Байдың қызы
Әлқисса, сіздерге бір байдың қызы туралы айтсам деймін. Ол бұла өскенімен, жасынан өнерге, ғылымға аңсары ауған, оңы мен солын ерте таныған, тіпті қаршадайынан Еуропа мәдениетімен сусындаған, есейе келе туған елінің өнеріне ерекше үлес қосқан қарлығаштардың бірі болды.
Бұл күндері оның есімі қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, кәсіби жүргізуші, педагог, Қазақ КСР халық әртісі ретінде өнер тарихының бетіне жазылып қалды. Ол – Қазақстанда ең алғаш эстрада студиясын ашып, «Гүлдер» ансамблін құрып, талай өнер қыранын самғатқан, Қазақ циркінің негізін қалаған Гүлжиһан Ғалиева еді.
Гүлжиһан ашқан өнер студиясы
Гүлжиһанның өнер үшін соққан жүрегі оның атымтай жомарт әкесінің тәрбиесінен болса керек. Оның әкесі Қали Ордабайұлының бес жүз мыңнан астам қойы болғанын Жетісу өңірі бұл күндері аңыз қылып айтады. Біздің кейіпкеріміз Қали байдың еркелетіп өсірген жалғыз қызы еді. Саналы бай «Жалғыз қызым қатарынан қалмасын» деді ме екен, оны тәрбиелеп, оқыту үшін оған сонау Германиядан арнайы үй мұғалімін алдырғаны көкірегі ояу әкенің ғана қолынан келетін іс.
Қазіргі Алматы қаласында дүниеге келген Гүлжиһан 1934 жылы Ленинградқа сапар шегеді, бұл жерге ол заң ғылымын оқуға барған болатын, бірақ 1936 жылы ол Мәскеудегі Өнер институты жанынан ашылған қазақ жастарына арналған үшжылдық әртістер даярлайтын студияға ауыстырылады. Кешегі кер заманның солақай саясатының әсері Гүлжиһанды да айналып өтпепті. Оның әкесі Қали Ордабайұлы мен ағасы Рамазан Қалиұлы «халық жауы» атанып, отбасынан ажырап қала береді, «халық жауының» баласы оқудан шығарылатыны да сөзсіз. Оны қудалау кезінде құтқарып қалған Тұрар Рысқұлов болатын. Бұл туралы Гүлжиһан Ғалиева Бағдад Жандосайға өз аузымен айтып берген естелігінде былай баяндайды: «Декан өз үйінде жеті күн ұстады. Сосын өз қызындай киіндіріп, Мәскеуге қазақ елшілігіне мына әдріспен барасың, Мәскеудегі Қазақстанның төтенше өкілі деп сұра. Елшілікті тапқанға дейін тамағың мен қалада жүріп-тұруың үшін деп ақша берді. Мәскеуге бардым. Елшілікті таптым. Екі күн бойы кіре алмадым. 273 болып тіркелдім. Үзіліс мезгілі бітіп, екі-үш минуттан кейін залдағы қабылдау есігінен үстінде қазақы зер шапаны бар ірі кісі шықты да, бірінші отырған адамнан ең соңында тұрған маған дейін көзбен шолып өтті. Бәрі «Консул осы» десті. Жеті-сегіз минуттан кейін үстінде қара костюмі бар консул әлгі есіктен қайта шықты. Ол отырғандардың бір сызығын бойлай келіп, саусағымен әлдекімді шақырды. Әркім мен бе дегендей кеудесін нұқиды. Консул басын шайқады. «Сені шақырады», деді алдыңғы жағымда тұрғандар маған қарап. Ол маған тамақ беріп, қайта жұмысына кірісті. Сосын қайта келгенде, «Рамазан ағамды ұстап, мені институттан шығарып жіберді деп жылап ем», «жылама, бәрін білем», деді. «Ал уақыт тығыз, сені Алматыға кетті деп хабарлаған екен. Мен сені Алматыға емес, өзінің туған жері Сартауқұм болысына кетірілді», деп хабарладым. «Енді сенің фамилияң Қалиева емес, Ғалиева болады. Ал атың Гүлжахан емес, Гүлжиһан. Сені көз көрмейтін, құлақ естімейтін оқу орнына жіберем, сағат төртте машинамен бір адам келіп, алып барып орналастырады. Ол Мәскеудегі ГИТИС институты жанынан ашылған Қазақстандағы қазақ жастарын өнерге дайындайтын студия» деді. Сосын ол «мен Тұрар Рысқұловпын ғой дегенде қалай шыңғырып жібергенімді білмей қалдым».
Алматыға қайтқан соң ол Қазақ драма театрында, киностудияда, Жамбыл атындағы филармонияда қызмет істейді. Сол кездегі Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен еліміздегі тұңғыш эстрада студиясын ашады. Осы студияда Қазақстанның халық әртістері Ғ.Құрманғалиев, Ж.Елебеков, З.Қойшыбаева, Л.Кесоглу, Л.Төлешова, В.Қармысова сияқты мамандар қызмет етті. Ал Ж.Кәрменов, Н.Есқалиева, Қ.Байбосынов, С.Қабиғожина, А.Нұрмағамбетова сияқты өнер қайраткерлері осы студияның түлектері болды. Гүлжиһан іргетасын қалаған бұл студия қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі деп аталады.
Цирк пен «Гүлдер» ансамблін қаз тұрғызған
Өнердің қай-қайсына да жай қарамаған Гүлжиһан Ғалиқызы қазіргі Қазақ мемлекеттік циркінің де іргетасын қалауға атсалысады. Бұл туралы Алматы Мемлекеттік архивінде сақталған материалдарды ақтардық, ресми деректе «1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркі – кәсіби ұлттық өнер ұжымы сол кездегі Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың қолдауымен және Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды», делінген. Бір қызығы, осы мемлекеттік циркке Гүлжиһан асыл тұқымды аттарды Ресейдегі «Владимировский» жылқы фермасына барып алып қайтады. Сол кездің өзінде қазақ өнері ешкімнен кем болмаса екен деген үлкен мұраттың, ізгі ойдың жетегінде жүрген Гүлжиһанның асыл арманының бірі – Қазақ мемлекеттік циркі жыл сайын дамып, ұлттық бояуы басым «Жылқышылар», «Жер жәннаты», «Ат ойыны», «Атамекен» сияқты цирктік бағдарламаларды дайындаған. Ал оның тағы бір елеулі еңбегі «Гүлдер» ансамблін құруы еді. Қазақ өнері мен мәдениетінде алтын әріппен жазылған эстрадалық ансамбль тек елімізге ғана емес, шетелдерге де танылған өнер ұжымы. Осы өнер ордасын ұйымдастырып, атын әлемге танытқан қазақ қызы Гүлжиһан ән әлемінде Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Қапаш Құлышева, Қаламқас Рахимова, Мақпал Жүнісова сияқты өнер жұлдыздарын биікке самғатты, олардың жолын ашты.
Гүлжиһанның отбасы тәрбиесі ғана емес, ортасы да өзіне сай, ерекше болғаны туралы деректер көп. Соның бірі оның бала кезінен бастап Дінмұхамед Қонаев, Шара Жиенқұлова сияқты ұлт қайраткерлерімен бірге өскені туралы. Бұл жөнінде Гүлжиһан Ғалиқызының келіні, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова былай дейді: «Мен ол кісімен ұзақ жыл бірге өмір сүрдім. Мамам 1982 жылы өмірден өткен кезде де қасында болдым... Мен оның отырыстарда айтқан сөздеріне ден қоятын едім. Сонда ұққаным, әкесі Ғали Ордабай өте бай болған. Ол қаракөл елтірісін сатқан, ал орыстың көпесі Пугасов Алматыда сәнді түбіт пен мамық саудалаумен айналысты. Олар осы өңірдегі ең дәулетті адамдар санатында болыпты. Дінмұхамед Қонаевтың отбасымен, Шара Жиенқұловамен жақсы араласып тұрды. Себебі олардың әкелері – Ахмет пен Баймолда және енемнің әкесі Қали үшеуі сауда-саттық саласында қазіргі тілмен айтқанда «партнер» болған».
Ордабай тұқымы, қазақ өнерінің жанашыры, халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызының өмір жолы сан қырлы болғаны шындық. Өмір оған бәрін берді және оны қанаттандырды. Дәулет пен ақылға бай әке, оқыған, зиялы аға-бауыр, жақсы достар, өзін сыйлайтын орта-ұжым, еңбегін елейтін ұрпақ берді. Кешегі Қали бай Алматыдағы үлкен мешіт, Министрлер үйінің салынуын, тіпті Горкий атындағы саябақтың, Бауман орманының ағаштарын да осы Қали байдың қаржысы демепті. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ сөзінің Гүлжиһан сынды өнер қайраткерлеріне қарата айтылғаны даусыз. Оның әкесі даланың атымтайы болса, оның өзі қазақ өнерінің атымтайы, жанашыры бола білді. Ендігі жерде Гүлжиһан есімінің ұмытылуы мүмкін емес. Гүлжиһан Ғалиқызы туралы сақталған архив материалдары бұл күндері Алматы қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр, материалдарында ол туралы фотосуреттер мен оның өзі туралы құжаттар бар. Осы мақаланы жазуға құнды материалдар ұсынған аталған архив мекемесінің бас сарапшысы Ләйлә Қасымқызына алғысымыз шексіз.
egemen.kz