Адасқан шағала
Бұл М.Мақатаевтың «Адасқан шағала» атты өлеңі емес. Өз жолынан шатасқан шағала он шақты күннің шамасында біз тұратын аумақтан шығар емес. Әуеліде мән бермеген едік. Кейіннен шаңқылдаған дауысынан шағала екеніне көзіміз жетті. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл құсты Арал ауданы Қамыстыбас ауылынан көргенмін.
Дәл сол құс аула маңында қалықтап, самғап жүр. Оның шаңқылдап дыбыс шығаруы кәдімгі бала жылағандай не мысықтың дыбысына ұқсас сияқты көрінді. Таңертең ерте сыртқа шыққанда жаңағы дауыс тағы естілді. Азанымен кішкентай бала далада жалғыз өзі не істеп жүреді дедім. Аңдасам, баланың дауысына қатты ұқсамайды. Жан-жағыма қарасам, шатырда шағала қонып тұр екен. Дене тұрқы орташа, күміс қанатты құс жайлы ғаламтордан мынадай қызықты ақпаратқа кезіктім.
Шағала жайлы қызықты 30 деректің ішінен ұнағаны – теңіз шағалалары керемет жүзушілер, тіпті суда ұйықтап кетуі мүмкін. Онда арнайы без болғандықтан, тұзды су ішуге қабілетті. Бұл без көзінің үстінде орналасқан және ол қанын тұздан тазартып, мұрын арқылы шығарады. Адамдарға өз кеңістігін қорғай отырып, отарымен шабуыл жасай алады.
Америка Құрама Штаттарында тіпті пошташыларға осы құстар шабуылдаған кезде не істеу керектігі туралы нұсқаулық бар екен. Белгілі бір жерлерде шағала рационының 70%-і балық қалдықтары. Ойын ойнауға, басқа құстардан олжа ұрлауға, сондай-ақ басқа жануарларды қуып, тіпті адамдардың пайдасын көруге қабілетті, ақылды және білгір құс. Теңіз шағаласы 4 жасқа дейін сұр қауырсындарға ие, содан кейін ол ақ түске айнала бастайды. Жайлы өмір сүру үшін көп мөлшерде тамақ қажет.
Олар теңіз құстарына тән көптеген қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеді, мысалы, мұнайдың ластануы, шатасқан желілер және төгілген пластмасса. Егер балапандарын инкубациялау немесе тамақтандыру кезінде шағала қауіп көретін болса, онда дүрбелең туғызады.
Ерте замандардан бері адамзат баласы ауа райын үздіксіз бақылап келеді. Өйткені, олардың көшпелі өмірі ауа райымен тығыз байланысты әрі соған тәуелді еді. Мәселен, шағала суға қонса, күн райының жақсы болатынын білдіреді деп болжаса, ал егер құмдақтың бетінде жүруін тоқтатпаса, қамдана бер деген сөз екен. Ал шаңқылдап дыбыс шығарса, дауыл болатынын ескерткені.
Расында кейінгі күндері наурыз айы өзінің «мінезін» көрсетіп, әбігерге түсірді. Шағаланың шаңқылдауы өңменіңнен өтетін суық желге, құйынды дауылға көрінген тәрізді. Көпшілік көктемнің келуін асыға күтіп, сағынып жүр еді. Алайда жаймашуақ күнге әзір жетпейтін секілдіміз. Өйткені адасқан шағала әлі шаңқылдауда. Әлде өз көлін іздеп, адасып жүр ме екен?
Айсәуле ҚАРАПАЕВА
syrboyi.kz