Алтын бесік
Кішкене ғана жел тұрса, қара жерден құм суырып жататын, жазы аптап, қысы қатал, құтты мекенім, мейлі ну орманын, мейлі шалқар көлін ұсынсын, мен сені әлемнің қай түкпіріне болсын айырбастамас едім. Сендей қасиетті мекенді еш жерден таба алмас едім-ау. Туған жер туралы айтқанда, адам баласының көңілі ерекше күй кешеді. Себебі әркімнің өзінің құтты қонысы, туған мекені бар. Мен де туған жерім – Сексеуіл кенті туралы сыр шерткенде толқынысты сөздерді кеудемде ұстап тұра алмаймын. Сондықтан тоғыз жолдың торабындағы ауылым жайлы қағаз бетіне түсіруді ойладым.
Біздің ауыл қыр беткейден орын тепкен. «Тербенбес» аталатын қыраттың қойнында орналасқан. Тасын түртсең, тарих туралы сайрай кететін осы бір ауылым көптеген аңыз-оқиғаларға бай. Әрбір жота мен төбелердің атауында әлдебір аңыздың тарихы жатады. Мысалы, Ақойма, Бөгеттікөл, Жанқожа, Шағатай секілді жер-су атауларында бір-бір оқиғаның бастауы жатыр. Бұл жерлер біздің ауылға жақын орналасқан. Соның ішінде маған ең ыстық сезілетіні – Шағатай елді мекені.
Кішкентай күнімде каникулдың көп бөлігін Шағатайдың шағыл құмдарында өткіздім. Себебі әжем Әзиза осы ауылда тұратын. Егде кісінің етегіне орала жүріп, мал шаруасын қалай жүргізетінін көруші едім. Қара жұмыстан қатайып кеткен қолдары, құрт жасағанда жібектей есіліп кетуші еді. Түрлі формадағы құрттары тіл үйіретін. Ауыл адамдары өте мейірбан. Сексеуілден келген базарлықтан әжем үй-үйге үйлестіріп, көршілеріне дәм татқызады. Кешкісін ас ішіліп болғасын әжемнің құшағында жатып, әңгіме тыңдаймын. «Үлкендерді сыйла» дейтін әжем. «Адам сәлемімен сыйлы. Үлкенмен де, кішімен де саулық сұраса біл. Одан еш жаман болмайсың» дейтін. Ертегілер мен аңыздар әжемнің көкірегінде сайрап жататын. Таңғажайып тылсым әлемге сүңгіп жатып, қалай ұйықтағанымды сезбей де қалушы едім.
Қазір әжемнің сол әңгімелерін сағынамын. Кейде менің ауылға деген сүйіспеншілігімді қалыптастырған осындай керемет естеліктер секілді көрінеді. Өскен соң туған жерімнің тарихын терең зерттесем деймін, өркендеуіне өз үлесімді қоссам деймін. Бұл әр адамның туған жер алдындағы перзенттік парызы деп білемін.
Жұлдыз ЖАППАРОВА,
№177 орта мектебінің оқушысы