Жұртына жақын Жолдасбай
Бүгінде сәл жақсылық жасаған адамдар еңбегін пұлдап, «етегіне жармасып, көмек сұрайтынды» әдетке айналдырып алғалы қашан!
Алайда, керісінше «әр еңбекті – өз міндетім» деп есептейтіндер де жеткілікті. Мұндай жандар қай салада болмасын кездеседі. Сондай жанның бірі – аудандағы танымал дәрігер Жолдасбай Жақсылықов.
Жолдасбай – біздің сыныптас досымыз. Ол ұзақ жыл медицина саласында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Бірақ ауданымызда білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі – Жолдасбайды жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығына қайта оралтты.
Мен Жолдасбайдың республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі марапаттарына тоқталмай, оның талай жандардың дертіне шипа тауып, ажалына ара түсулерінің бір парасына тоқталғанды жөн көріп отырмын. Атап айтар болсам, ол менің балам Заманды мүгедектіктен құтқарған абзал жан. Бұл іс-оқиғаның бүге-шігесіне дейін білгендіктен, құрғақ мақтаудан аулақпын.
Балам ол кезде үш жаста болатын. Яғни, оқиға 2006 жылы болған-ды. Ойын баласы ғой. Аула сыртына шығып, шамалы уақыт ойнап келгеннен кейін, кешке қарай денесі ісіп, артынша қызуы қатты көтерілді. Жергілікті жердің дәрігерлеріне көрсеттік. Олар «салқын тиіп қалған екен» деп күнде келіп екпе салды. Бала әлсіреп бара жатты. Бірақ ыстығы түсер емес, біз «табан асты не боп қалды?!» деп аң-таңбыз. Арада бір ай өтіп кетті. «Баяғы жартас – бір жартас», еш өзгеріс жоқ. Қызуы да түсер емес. Ол аз дегендей, бір аяғын баса алмай қалды. Ауылдың дәрігерлері: «Баланың аяғы туасылы кеміс болған ғой» деп күйдірді. Үй-ішіміз боп қобалжи бастадық. Сол сәтте келіншегім табан асты қатты ауырды. Яғни, тамағынан су өтпей қалды.
О, Құдайдың құдіреті-ай! Дереу Гүлмираны аудан орталығына алып баруға тура келді. Сосын ойланып отырып, ыстығы әлі түспеген баламды да «ала кетейін» деп оны да ала жүрдім. Аудандық емханаға келсек, орнында дәрігер жоқ екен. Келіншегім қатты қысылуда. «Енді не істеймін?!» деп қатты сасқан сәтімде Гүлмира:
– Біз Мақпал тәтеге барайық. Жолдасбай сыныптасың оның бастығы ғой. Таныс дәрігерлеріне айтар, - деді.
Бұл ақыл көңіліме қона кетті. Біз дереу Жолдасбайдың жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелдік. Есіктен кіріп, екінші қабатына көтеріле бергенімізде, алдымыздан Жолдасбай жолықты. Амандаспастан бұрын балам Заманға көзі түскен бойда, шошып кетті.
– Ау, Нұрбай-ау, мына баланы өлтіруге келтіріпсің ғой! – деді дауысын қатты көтеріп.
Мұны естігенде, бәріміз де шошып кеттік. Жолдасбай дереу жеке бөлме дайындатты да, баламды оқшаулап тастады.
Біз аяқасты не боп қалғанын түсінбей қалдық. Гүлмира шошынғаннан жылап жіберді. Жолдасбайдың түрі түтігіп кетіпті. Маған қарап:
– Балаңа екі түрлі диагноз қойып отырмын. Егер мен ойлағандай екінші түрі болса, ашығын айтайын, балаңнан айырылып қаласың! – деді қатулана.
Мен не істерімді білмей қалдым. Сасқанымнан тікемнен тік тұрған күйім, аяқ-қолым қалтырай жөнелді. Тек миымның ішінде «қалай да балам аман қалса екен» деген үміт қана қалды. Көзім қарауытып кетті. Түк көрер емес.
Сол кезде тұман арасынан Жолдасбайдың дауысы естілгендей болды:
– Баланы осыншама кешіктіргендерің не?! – деген өкінішке толы өктем дауысы шықты. Бұл дауыс санамды селт еткізіп, көзімді ашып жіберді.
– Баламды бір ай бойы шаншып, ұстаған ауыл дәрігерлері ғой. Мен емес! – дедім, кенет ауыл дәрігерлеріне кектене ашуланып.
Бірақ менің ашуланғанымды елеместен, балаға шын көңілімен жаны ашыған Жолдасбай:
– Ай, өстіп, талайдың обалдарына қалып жүрсіңдер-ау! Білмесе, ауданға жібермей ме екен?! – деді түтіге.
Мен мең-зең күйдемін. Бір қызығы, келіншегім Гүлмираның тамағы кенеттен ашылып кетті!
«О-о, Құдайдың құдіретінде шек бар ма?!...»
Әрбір сәтіміз тозаққа айналған уақыт та өтті-ау бір кезде. Түстен кейін қалтырап-дірілдеп Жолдасбайдың ауруханасына әрең жеттім. Гүлмира Жолдасбайдың рұқсатымен баланың қасында қалған.
Алдымнан жадырай күлімдеп қарсы алған Жолдасбайды көргенімде, бір жақсылықты ішім сезіп, қуанғаннан жылап жібере жаздадым.
Жолдасбай арқамнан қағып:
– Нұреке, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, балаң мен ойлаған ауыр дерттен аман. Малдан жұққан кәдімгі сарып ауру екен. Дегенмен, уақытын өткізіңкіреп алыпты. Сәл кешіккеніңде, сарыптың құрты буын-буындарына түсіп, балаң мүгедек болып қалары сөзсіз еді. Аяғын баса алмауы да содан. Енді ештеңе етпес. Қолымнан келгенше, балаңның сауығуына көмектесемін, уайымдама! – деді.
Жылы сөз жаныңды жадыратады ғой! Еңсемді көтеріп, тез рухтанып кеттім.
Расында да, бір айдай емделген баламның дерті бері қарап, бойындағы ісігі қайтты. Екі жылдай есепке алып, уақытылы емін алған балам Заман ақыры құлан-таза жазылып кетті.
Әкенің балаға деген махаббаты шексіз ғой! Сол махаббаттың қуатын балаңды қайта қатарға қосқан адамды әкенің қалайша құрметтейтінін, мұндайды басына өткермеген адам қайдан түсінсін?!
Мен Жолдасбай сыныптас досымды бұрыннан шыншылдығы, адалдығы, еңбекқорлығы үшін қатты сыйлайтын едім. Балам Заманды өмірбақи мүгедектіктен сақтап қалғаны үшін құрметтейтін болдым.
Лайым, Қазақстанда адамдарды осындай қауіпті дерттерден сақтап келе жатқан дәрігерлердің қатары көбейІп, ел-жұртты қуанышқа бөлей берсін дегім келеді.
Нұрбай ЖҮСІП,
Қамыстыбас ауылы