген әріптестерімі болмаса да, қазір ағалар салып кеткен сара жолды одан әрі жалғастырушы жаңа буын бар. Барлығы да өз істерінің маманы. Жолым түсіп, соққан сәтте құшақ жайып қарсы алатын әріптестерім бар. Мұндай ортада еңбек етіп, кішіге ақылшы, үлкеннен үлгі алғаным мен үшін әркез мақтаныш. Еді міне өзіме ыстық «Толқыным» 91 жасқа келіп жатыр. Мерейтой құтты болсын. Беделі бар басылымыммен мен де мақтанамын, – дейді Күлаш апамыз.
Саналы ғұмырын басылыммен бірге өткізген жандардың арамызда болғаны бізге мақтаныш. Себебі олар өткеннің көзі тірі куәгерлері, кеудесі сырға толған тарих. Ардагер жандардың бізге көрсеткен бағдары әлі де бағдаршам іспетті. Олар барда тарих бар. Ескі естеліктер де мол.
Иә, күні кеше төл басылымыңыз «Толқын» газеті 91 ге толды. Яғни, 1930 жылдың 1 қарашасында ақпарат айдынына желкен керген басылымға кеше тура 91 жыл толып отыр. Сол бір мерейлі мезетте редакцияға Ерғали Абдулла, Құндыз Дәуітова бастаған ардагер журналист аға-апаларымыз келді. Қатарында Толқынның тілеулесі болған Күләш Шиманова апамыз да бар. Негізі қуаныш бәрімізге ортақ. Той құтты болсын, әріптес аға буын!
А. ҚАРАСАЙ
03 қараша 2021 ж. 1 410 0