Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алыпқа арнау

Алыпқа арнау

Үшкөң жақта туып-өскен ұл едің,
Көк теңіздің толқынында түледің.
Қиын-қыстау заман өтіп басыңнан,
Қан мен терден мойымаған дүр ерім.
Ұлы Отан соғысына қатысып,
Ұлы тұлға деп таныды ұлы елің.
Екі қолдың біреуіне қару ап,
Қалам үшін пайдаландың біреуін.
Достарыңа арналыпты шығарма,
Дұшпаныңа атылғандай мір оғың.
Құландыны жаздырды Курляндияда,
Туған жер деп соғып тұрған жүрегің.
Жеңіспенен оралдың қан майданнан,
Бейбіт өмір болғаннан соң тілегің.
Елге қызмет етемін деп өлгенше,
Маңдайыңды Алматыға тіредің.
Жазушы деп таныды ғой бар әлем,
Жазуменен талғаннан соң білегің.
Алатауды бағындырған алыпқа,
Белараннан биік шың жоқ, білемін.
Тұлға болдың орның бөлек, өр кеудең,
Барған жерде сөз ұсынып, төрген.
"Қан мен тер" деп біріктіріп ат қойдың,
Үш томыңа "Ымырт", "Күйреу", "Сергелдең".
Тар заманның тіршілігін жазған ең,
Еңбегіңді екі ғасыр ел білген.
Сол үш кітап қайталанды кеше де,
Зер салып бір қарап тұрсам зердеммен.
Тынық мұхит тайфунындай әп-сәтте,
Ымырт түсе көтерілді ел бірден.
Сергелдеңге түсті талай тағдырлар,
Шықсаң өлдің деп тұрғандай бөлмеңнен.
Күйреу келіп қалғандай боп далама,
Қаншама оқтан қанша ерің жерге енген.
Қара жерге асықтың ба, алыбым,
Қаңтардағы қан мен терді көргеннен.
Білеміз ғой, кеткен адам келмесін,
Еңбек етіп кеткен ерсің елге шын.
Өмірімде көрмесем де бетпе-бет,
Мақтанамын болғаныңа жерлесім.
Ерсайын Медеталиев,
Құланды ауылы
05 сәуір 2022 ж. 791 0