Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алшынбай ата кесенесі

Алшынбай ата кесенесі

Ата-бабаны, өлі әруақты құрметтеу – қазақтың қашаннан қанына сіңген, ұрпақ­тан-ұрпаққа дарып келе жатқан дәстүрлі қасиеті. Соның бір айғағындай, Алшынбай ата ұрпақтары бабаларының құрметіне үл­кен, көрікті кесене салып, ас беріп, кейінгіге өнеге болатындай игілікті іс тындырды.
Ата-тегіне келетін болсақ, Жақайым­ның Тоқал-Асанынан Қосқұлақ, одан Ал­шынбай туады. Алшынбай өз заманында әрі батыр, әрі әулие дегендей тегін адам болмаған екен. Сондықтан  да ол дүниеден өткенде мүрдесін Шалқардың солтүстік батысына қарай 50 шақырым жердегі Болғасын деген үлкен әулиелер қорымына апарып жерлейді. Кейін ұрпағы ата­лары­ның жатқан жерін тауып, басына ескерткіш құлпытас қойып және топырақ алып, туған жерінде кесене салуға уағда­ласады.
Оңтүстікте Дәукенің құмы, Тасыр, баты­сында Сексеуіл, Тербенбес, теріскей­інде Шижаға, шығысында Алтықұдық – осы маңай Алшынбай ата жайлаған жер болса керек. Сондықтан да ұлы жолдың бойынан Сексеуіл кентіне бұрылғандағы биік төбе басына баба жатқан жерден әкел­ген топырақты көміп, көрікті кесене тұрғызды.
Бұл айтуға оңай болғанмен, оның талай қиындығы да кездесті. Әсіресе барлық мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Осындай игілікті іс барысында «Бітер іс­тің басына жақсы келер қасына» деген­дей, Алшынбай ата­ның Алматыда тұра­тын жана­шыр ұрпағы Мұрат мен Нұр­ым Өт­е­геновтер мен Мұратжан Шомбалов қомақ­ты қаржы бөліп, демеушілік жасап, кесе­ненің көрікті де әсем салынуына айта жүрерліктей қолдау көрсетті. Сонымен бірге ағайын-ту­ыстар да бұл жұмыстан қал­ыс қалған жоқ.
«Мың қосшыдан бір басшы» дегендей, осы үлкен істің бас­ында әулет үлкендері Мұрат Қайыңбаев, Байғазы Әйтешов, Қазыбай Арыстанов, Абзал Жұбаниязовтар басшылық жасап жүрсе, кесененің қара жұмысында Батыр­хан Әбшүкірұлы, Серік Диханов, Темір Қосанов, Тұрмантай Нәу­кенов, Ислам Нұрманов, Асылхан Сақта­ған­ов, Кемал Балымбетов, Қанат Махам­бетов, тағы басқалар болды. Ал бұларға техника жағынан Ринат Пахуадинов, Әбөк Сақтағанов іркіліссіз көмектесіп отырды.
Кесененің ашылу салтанатында әулет үлкендері Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жеткерген Оразбаев, Арал ауда­нының құрметті азаматы Қайролла Абы­ла­ев және аралдық Қазыбай Аханұлы, тағы басқалар шығып сөйлеп, Алшынбай ата­ның өмір жолы мен оның жер-жердегі бүгін­гі ұрпағы жайлы кеңінен әңгімеледі.
Мұнан соң кесененің жанынан кеңінен тігілген ақ шатырдың ішінде екі жүзден астам адамға дастарқан жайылып, ас бері­ліп, баба рухына Құран бағышталды.
Осылайша келбетті де әсем кесене сал­ып, ас беріп бабаларын ұлықтаған Алшын­бай ұрпағы бірліктің, ынтымақтың үлгісін көрсеткендей келелі іс тындырды.
Ж. ЖАҚЫП
01 желтоқсан 2021 ж. 983 0