Жылдар айтысы: сиыр мен барыс
Тарту ете алмаймыз өзгеге біз,
Айтыс пен қазақ ерте кезден егіз.
Бұл ұғымды өзгерту мүмкін емес,
Десек те уақытқа сай өзгереміз.
Олай болса айтысты ұлықтасын,
Сиырменен барысқа сөз береміз.
Барыс:
Тосылмаймын маған сөз бұйырғанда,
Сәлем беріп кетейін жиылғанға.
Естіп келдім, елдегі жайдың бәрін,
Қымбатшылық қыспаққа а(лы)п, қиындауда.
Болашақтан жақсылық күтеміз көп,
Келер күннің шуағы тыйылған ба?!
Барыстың берекесін көресіңдер,
Қазағым, жақсылық күт биылдан да.
Көп сөйлеп уақытты ұрламайын,
Бұл айтыс айналмасын жиын дауға.
Кезегімді берейін сөйлеп кетсін,
Орынын маған берген сиырларға.
Сиыр:
Келместен бұрын өзі сыр ұқты елден,
Армысың, барыс батыр, күліп келген.
Елменен сағынышың бір басылсын,
Қазаққа он екі жыл жүріп келген.
Келе сала бастадың сөзді әріден,
Біздің елдің бірлігі тұнып келген.
Ел алдында ендеше араздасып,
Қалмайық сөзін естіп ғұрыпты елден.
Алғаш сөзді бере ме деп ойлап ем,
Бастап өзің сөйледің жұлып белден.
Қазақта бұрын-соңды болмап еді,
"Төр менікі" деп есіктен кіріп келген.
Қимай тұрмын, барыс-ау, сенесің бе,
Бірге болдым бір жылдың кемесінде.
Отыз жылдық тойын да бірге атқардым,
Тәуелсіздік тұғырының белесінде.
Мен мәңгілік жүремін айтып соны,
Сен қалай сақталасың ел есінде?
Барыс:
Ау, сиыр, айтқаныңды ескеремін,
Қазақтың түсірмеймін еш беделін.
Мен есіктен дәл қазір еніп тұрмын,
Жағамнан ала кетіп не істегенің?
Бір жыл бойы Аралмен бірге болам,
Әлі талай дамыған көшке еремін.
Ел есінде қаламын жақсылықпен,
Ал өзің бір жыл бойы не істеп едің?
Сөзін айта кетейін саналы ердің,
Бүгін, міне, кейінге қала бердің.
Бір мәселе айтайын сөз ішінде,
Уақымына айналдың қоралы елдің.
Байқасам, отты жерді ұнатасың,
Бүгін де отты өлеңді таба бердің.
Көкорай шалғынды жер қалаушы ең ғой,
Бірақ неге қуаңшылық ала келдің?!
Сиыр:
Барыс-ау, бізге айтатын дауың бар ма,
Еңбегім көрінеді қауым барда.
Бәрін бастан өткерген қазақпыз ғой,
Қарсы тұра алғанбыз дауылдарға.
Өзің айтқан қуаңшылық қиын болды,
Бірақ елдің көңілі тарылған ба?!
Қайырын көрсін деп бір алғыс айттық,
Қайырымды адамдар табылғанда.
Тамшысыз жаз өткердім демеймін мен,
Ауыз су жетті өйткені ауылдарға.
Бір сөзбен суреттеме жылдың нәрін,
Қарашы, қадамымды оң қылғанын.
Енді бұлай көп ауыл сезінбейді,
Қиындық тудыратын жолдың зарын.
Жайлау кезген түліктің бірі едім мен,
Таудың салқын лебімен тоңдырмағын.
Не етсем де халықтың сенімі артты,
Өйткені жасап кеттім елдің қамын.
Спортта да, білімде, өзге де,
Биік тұрдық алардай көздің жауын.
Ең бастысы, баспана тарту еттім,
Қуанышқа кенелтіп елдің бәрін.
Осымен аяқтайын жазарымды,
Аралым естімесін азалы үнді.
Өркендеудің өріне қадам басқан,
Аралға Жаратқан сал назарыңды.
Ау, Барыс, символы едің біздің елдің,
Қашаннан қасиетіңмен таза, құнды.
Мен ендеше армансыз аттанамын,
Барысқа айналдыр тек қазағымды!
Барыс:
Шытпайық бірімізге қас-қабақты,
Қазаққа қазақ әр кез дос қарапты.
Есіктен енген жаңа жыл қашан да,
Жақсылықсыз әр ісін бастамапты.
Ескі жыл, саған да көп рақмет,
Аралды несібесіз тастамапты.
Бір жаңалық айтайын жыл басы боп,
Не дер екен деп дос пен қас қарапты.
Баспаналы етіпсің көп отбасын,
Мен де енді сол жолыңды жалғастырып,
Келер жылы үй сыйлайм(ын) қос қабатты.
Аралым, таймай тұрсын баста бағың,
Қашан да сендерсіңдер асқаралым.
Жақсылықты өзіммен ала келдім,
Жыл бойына көрерсің басқаларын.