Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рухани құндылық дәріптелген шара

Рухани құндылық дәріптелген шара

Кітап – рухани қазына. Бұл заманалар бойына дәлелденіп келе жатқан бұлжымас қағидаболып қала бермек. Көненің жәдігерлері мен бүгінгі заманды байланыстырып, келешекке өшпес хат болып жазылып қалатын осындай құнды дүниені әлем халқы қастерлей білген.
Осыған орай жуырда Арал аудандық орталық кітапханада 23 сәуір – дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне байланысты "Kitap Fest – 2022" кітап фестивалі өтті. Адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қазынаға толы құралды насихаттау, кітап   оқуға  деген қызығушылықты  қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап  оқуға  тарту, өскелең  ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында кең көлемде ұйымдастырылған фестивальге аудан әкімі С.Сермағамбетов қатысып, сөз сөйледі:
– Бағзыдан білім нұрына, ғылым шуағына бөленіп өскен қазақ халқының әлемдік өркениеттегі орны орасан. Сонау түркілік танымымыздағы Тоныкөк, Күлтегін жазуларынан бастап, біздің дегдар бабаларымыз оқу мен білім даңғылына ертеден түсті. Орта ғасырдың өзінде “Әлемнің екінші Ұстазы” атанған әл-Фараби шығармалары мен бүкіл мұсылман әлемінің рухани көсемі Ахмет Яссауи трактаттарының құндылығын бүгінгі әлемнің озық ғалымдары мойындап отыр. Сыр топырағында туған Қорқыт бабамыздың 12 томдық еңбегі сонау Ватиканда арнайы сақталуы қазақ даласының кітап оқу, жазу, ғылыммен шұғылдану секілді үлкен еңбекті талап ететін істерге қаншалықты бейім болғандығын аңғартады. Бір ғана Отырардың өзінде Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін әлемдегі ең үлкен Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана болғандығы біздің даламыздағы кітап тәрбиелеген ғұламалардың көптеп шығуын аңғартса керек, – дей келе, “Жақсы кітап – жан азығы” демекші, ақы сұрамайтын, жамандыққа үндемейтін ең ғажап тәрбие құралы десек қателеспейміз деп кітаптың құндылығы мен өміршеңдігін тілге тиек етіп, өткізіліп жатқан фестивальге сәттілік тіледі.
Ерекше форматта ұйымдастырылған  фестивальда «Бәрі кітаптан басталады» атты флешмоб, «Ғажайып кітап әлемі» кітап көрме инсталяциялары, «Балалар бақыты бәрінен биік» атты балалар жылына орай мерекелік шара, «Жүз жаңа оқулық – игі бастама» аясында жарық көрген оқулықтар көрмесімен таныстыру және «Жауһар жырды жүрегінде тербеткен» тақырыбында жерлес ақын Т.Абылаевпен кездесу  көпке керемет әсер қалдырды. Аудан басшысы да жергілікті ақынмен кездесуге арнайы барып, 70 жас мерейтойымен құттықтап, лебізін білдірді.




"Толқын" ақпарат
29 сәуір 2022 ж. 1 166 0