Достықты қадірлей білетін...
Достық – өмірдің ең зор қуаныштарының бірі, өмірдің ең зор қуаныштарының бірі – сырыңды айтатын адамның болуы.
А. Мандзони
Менің Тәуекел Жәңкеұлымен таныстығым мектеп қабырғасынан басталды. Арал қаласының күншығыс бетінде орналасқан іргелі білім ошағы – №15 қазақ орта мектебінің 10 "Е" сыныбында оқыдық. Бізбен бірге оқыған Бағыберген Қазиев, Қарабек Сәтекеев, Қалдыбек Өмірзақов, Қуаныш Ізмағамбетов, Амантай Шариев, Бақытжан Тәттібаев, Қуанышбай Алғазиев, Толыбай Оспанов, Кемал Қазмағамбетов, Темірхан Ділімбетов, Тілеген Әбдірашев, Ерсайын Разақов қалаға жақын ауылдардан келді.
1970 жылдың мамыр айында мектепті ойдағыдай тәмамдадық. Сөйтіп сол жылдың жазында жігіттеріміз қалаған мамандықтары бойынша оқуға түсті. Тәуекел Өскеменнің педагогикалық институтын биология мамандығы бойынша бітіріп, Арал аудандық орталық аурухананың диагностика бөлімшесінде қызмет атқарды. Дегенмен бірсыпыра замандастарымыз қалада қызмет істегендіктен, кластас деген атымыз бар, апта сайын бас қосатынбыз. Қарап отырсақ, арамызда Тәуекел болмысы бөлек, өте пысық, алғыр болды. Ұйымдастырушылық қабілеті қатарластарынан көш ілгері болатын. Сондай басқосулардың бірінде Тәуекел: "жігіттер, көптен бері жұбымыз жазылмай араласып келеміз. Күйбең тірлікпен уақыттың да зырғып өтіп кеткенін білмей жатырмыз. Шүкір, отбасыларың да аман, балалар өсіп жатыр. Жігіттердің алды 40 жасқа толып жатыр. Мерейтойды осы "Күн көсемнен" бастасақ қалай болар екен?",– дегендей, Қарабекке қарап қойды. Үлкеніміз Бағыбергенді "Күн көсем" деп атайтынбыз. Сонымен, қырық жылдықты атап өту басталып та кетті. Келесі 1993 жылы 18 қаңтарда мен мерейтойымды атап өттім. Тойға қыздардан Рахима Манауова жұбайы Байтақ екеуі қатысты. Рахима – біздің сыныптасымыз.
Досымыз Тәуекелдің асабалық өнері де бар еді. Ол жастайынан өнерге жақын, мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болатын. Домбырада әжептәуір ойнайтын. Тойды бастан-аяқ өзі басқарып, әзіл-қалжыңға жақындығымен бәрімізді күлкіге қарық қылып отыратын.
Нағыз жолдас жапырақтап көктейді,
Биіктейді, ешқашан да сөнбейді.
Аузын ашса көрінетін жүрегі,
Ашық көңіл досқа ешкім жетпейді, – деп ақындар жырлағандай, Төкең нағыз дос, адал жолдас қана емес, арасында бізге ақыл-кеңес те айтып отыратын. Бірде Қарабектің баласының ұзату тойында Қазалыдан құдалар келгенде: "әй, жігіттер, асаба балаға жәрдемдесіп, тойды көңілді өткізейік" деп, барлығымыз той біткенше өлең айтқанымыз әлі есімде. Сонда дос дегенде бір бүйрегі бұрып, қамқор қолын созуға бейім тұратын. Ол "Адамға әрбір жасаған жақсылығы жақсылықты шақырады" дейтін. Данышпан Әл-Фараби "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты" дегендей, Тәуекелдің мінезі сондай жұмсақ, қашан көрсең де жүзі күлімдеп, шуақ шашып тұратын, қабақ шытуды білмейтін, салмақты қалыпта жүретін ерекше болмысты жан болатын. Қай уақытта да жылы сөзімен адамды өзіне баурап, жолдастарының тілін тауып сөйлейтін. Сол үшін де достары айрықша құрметтейтін, қадір тұтатын. Тәуекелдің тағы бір қыры – сөзге шешендігі. Кіммен сөйлессе де жалықтырмай, әңгімесін жүйелеп айтып отырушы еді. Сол кезде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері болған Арғынбай Асанбаев ініміздің "Тәуекел ағамен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет қой!" дегенін талай естігенбіз.
Жұмысбасты болып, кейде бір-бірімізді ұмытып кетеміз ғой. Сонда Төкең қызметі қауырт болса да, уақыт тауып жолдастарымен араласқанды өзіне парыз санайтын. "Айналайын-ау, жұмыс қайда қашады, арасында тірліктеріңді білдіріп, хабарласып тұрсаңдар болмай ма?!" деп кәдімгідей бізді іздеп отыратын. Досқа деген көңілі сондай таза, шынайы болатын.
Ұмытпасам, 1986 жылыдң қысында ер балам дүниеге келді. Құтты болсын айтып келеміз дегендерін естіп жүргенмін. Көп ұазамай Тәуекел бастаған өзіміздің жігіттер үйге сау етіп кіріп келді. Үлкен дастарқанға отырғаннан кейін жүрекжарды тілектерін айтып, қазақтың қара домбырасын "нәрестенің бауы берік болсын" деген ниетпен сыйға тартқан еді. Сол домбыра Төкеңнің көзіндей болып отыз алты жылдан бері төрімізде ілулі тұр.
"Жігітте де жігіт бар – Азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар– Қазанаты бір бөлек" демекші, Тәуекел Жәңкеұлы азаматтығы ерекше, өте мейірімді, қамқор, көпшіл жан еді.
Сол бір жылдары суық тиіп ауруханаға түсіп қалғанмын. Ертеңіне Тәуекел іздеп келді. Қайдан естігенін білмеймін, келе сала мені емдейтін дәрігерге жолығып, мән-жайды білген соң, маған қарап: "дәрілерің жетіспейтін болса, маған хабарласып тұр. Ешқандай уайымдама, еміңді асықпай ала бер, мен өзім бар жағдайды біліп тұрамын" деп жұмысына кетті. Соның бәріне уақыт тауып, жан жадыратар жылы сөздерімен демеу болып жүретін елгезек жан болатын.
Бірде жолым түсіп аудандық аурухананың диагностикалық бөлімшесіне соғып, Төкеңмен шүйіркелесіп отырғанымда ол: "Құдыш (мені солай атайтын), сен Бақытжан екеуің имандылыққа ертерек бет бұрдыңдар, менің талабым бар. Менің жүрегім тұнып тұрған имандылық" деп, жүрек тұсын меңзеп, бір жымиып қойды. Сосын орнынан тұрып, сейфтен екі қалың блокнотын алып, бірінің бетін ашып, бір нәрсе іздей бастады. бір уақытта маған қарап: "Бисмилләһир рахмәнир рахим". Мынау Алла тағаланың тоқсан тоғыз есімі, күніне жұмыс арасында үлгіргенімше бір қайталап шығуға тырысамын деген еді. Мен іштей "әй, бұл да құр жаяу емес екен" деп ішім жылып қоя берді.
Өмірдің өзі қуаныш пен реніштен тұрады. Қуанышымызды бірге тойлап, ренішімізді бірге көтеріп, әлі күнге дейін жұбымыз жазылмай келеміз. Осындай бірін-бірі түсінетін жігіттердің бір жерде топтасуы Алла тағаланың бізге берген үлкен сыйы деп есептеймін. "Жазмыштан озмыш жоқ" деген. Біздің бүгінде сағынышымызға айналып отырған досымыз Тәуекел Жәңкеұлы Жұбаназаров артына үлгі-өнеге аларлықтай ілкімді істер мен өшпестей із қалдырған атпал азамат еді.
Құдайберген Әбдіқалиұлы