Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Егемендікпен егіз ұстаз

Егемендікпен егіз ұстаз

Қаншама жылдар бойы арман еткен тәуелсіздігімізге қол жетті. Бүгінде сол мерейлі шаққа 30 жыл толып, егемен еліміз іргесін нығайтып, әлемнің көшбасшы елдерімен терезе теңестіріп үлгерді. Бұл осы уақыт ішінде жүзеге асқан сарабдал саясат пен ұтымды шешімдердің нәтижесінде бағындырған белестер. Отыз жыл күнтізбелік есеппен қарағанда ұзақ уақыт болып көрінер. Бірақ осынау жылдың ішінде бүтіндей бір мемлекетті қалыптастыру шығару үлкен жұмыс. Мұны ел біледі. 1991 жылы егемендікті еншілеген тұс пен бүгінгі күнді салыстырсақ, көңілге мақтаныш ұялайды. Себебі бұл бізге тәуелсіздіктің тарту еткен үлкен сыйы.
Азаттықтың ақ таңымен бірге жасасып, дамудың даңғыл жолындағы қазақ елінің тәуелсіздігіне куә болып келе жатқанын мақтан ететіндердің бірі – Айткүл Көбелова.
Иә, Айткүл – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ол 1991 жылы 16 желтоқсанда Арал қаласында дүниеге келген. Ел егемендігін сүйіншілегендей, осыдан тура 30 жыл бұрын таң атқан шақта жарық дүниеге келген ол бүгінде ел дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ұстаз бейбіт елдің ұрпағыын тәрбиелеп отырған ана.
Өз сөзін кейде "Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын" деп әзілдеп бастайтын Айткүл Базарбайқызы жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, бүгінде қаладағы Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейде дефектолог болып қызмет жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды біліммен сусындатып жүрген ол қызметінің қиындығы мен қызығы қатар жүретінін айтады. Бірақ бүгінгі қай уақытта да Мемлекет басшысының басты назарында келе жатқан білім саласының маңыздылығын естен шығарған емес.
– Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халқына Жолдауында: "білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып танылады" деген болатын. Сол уақыттан бері бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасып, инклюзивті білім беру жұмыстары жүзеге асып келеді. Қарап отырсақ, қолдауға зәру жандарға берілген мұндай мүмкіндіктің өзі Тәуелсіздіктің жемісі. Мен бүгінде бастамалары әлем елдерін мойындатып отырған осындай елде туып, ел дамуы үшін, ұрпақтардың болашағы үшін еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын, – дейді егемендікпен егіз жерлесіміз.
Білімді ұрпақ, саналы азаматтар мен болашақ өзіндік тұлғаларды қалыптастыру жолында 8 жылға жуық еңбек етіп жүрген Айткүл бүгінде жолдасы Асхатпен бірге 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отқан ана.
– Отбасымызда әркез елдегі жақсы жаңалықтарды айтып, балаларымызға өздерінің тәуелсіз елдің азаматы және бақытты ұрпақ екенін жиі қайталап отырамыз. Біз қиын-қыстау кездерді тек тарихтан ғана естіп жүргенімізбен, тәуелсіздік алған жылдарда елдің басынан өткен қиындықтарды көрдік. Ол кезде бала болсақ та, бірде тоқ, бірде аш жүретін кездеріміз есімізде. Бұл барлық отбасында болған қиындық еді. Бірақ бүгінгі уақыт басқаша. Елдің көш ілгері дамығанына көзім жетіп, балаларымыз да алғаусыз күлкімен күн кешіп жатыр. Соны барлығымыз бағалай білсек, тәуелсіздігіміз баянды болары күмәнсіз, – дейді Айткүл Көбелова.
О. ЖОЛДАСОВ
09 желтоқсан 2021 ж. 234 0