Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Садықбайдың торжорғасы

Садықбайдың торжорғасы

Ауыл небір әдемі әңгіменің, әңгімешіл ортаның отаны ғой. Елге барсаң болды, ауылдың алты ауызын айтқан ақсақалдар ау­зыңды аштырып тастайтыны бар. Сондай әңгімешіл жанның бірі – Ақбайда туып өскен, байырғы есеп қызметкері Жеткерген Нұр­қабылов.
Жадының мықтылығы сол, ес біліп, етек жапқан кезден бергіні ұмытпай, бүге-шігесіне дейін тіз­белеп айтып береді ғой. Кезекті әңгімесінің бірі Садықбай ата­мыздың әйгілі торжорғасы жайлы болды. Соны тыңдап болып, мен де осы әңгімені оқырмандарға ұсынуды жөн көрдім.
 – Үлкендердің басы қосыла қал­­са болды, Жеткер­ген ағамыз­дың айтатыны – Садықбай ата­мыз­дың алдына жан салмайтын, жел­ден жүйрік торжорғасы. Ой, жар­ықтық, жыл­қы­ның төресі еді. Бұл өңірде одан  озған жор­ға болмады ғой. Әй, Жұмабай, сен осыны жазсайшы, – деп кездес­кенде ылғи айтып отыратын.
– Кеңсеге келсейші, оңаша әңгімелесейік, – дедім. Келісті.
Ертеңіне мен отырған Зей­нол­ла Шүкір­ов атындағы мәде­ниет үйіне келді. Қашаннан қол­ымнан тастамай, пайдаланып жүр­ген диктофонымды дайын­дап, үстелдің үстіне қойдым.
– Аға, әңгімеңізді ойланып ас­ықпай айта беріңіз. Мына дикто­фон бәрін де жазып алады. Бұған қарама, ойың бөлінеді. Тек маған ғана қарап отыра бер, – деп әңгі­ме­ні бастап кеттік.
– Негізгі әңгімеміз торжорға ғой. Уақытында Садықбай аға­мыздың атын шығарған айтулы жануар еді. Бұл 1951 жыл бола­тын. Біз Ақбайда отырғанбыз.
– Ол кезде Ақбай қандай еді?
– Ой, несін сұрайсың, айнала­сы айдын көл еді. Сол жылы то­пан су басып, "Большевик" кол­хозының ортасы Мәстетте от­ыр­ған біздер Қараман жалы деген биік жота бар, соның үстіне шы­ғып үлгердік. Кезінде темір жолды осы жермен жүргіземіз деп топ­ырақ үйген ғой. Ол әлі күнге дейін бар. Ол кезде Мақпал, Шақкөз, Ақбай – бәрі тұтасып жатқан көл еді. Бекбауылға темір жол жағалап, қайықпен жүзіп барамыз, сосын пойызбен қатынаймыз. Мына қаз­ір­гі орман шаруашылығының тал егіп отырған алқабы телегей теңіз, үлкен көл еді. Жағасынан пішен орып, бақша егетінбіз. Сол су 1969 жылға дейін жатты.
– Ал, торжорғаға келейік...
– Тұра тұр, ойымды бөлме. Сол 1951 жылғы Ақбай алқабын­дағы "Большевик", "1 Май", "Жар­ықкөл", "ХХ жылдық Қазақстан" деген төрт колхоз бірігіп, "ХХХ жылдық Қазақстан" болып құр­ылды. Біз "Большевик" колхоз­ында, Садықбай ағамыз "1 Май" колхозында болды. Жаңа колхоз­дың төрағасы –  Нұрымбетов, бас есепшісі – Байғараев Шамша. Кол­хоздың бар малы қырдағы Көк­қабақта жайлады да,  көп ұзамай Шамша мал шаруашылығына бас­тық болып кетті. Орнына Сазды колхозынан Дәрімбетов Ерғали бас есепші болып келді. Осы кісі­нің Ақбайға келгенде қаражор­ғасы болды. Көрдік, өте сұлу, ірі жылқы еді. Жорғалағанда өй-й, төгетін еді. Бала да болсам екі рет көрдім. Бірақ, бір-екі шақырымнан аспайтын, ақсап қалатын. Білетін­дер: "Осы аттың аяғына жем түс­кен, не сіңірі созылған" деп от­ыра­тын. Соны союға қимай, үй­ірге салып жүрді. Ақбайдың Қара­биік жағындағы құм қолтығында үйір алып жайылып жүретін.
Ақбайда Ділмағамбет деген ақсақал болды. Баласы Зәйтүн мек­теп директоры. Сол кісі қара­жорғаның үйіріне биесін қосып, Сәкеңнің торжорғасы сол биеден туды. Соны Садықбай әкеміз сат­ып ала ма, әлде бір ебін келтіреді ме, әйтеуір алады ғой. Сатып алуға да тұратын жылқы. 1952 жыл­дан 1956 жыл аралығындағы төрт жыл­да торжорғаның аты ауылда ауызға іліне бастады.
1957 жылы Ұлы Қазан төң­кер­ісінің 40 жылдығы құрметіне Қа­залы ауданында той болып, Арал, Қазалы аудандарының бірік­кен ат жарысы ұйымдастырылды. Той Қа­шақбай Пірімов басқаратын Қызыл Ту колхозында өтті. Оған біздің ауданнан екі жорға қатысты. Бірі –  Сәкеңнің торжорғасы да, екін­шісі –  Жиренбаев Қани ағамыздың тортөбел жорғасы. Жаратқанда қамыстай болып қалатын керемет жылқы еді. Аралдан барған Берда­лиев Шора бастаған Сек­сен, Садықбай, Қаниы бар оншақты адам Қа­шақбайдың үйіне түсіп, жақсы жайланады. Ер­теңіне бәйге басына келеді. Сәкең­нің торжорғасы көзге қораш, құй­рық-жалы сұйықтау, төгіліп тұрған дәнеңесі жоқ, елеусіздеу көрінеді. Осындай кезде бәйгеге түсетін ат­тарға сыншы, мінші көп болады ғой. Сәкеңнің жорғасын көрген­дер: "Мынаның бәйгеге түсетіндей сыйқы жоқ қой, мұны несіне әкел­ген?" деп көңілдері толмай, келеке қылып, ал сұлу мүсінді, көздерінен от шашып, ойнақшып тұрған Қанидың және басқалардың жорға­лар­ын мақтап жатады.
Содан халықтың асыға күткен бәйге жарысы басталады. Сәкең­нің торжорғасы әп дегеннен топты жарып, алға қалай шықты, солай келеді ғой. Ой-й, оның жорғалауы керемет сұмдық қой. Мен оның жорғалағанын ауылда талай көр­дім. Ол жорғалағанда алдыңғы екі аяғы екі құлағын шауып отыратын. Арандай аузын ашып, бір қырын оң жағына қисайып алатын. Сосын қос танауы парылдап, дауысы 50-60 метрдей жерден естіліп, ар­қырап бара жататын. Ол қаншама қашықтыққа жорғалағанда жорға­сынан жаңылмайтын, бір бұзған емес. Бір шақырым кеткесін-ақ қал­ыпқа түсіп, басын екі аяқтың орта­сына салып  жіберіп, қолтығын кең жазып кете баратын.
Сосын бір ерекшелігі, бұл жор­ғаның алдыңғы аяғынан артқы аяғы шалт дейтін. Сондықтан Са­дық­бай ағамыз ердің артына 15-16 келі болатын бөктергі байлап алады екен. Әйтпесе артқы аяғы алдыңғы аяғын шашасынан шауып, ақсап қалады. Тағы бір ерекшелігі, ол ат­ын өзгелердей ерте ұстап, баптап, суытып, қатырып жатпайтын. Бір­ден үйірден ұстап алып, бәйгеге қоса беретін. Тағы да бір ерекшелігі, біреулер атқа жеңіл болсын деп 7-8-дегі жас баланы мінгізеді ғой. Ал Сәкең 80-90 келі салмағымен өзі мінетін. Және оның ол атты өзінен басқа ешкім мініп те, ұстап та көр­меген. Мінезді ат еді. Түбіне де өзі­нің осы тентек мінезі жетті. Бөтен адамға ұстатпайтын да, мінгізбей­тін де еді. Сәкеңнің атқа отырысы да бөлек қой, қаққан қазықтай қозғалмай қатып қалатын.
Осы араға келгенде Жәкең бір нәрседен секем алғандай кілт тоқ­тап:
– Әй, сенің мынауың жазып жатыр ма? – деп диктофонға шұқ­шия қарады.
– Жазып жатыр, аға. Сенбесеңіз міне, қайтарып қояйын, – деп жазу­ды тоқтатып, таспаны жаймен кей­ін қайтарып, қайта іске қостым. Диктофоннан өз дауысын айна-қатесіз естіп, қуанып кетті де:
– Болды, болды, қане жаза ғой, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастыра берді.
– Сол тойда жорға жарысынан бас бәйгеге екіде үш метрлік кілем берген екен. Ол уақытта кілем де­генің көзден бұлбұл ұшып тұрған кез ғой. Түнде үйіне қондырып, жай­лаған колхоз төрағасы Қашақ­бай: "Сіздер енді кетпейсіздер, өздеріңізге арналған сыбағалы та­мақ­тарыңды ішесіңдер" деп тағы да үйіне әкеледі. Келген соң, ағалары­мыз ақылдаса отырып, бәйгеден ал­ған кілемін үйінде екі күн жай­лаған той иесі Қашақбайға сый­лайды. Бірақ ол "Жоқ, бәйге сіздер­дікі, ол жақта ел-жұрттарың бар. "Оу, бәйге қайда?" дегенде не дей­сіңдер? Сендер бердіңдер, мен алдым, маған осы пейілдерің де болады" деп бәйге жүлдесін өздеріне қай­тып береді.
Сол тойда Қанидың да тор­төбел жорғасы екінші болып құй­рық тістесіп келіпті. Осыдан бастап "Садықбайдың торжорғасы, Са­дықбайдың торжорғасы" деп аты  аймаққа жайылады. Кейде осын­дай ат жарыстарында жорға шық­пай қалса, Сәкең бәйге аттарына да қосылып кете беретін. Бірінші болмаса да алдыңғы топтардың арасынан көрінетін.
Ауылда бұлардан басқа жақсы аттар болды. Айтсам, Молдабектің көкдөнені, Сексеннің тораты, Жә­ке­байдың көкаты болды. Бұлардың бәрі де жүйрік аттар. Бірақ, осы­лардың ішіндегі Молдабектің көк­аты елде ерекше айтылатын. Бәй­геде осы көкдөненге талай міндім. Сексеннің атына да міндім. Бірақ, Молдабектің көкатының басы қат­ты болатын. Аттан түскенімде екі қолым сал болып, ал аттың езуінен қан ағып тұратын.
1957 жылы Қарабиікте Ібраш үйленді. Оның тойына осы өңірдегі жүйрік аттардың бәрі барды. Бек­бауылдан Өтенәлінің назбедеуі деген жүйрік аты, тағы біраз жүй­ріктер бар Көшектен бәйге жіберді. Мен Молдабектің көкатына міндім. Өтенәлінің назбедеуі бірінші, ал мен көкатпен екінші болып келдім. Көп ұзап кете қоймады, құйрық тіс­тесе келдік. Ал жорғадан Сәкеңнің торжорғасына талас жоқ. Деген­мен мұнан басқа Тілеулестің күреңжорғасы болды. Оны "Вольга" дейді екен, Бөген жақтыкі. Сол Тілеу­лес осы торжорғаны бір көруді армандап өтті дейді.
1964 жыл ғой. Сексен атамыз мал іздеуге қыстай жаратып отыр­ған торатты мініп Қарабиікке келсе, Сәкең торжорғамен ол да осында отыр екен. Мақсаты Қыңырға бару. Екі орта 20 шақырым жер. Сонда Сексен атамыздың айтатыны ғой:
– Екеуміз де шықтық. Былай шы­ға бере: "Бала, жүріңкіреп от­ырсақ қайтеді" деді Сәкең. Астым­да қыстай жаратып отырған атым бар. Менің де тілеп отырғаным сол "Ал, жүрсек жүрейік" дедім. Ол бір жолмен, мен бір жолмен аттың бас­ын жіберіп келеміз. Шамалыдан кейін жорға менімен теңесті. Екеу­міз де аттың басын іріккеніміз жоқ. Қыңырға жақындағанымызда атым­ды қамшылауыма тура келді. Баяғы жорғасын бұзбай алда келе жатқан Сәкең ауылдың төбесі көр­інгенде "Ай, бала, біраз жерге кел­дік қой, тоқтайық енді" деді. Жүй­рікке жеткізбеген бұл қандай ат. Мен мұндай жорғаны көрген емес­пін, – деп отыратын.
Торжорға жайлы тағы бір әңгі­ме. Бұл 1962-1963 жылдар еді. Сәйдім Жақсыбаев деген ағамыз болды, Кировте ферма басқару­шысы. Кейін Қарақұм кеңшары директорының орынбасары бол­ды. Сол кісі:
– Жорғаны талай жерде көріп жүрмін, ай, соларға бір айызым қанбайтын еді. Бір күні Жарғақ деген жерде Деулімжай ағамыз мал бағып отыратын. Жайлауға көш­етін уақыты болды. "Ана Сейдәліге сәлем айт, қасына аға-інілерін ертіп қыстыкүнгі соғымнан қалған сыбағалы тамағы бар еді, соны жеп кетсін" деп хабар жіберіпті. Соған қасыма фермадағы зоотехник, веттехнигі бар 4-5 адамды алып ертеңге баратын болып келістік. Сол кезде фермаға су жаңа "ГАЗ-53" автокөлігін берген. Келгеніне 1 ай болған. Сөйтіп отырғанда түн­де біреулер "Садықбай ағаң келді" деп жатты. "Ай, бұл түнделетіп неғып жүр?" деп ертеңіне іздеп тауып алдым. "Сәке Деулімжай ініңіз шай ішейік деп жатыр ғой. Сізге айтпағаны ма?" деп едім: "Иә, айтты ғой" деді. "Онда бірге жүр­ейік" дедім. Менің бар ойым – ана жорғамен жарысып, соның шама­сын білу. Машинаның үстінде адамдарым бар, аңдып тұрып, Сәкең шықты-ау дегенде Ақбай­дан біз де шықтық. Алда бір-жар қызбелдер, алаңқай тақырлар бар. Сәкең атта, біздер машинада қапталдасып келеміз. Алдымызда бір-жарым шақырымдай үлкен тақыр бар еді. Екеуміз де бірге түстік. Машинаның жылдамдығын кем-кемнен арттырып келеміз. Жыл­дам­дықтың тілі 50-51-ге келгенде теңесіп отырдық. Машинаның аты машина ғой. Әрі су жаңа, шопырға "мұнан әрі асырма" дедім. Менің есіл-дертім жорғаның аяқ алысын, шамасын білу ғой. Сәкең торжор­ғасында қақшиып қатып қалған. Жанары сұсты. Атының басын ер­кін жіберіп келеді. Сыр берген жоқ, сол екпінмен қарсыға бізден бұрын шығып, Жарғаққа бізден бұрын барды ғой. Сонда торжорғаға таң­ғалғаным бар, "Ойпырмай, мұнда өкпе жоқ шығар" дедім. Ақбай мен Жарғақтың арасы 18 шақырымдай, сол аралықты жорғасынан жаңыл­май, шалдығып, ентікпей бір бап­пен келді ғой жануар, – деген еді.
– Енді бір әңгіме, ұмытпасам 1962 жылы Одақтас республика­лардың құрылғанына 40 жыл тол­уына байланысты Қызылордада үлкен той болды. Онда ат жарысы ұйымдастырылып, оған барлық аудандардың жүйріктері қатысты. Біздің ауданнан тағы да Сәкеңнің торжорғасы мен Қанидың тортөбелі барды. Сол кезде облыстық сотта қызмет істейтін Өмірзақ Қиязов бастаған Қызылордадағы аралдықтар жанкүйер болып ауданнан барған азаматтарды күтіп алады. Бәйгеге қосылатын жорғаларға көз салып, Қанидың қамшыдай қатып жарап тұрған тортөбеліне қызығады да, Сәкең­нің торжорғасына онша көңілдері толмайды-ау. Сол торжорға ип­по­дромдағы мәреден қалай шық­ты, солай келді дейді ғой көр­гендер. Мұнда да жорға жарысы­нан бас бәйгені алып, аралдық­тардың абыройын бір көтерген еді.
– Торжорғаның мұнан кейінгі тағдыры не болды?
– Не болушы еді, жаңа айттым ғой, мінезді, өте тентек еді деп. Сол тентектік өзінің түбіне жетті де тынды.
Ол былай болды. 1964 жылы Садықбай ағамыз Қыңырда отырды. Бір күні Ақбайдан "Жорғасын ұстап әкелсін, ат жарыстың ізі бар" деген хабар келеді. Сәкеңде ат жарату деген болмайды, үйірден ұстап алады да, бәйгеге қоса беретін. Ұзақ уақыт үйірде еркін жүріп қалған ат бірден жүгенге түсе қоя ма, ауылдың жігіттері құдыққа айдап әкеліп, құрық сал­мақшы болады, қашқақтап жанына жан жуытпайды. Тұзақ құрады, одан да секем алып, түсе қоймайды. Енді қалғаны бұғалық тастау. Сол маңда Қонысбай де­ген жігіт болды. Бәрі бірге мал бағып отырған. Сол науаға келген торжорғаға бұғалық лақтырып жіберіп, тартып қалғанда мой­нына ілінген қылбұраудан бұл­қына аспанға шапшып, астаудың арғы бетіне атыла асып түскенде, гүрс етіп шалқасынан құлайды. Сол сәтте-ақ жан тапсырып кет­іпті ғой жануар. Артынан білдік, айтушылар бұғалықтан үріккен­нен жүрегі жарылып өліпті дейді. Басына ноқта кимеген талай асауларды құрықпен, бұғалықпен ұстап жүрдік қой. Ал торжорға қашаннан қолда ұсталған қолбай­ырғы жылқы. Әлде ажалы ма, әлде тентек мінезінен тапты ма, солай болды ғой.
Ой-й, торжорғаның несін сұрайсың. Уақытында алдына ат салдырмаған жорға еді. Ол жор­ғалағанда жатып қалатын. Сәкең аттың құйрығын жорға байлау деген болады, сол жорға байлау­мен түйіп тастап бәйгеге бірінші болып шығады да, бірінші болып келеді ғой. Ол жорға ешқашан бәйгеден екінші болып келген емес. Екінші болып келді деп естірткен де емес, бәйгенің алдын бермеген текті жануар еді. Садық­бай ағамыздың торжорғасы жай­лы менің білетінім осы, – деп Жет­керген ағамыз бір тоқтады.
Елге белгілі, беделді де айтулы Садықбай Сабырбаев әкеміздің атақты торжорғасы жайлы ауыл­дың айтқышы Нұрқабылов Жет­керген ағамызбен әңгімеміз осылай аяқталған еді.
 Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі
12 қаңтар 2022 ж. 999 0