Сағыныштың сары жапырақтары
Зекең біржола мүгедек болып қалатында түйеден бірге құлайтын Әбілмәзін деген түйедей құрдасы бар. Аралда тұрады. Зейнолла десе жанын беретін сондай ақеден құдайдан тілеген қазақы азамат. Аралға табаны тисе болды осы құрдасының үйіне түседі, аяқ жетер жерде қонақта болса, осы үйге келіп қонғанын қалайды. Сонан түн ортасы екен демей, ол кезде көлік тапшы, арқаланып Әбекеңнің үйін бетке алып шұбырынамыз. Зекең денсаулығына байланысты жайларды бөгделерге көп білдіргісі келмейтін намысқой еді. Шақырғанмен әр түрлі сылтаулар айтып, кез келген үйге бара бермейді. Әбілмәзіннің үйіндегі жеңгеміз де жайсаң, мезгілсіз кезде мінгесіп-ұшқасып талай босып жүргенімізде бір қабақ шытқанын көрген емен. Зекең осы үйдің босағасын аттаса болды, әкесінің үйіне келгендей жеңілденіп шешініп тастап аунап-қунап емін-еркін көсіліп жатады. Өйтпесе, неге келсін. Елу жылдығы тойланғанда да алыстан келген қонақтарын осы үйден аттандырған. «Көңіл көңілден су ішеді», бұл кедей, шаруа жігіттің өзіне деген соншалық адалдығын Зекең де әрқашан айтып, жанына баурап риза боп сырттай қамқорын соғып отыратын.
Ертеректе – жетпісінші жылдары – осы үйде бейсеубет адам жоқ, өзіміз оңаша отырғанда Зекеңнің балалық шағы өткен Бөгеннің басы, жастық, теңіздің сол кездегі үйрек ұшып, қаз қонып жататын дәуренді кезі әңгіме болып, оның сабағы жігіттердің арғы ауыл мен бергі ауыл боп, жақ-жаққа бөлініп төбелесетіндіктеріне дейін барды. Тыңдап отырсам, сол төбелестің жуан ортасында Зекең де болатын көрінеді. «Ананы өйтіп, мынаны бүйтіп едік қой» дейді кәдімгідей елігіп. Мүгедек адамды арқалап жүріп адам қалай төбелеседі? Осы жағы күмәнді көрінді де дуылдаған әңгіме шамалы саябырлаған кезде Зекеңнің көңіліне келмейтіндей етіп «Қалай төбелестіңіздер сонда?» деп қайта сұраймын ғой анықтағым кеп. Сонда Зекең қызып қомпаңдап арқалана түседі:
– Жұрттан қаламын ба, ойынға мен де араласамын. Кейде соңы төбелеске айналады. Мына Әбілмәзін мені арқалап жүреді. Қолым жеткенін ұстап, сабаймын. Әбілмәзін шаршаған кезде «мені тап өткелдің аузына тастап кет, оборонда отырамын» деймін.
– Сонда қалай?
– Теңіздің жағалауынан Бөгенге қайтар жол –біреу-ақ. Сол жерде, жалғыз аяқ жолдың қақ ортасында отырып аламын. Мыналар ана балаларды маған қарай дүркіретіп қуады. Мен қолымның іліккен жерінен – балағынан болса балағынан, сирағынан болса сирағынан шап беріп ұстап аламын да жібермеймін. Өзім де ұрамын. Оған дейін бұлар да жетпей ме? – дейді.
Әбілмәзін де, басқалар да онысын көзбе-көз растайды.
Зекең өте қайсар адам еді, қою қара шашы қашан да тіп-тік, едірейіп тұрады, тарақ пайдаланбайды, қолымен тарақтай салады. Өмірбақи аурумен арпалыса жүріп, соншалық білім жинап, қазақ әдебиетіне көп олжа салғанының өзі-ақ оның қайсарлығына айғақ емес пе?
Оны да қойшы. Бәрінен де отырған орнына омалтып тастап кетпей, өздерімен бірге арқалап шығып, онысымен қоймай арқалап төбелестіріп жүрген Әбілмәзіннің көңілін айтсайшы. Қайран, қазақ жаны-ай...
Молотилка
Бір жылдары пәтерсіз қалған Елеусіз бүкіл отбасымен үйіліп-төгіліп Зекеңнің осы Чехов көшесіндегі соңғы үйінде тұрды. Қазалы жақтан әлдеқандай себеппен келгенмін. Набат апам Бөгенге шалы науқастанып кетті ме, әлде басқа бір себеппен кетті ме, әйтеуір, үйде жоқ екен. Ашқұрсақтау жалақ-жұлақ үш еркек картаны ермек қып отырғанбыз.
Үйде апамның жоғынан хабардар, Зекеңнің жағдайы болмай жатқанын білетін Қызылорданың өзінде тұратын, үлкен бір мекемеде есепші болып істейтін бір немере ағасы дәл сол сәтте ақынды үйіне шақыра келмесі бар ма. Көтеріп жүретін бір іні онсыз да керек, енді бірімізді несін тастасын, іздегенге – сұраған, үшеуміз қопарыла көтеріліп дайын машинаға мініп алдық та қонаққа тарттық.
Ас-су әзір, дастарқан жасаулы тұр екен. Жаз айы, күн ыстық болатын. Қоңырсалқын үй, бейсеубет адам жоқ. Бір мезгіл оңаша жайланып, әңгіме дүкен құрып жақсы демалып қайттық. Ойда пәлендей ешнәрсе жоқ, көңілдіміз. Кешқұрымғы шай үстінде Елеусіздің әйелі Мейізге Зекеңнің шағынып отырғаны:
– Ойпырмой, – дейді, –келінжан-ай, «ауылыңды шауып шық, жолдасыңды тауып шық» дегеннің не екенін бүгін білдім. Кісінің үйіне өзі адамды абайлап апармаса, болмайды екен. Жердің үстімен барып, астымен қайттым. Менде енді ол үйдің босағасын аттайтын бет қалмады, – деп тоқтап алады.
Біз соншалық не болып қалды деп елең еттік. Аңқаулық Елеусіздің бір басына жетеді. Кейде бірдеңенің шиін шығарып ап, кейде әзілдің астарын лезде түсіне алмай «А? А?» деп алақ-жұлақ қапалақтап қалатыны бар.
Мейіз болса:
– Не болды, аға? – дейді.
–Бардық. Барсақ бәрі дайын, ас та төк. Көрді ғой мыналар. Дастарқанға отырар-отырмастан әй-шәй жоқ екі жағымнан екі молотилка кірісіп бір берді дейсің. Құдай басқа салмасын. Апыр да топыр, күрс те күрс. Алдымыздағы түгел кетті. Несін айтасың, бұлар енді дастарқанды шайнап тастамаса болар еді-ау деп, ой, құдайым сақтасын, қылпылдап әрең отырдым. Бір кезде ет келді. Жыландары басылған шығар десем, ет те солай. Нағыз молотилканың өзі. Барған құрлы құрсын, өліп қайттым, келін. Жегені де ешнәрсе емес, жесін ғой. Бәрінен де қабырғама батқаны май салған қазанжаппайды жапырақ-жапырағымен көрпенің астына тығып жібергенін қайтесің. Әй, өлдім-ау...
Елеусіз болса көзі аларып орнынан қозғалақтап:
– Қой, Зеке, өйткен жоқпыз ғой, –деп кәдімгідей қызарақтап қалды.
Жабыла күліп жатырмыз.
Ашығып барған біз бала кезден сүйікті асымыз сары майға шылқытқан ыстық нан – қазанжаппайдың алдында қалай шыдап тұрайық. Өршелене кіріскенбіз да. Сонымызды Зекең аңғарып, әбессінген де сол жерде ескерту айта алмай іштей «бұларды ма?» деп түйіп алған, біз болсақ оңаша отырған соң өзімізді еркін ұстағанбыз.
Кейін қолданудан шығып, жоғалып кетті. Біздің жас кезімізде молотилка деген болатын. Оны, әрине, Зекең де көрген. Қырманның басына апарып қояды. Анадай жерде трактор, трактормен аралық құрмен жалғанып зырқырап айналып тұрады. Сонда молотилканың оқпанына не салсаң да жан қаратпай шайнап, ұнтап, құсып тұратын. Сақадай сай үш-төрт жігіт оқпанға кезек астық атып ақ тер-көк тер шалдығып жүретін. Адам шыдатпайтын өте өнімді машина еді. Тамаққа тап сондай боп тиіскен болсақ, обал не, Зекең бізді соған теңейді ғой баяғы.
Молдахмет ҚАНАЗ