Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерлі, өнегелі отбасы

Өнерлі, өнегелі отбасы

Құмбазар ауылдық клубының меңгерушісі Толағай есімін ата-анасы ақын Әбділда Тәжібаевтың "Толағай" ертегі-дастанындағы басты кейіпкерге байланыстырып қойғанын екінің бірі біле бермес.
Сол Толағай Досманбетов Құмбазар сегізжылдық білім ұясының табалдырығын алғаш аттағаннан бастап өте зерек, сабаққа алғыр, кез келген жаңа ортаға тез бейімделетін бала екенін бастауыш сыныптағы ұстаздары, біздер ерте аңғарғанбыз. Бұл жөнінде менің есімде қалғаны ол шәкірт кезінен бастап суретті әдемі салатын. Келе-келе мектеп ұстаздары болып бәріміз оған көрнекі құралдар безендіруді тапсыратынбыз. Ол тілалғыш, ешкімнің меселін қайтармайтын шәкірт болып ерекшеленді.
Толағайдың өзі де, өмірлік серігі Күлшат та өнерлі жандар. Ерлі-зайыпты екеуі ауылдағы мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, оны өз дәрежесінде өткізіп жүреді. Бір қызығы, Күлшат әртүрлі тәтті тағамдар мен кондитерлік өнімдер жасаудың нағыз хас шебері. Тіпті 2017 жылдан бастап облыстық ұлттық тағамдар жасау конкурсына қатысып, оның өнімдеріне көрермендер де, әділқазылар да жоғары баға берген еді. Соның нәтижесінде Алғыс хаттармен марапатталғанын ауылдастары болып мақтан тұтамыз.
Ауыл балаларын отыз жылдан астам уақыттан бері үлкен өнерге баулып, ел ішіндегі мәдени шараларды өз дәрежесінде өткізіп жүрген Толағай мен Күлшаттың отбасын өнерпаздар ордасы деп атайды құмбазарлықтар. Бекзаты анасы сияқты шебер аспаз. Кіші қызы ЖаннұрТ.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік өнер академиясының болашақ режиссерлер дайындайтын факультетінің 3 курс студенті. Кенже ұлдары Кішкене болса жақында облыстық "Таңшолпан" балауса әншілер байқауының аудандық іріктеу сайысынан өтіп, сол байқауда өнер көрсету бақытына ие болды.
Ерлі-зайыпты өнерпаздар ауылдағы табысы аз, қарастығы жоқ отбастарына қайырымдылық жасауды да ұдайы дәстүрге айналдырып келеді.
Күнқияш ДАБЫЛОВА,
ардагер ұстаз
07 мамыр 2022 ж. 852 0