Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел есіндегі есім еді...

Ел есіндегі есім еді...

Биыл ел тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде аудан дамуында елеулі еңбек еткен жандар баршылық. Олардың тың бастамалар мен ел саясатын дұрыс бағытта жүргізе білгендігінің арқасында ауданның бүгінгі айшықты қалыптасты десем артық болмас. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау етпегіміз жаны нәзік бола тұра, ерге бетер қайсарлығымен ел есінде қалған – Набат Маханова.
Ана туралы әңгіме қозғалса, мен бірден қазақ әйелдері  туралы ойланып, сөз бағытын солай қарай бұра бастаймын. Осы тақырып  мені үнемі толғандырады. Қазақ әйелі атқа мініп ел қорғаған, қол бастаған көсем де болған, шешен де болған, «далада ат ойнатқан, үйде құрт қайнатқан» деген сөз осыдан қалған болу керек. Оның үстіне біздің қазақ әйелдерінің өтейтін парыздары, орындайтын міндеттері сан қырлы. Әрбір қазақ анасы отбасымен қоса қайын жұртына қызмет етеді, өз төркіндеріне алаңдайды, көмектеседі, нағашы жұрты, жиендер, бөлелер осылай  жалғаса береді.  Көршілердің де жағдайына қарайды, осылармен қоса жауапты жұмыстар атқарады.
Бүгінгі біздің тәуелсіздік алған жаңа заманымызда да қазақ әйелі мемлекет және қоғам қайраткері, кәсіпкер, қазақ елін дүние жүзіне әйгілі етіп жүрген өнер, спорт қайраткерлері, тілінен бал тамған ақын, жазушы білікті басшы бола тұрса да, алдымен ана дүниеге бала келтіріп, түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиелеп, отбасының берекесін келтіріп, аналық парызын орындау жолында барлық кедергілер мен қиындықтарды жеңеді. Мен әңгіме еткелі отырған осындай қасиетті, парасатты ардақты аналардың бірі –  Маханова Набат Өтегенқызы еді. Мен ол кісімен сонау Кеңес кезінде аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, мен ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы қызметтерін атқарған кезден таныспын. Қызметте жүріп осы кісінің тәжірибесін, талаптарын, өз заманының озық ойлы, еңбекқор нағыз ана екендігіне көзім жетті.
Набат Өтегенқызы 1937 жылы 9 желтоқсанда Арал қаласында дүниеге келген. 1954 жылдан еңбек жолын касса бақылаушысынан бастап, есеп-қисап қызметтері, басшылық, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінде басшылық қызметтерді атқарды. Сатылай өсу, жетілу, өзін қай жағынан да шыңдай түсу тағы бар. Бұндай өсу, өркендеу жолдары әрине кім көрінгеннің қолынан келмесі анық. Осы қызметтердің арасында жүріп сол уақыттағы жоғары саяси оқу Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Апай қай салада, қай кезде өзінің сабырлы мінезімен, талапшылдығымен кейінгі біздерді тәрбиеледі. Ол кісі келе жатырған кезде біз тұра қалып, өзімізді тез жинастырып алатын едік. Бұл жерде мүлт кетуге еш жол беруге болмайды. Өйткені әрбір қызметтік іс барысын ел-жұрттың алдында айнадан көрінгендей өтіп жатыр. Киім киюі, ақыл-парасаттылығы, биязы мінезі әйел адамға әбден жарасатын келбет.  Міне, осындай тәлім-тәрбие берген апайымды кейде сағынып отырамын. Набат апай тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді.
Дүние деген фәни-ай!... Апайдың сол кездегі шәкірттері  кейін ауданның әр саласында қызмет жасаған қыздар: Г.Дошниязова,  О.В.Марченко, З.Айтжанова, Ш.Бисеналиева, Қ.Дәуітова, Н.Табынбаева әр уақытта апайдың бізге айтқан сөздерін, жасаған қызметтерін еске алып отырамыз. Иә, ізгілік пен еңбекқорлықты бойына дарытып, қарапайымдылығымен көптің алғысына бөленген білікті басшы, ардақты ананың өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, биік парасаттылық болмысын танып тағылымды тәжірибесін насихаттау – біздің міндетіміз.
Апаймен тетелес бақытты өмір сүрген жұбайы Кемал Жолмахановтың өмірі өз алдына үлкен өнеге еді. Ол кісі де апайдың алдында марқұм болды. Тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары болды. Өкінішке орай, ұлы Мұхамедин, қызы Нұргүл де қазір бұл дүниеде жоқ. Артында қалған Мұхамединнің ұлдары, келіні Алмагүл, ұлы Нұрбек, қызы Жаннат, күйеу баласы Алмас жақсы адамның ізін жалғастырып келеді.
Иә, Набат Маханованың ақ адал еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше рет Одақтық медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзі тұрған көшеге Н.Маханова аты  берілді.
Осындай ел дамуына үлес қосқан әйел-ананың біздер ізіне ерген ізбасарлары, бауыр еті езіліп "папа" деп атайтын сіңлісі, ауданға белгілі білікті дәрігер Калипа, осылай еске алып сағынып отырамыз. Калипа сіңлісі үйге қонақтар келетін болып, апайдың алдына алжапқыш байлап алып ас дайындап жүргенін көрген Райғани Сүлейменов ағамыз «Түзде ат ойнатқан, үйде құрт қайнатқан Набат» деген екен деп еске алады. Артында қалған ұрпағы барда апайдың есімі ұмытылмайды, өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Ханзада ӘБІЛҒАЗИЕВА,
Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі
07 желтоқсан 2021 ж. 708 0