Шалғай ауылдың шамшырағы еді...
Аудан орталығы Арал қаласының күн батысына баяғыдан қоныс тепкен Қарашалаң елді мекені негізінен теңіз тарландарының атамекені десек те болады. Ауыл мен аудан орталығының арақашықтығы – жүз отыз шақырым. Бөген мен осы ауылдардың арасындағы, одан әрі Қаратерең, Көкарал бөгетіне баратын жол қатынасының жайы тұрғындардың көңілін әлі күнге көншітпей келе жатқан көрінеді. Ойдым-ойдым, сапасыз салынған, кейін шұрық тесік болған 18 шақырымдық жол барғанша-қайтқанша зықыңды шығарады.
Бірде Қарашалаң ауылына бара жатқанда бізбен сапарлас болған азамат әуелі жарамсыз жол жайын жиектей айтып, сонан соң ауылдағы №75 орта мектептің бұрынғы ұстазы, өмірден өткеніне ширек ғасыр болған Әбжан Нұрмағанбетов туралы әңгіме қозғады.
– Несін айтасың, нағыз ұлағатты ұстаз деп Әбжан ағайды айтса керек. Мен де сол кісінің алдын көрген, дәрісін алған көптеген шәкірттерінің бірімін. Мықты математик болатын. Байыпты, байсалды кісі еді ғой, – деді әлгі азамат ұстазы Ә.Нұрмағанбетов туралы толғана тіл қатып.
Иә, шалғайдағы №75 мектептің математика пәнінің мұғалімі Әбжан ағамызды көзі тірісінде, жастау кезімізде біз де көргенбіз. Жүзбе-жүз жолыққанбыз. Біріміз ақылшы аға, екіншіміз ізетті іні болып ортақ әңгіме-дүкен құрғанымыз да әлі күнгідей есімізде.
Байыпты. Байсалды. Көп тыңдап, аз сөйлейтін Әбекеңді алғаш көргенде қарапайым ауыл мұғалімін емес, ғұлама ғалымды көргендей әсерде болғаным бар. Сонан да шығар, әуелгіде математиктер сараң сөйлеп, әдебиетші ұстаздар аузын ашса жүрегі көрінетін мамандық иелері деп те ойлағаным есте.
Тірі болғанда осы жылы 90 жастың төріне озатын Әбжан ағамыз 1932 жылғы аласапыран заманда Арал ауданындағы Бөген елді мекенінде дүниеге келген еді. Онан әрідегі ата-тегіне келсек, қалмақ-қазақ соғысында жасанған қалың жаудын бетін қайтарған атақты Тайлақ батырдан тарайды. Әкесі Сәңкібай, одан Шарапат, Сағынбай, Бақи, Әбжан, Қапи, Кенжетай атты балалары Бөген, Қарашалаң өңірінде дүние есігін ашады. Осы ауылда өсіп-өнеді.
Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс талай шаңырақты күйретіп, жауқазындай қаншама жас ғұмырды қыршыннан қиғанын арамызда жүрген азын-аулақ аға ұрпақ өкілдері ұмыта қойған жоқ. Ұмытпайды да. Себебі Әбжан ағаның алдындағы арқасүйер қос ағасы Сағынбай мен Бақи ат жалын тартып мінер шағында көлденең келген сырқаттан қыршын кетеді. Ал Шарапат ағасы көппен бірге қызыл вагонға отырып қан майданға аттанады. Соғыстың аты – соғыс. Көк пен жерден жауған ажал оғының астында қаншама жасақтар жау оғынан жантәсілім етсе, кейбірінің осынау сұрапыл шайқас даласында ұшты-күйлі хабарсыз жоғалып кеткендігі белгілі. Соның бірі ауылда есін жинап, етегін жаппай-ақ еңбекке ерте араласқан Әбекеңнің сағына күткен ағасы Шарапат болатын. Амал жоқ, «жүк ауырын нар көтереді» демекші, тұтастай бір әулеттің тірлігіне қолғанат бола білді. Артындағы қос інісі Қапи мен Кенжетайды қанатының астына алды.
Түзден отын шапты, теңізден пішен орып, балық аулады, тірі адамға тіршілік керек. Ауылдастарының бірінің ескегіне отырды, екіншісінің ауларын тараштады. «Жалаңаяқ жар кешті, қызылаяқ қар кешті».
Ақыры, қанды майданға кебенек киіп кеткен ағасы Шарапат сол кеткеннен хабар-ошарсыз мол кетті. Енді ел қатарына қосылып өмір көшіне ілесуге асыққан Әбжан ағамыз ауыл мектебін ойдағыдай тәмамдаған тұста білім ұясының басшылығы оған ұстаз болуға ұсыныс жасады. Кеше ғана өзі алдын көрген, тәлімін алған бозбала енді самайларын ақ қырау шалған сақа ұстаздар сапынан орын алуға ойысты. Өйткені ол тұста жоғары білімді маман мұғалімдерді күндіз қолына шам алып іздегенде таба алмайтынсың.
Міне, енді сол ағамыздың ұстаздық алғашқы еңбек жолына үңіліп отырмыз. 1951 жылы №20 Бөген орта мектебіне мүлде жас мұғалім болып аудандық білім бөлімінің сол тұстағы меңгерушісі Мүбәрак Рысқұловтың бұйрығымен орналасқан Әбекең үшін ұстаздық әлемінің есігі енді ашылғандай болған.
Сонау 1919 жылдан бастап ауыл балаларын білім нәріне баулып келе жатқан іргелі оқу орны 19 жастағы ұстазды жатырқамай қарсы алды. Жас ұстазды мұндағы тісқаққан әріптестері келгеннен бауырына тартты. Білмегенін үйретті, білгенін ілгері дамытуға болысты. Сол Әбжан ағамыз Айнадин Сейтекенов, Тағыберген Өтепов, Тілеужан Жәнелов, Жалғас Құрманов және басқаларының есімдерін кейінірек құрметпен еске алып отыратын. Ол кездері Бөген орта мектебінің жанындағы интернатқа осы маңайдағы ауылдардың сегізжылдық білім ұясын бітірген балалар одан әрі оқу үшін ағылып кеп жататын. Мысалы, Қаратерең, Қарашалаң, тіпті теңіздің арғы басындағы Көкарал ауылының ұл-қыздары да он жылдықты осы мектептен оқып, үлкен өмірге қанат қағушы еді.
Бөген орта мектебінде бас-аяғы бір жылдан астам уақыт балықшы балаларын сапалы білімге баулыған Әбекең 1952 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Екі жыл әскер қатарында болған ол бейбіт өмірге қайта оралып, 1954 жылдың 1 қарашасынан бастап Сульфат кешкі мектебіне мұғалім, екінші жағынан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке кіріседі. Мұнан соң Қаратерең елді мекеніндегі Т.Г.Шевченко атындағы №82 сегізжылдық мектебінде, сол жылғы 2 тамыздан №45 Көнебөген жетіжылдық мектебінде, 1955 жылғы 27 тамыздан 1962 жылдың 10 желтоқсан аралығында №20 Бөген орта мектебінде інісі Қапи екеуі қанаттаса қызмет атқарған еді.
Көп ұзамай Әбекең ағамыз 1962 жылдан бастап №75 Қарашалаң мектебіне қызмет ауыстырған болатын. Оның үстіне Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін 1959 жылы сырттай оқып тәмамдаған жоғары білімді ұстаз осы білім ұясында аттай отыз жыл уақыт ауыл балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беруге атсалысты. Ауылдың осы күнгі жетпістен асып, арты жетпіс жасқа келген аға буын өкілдері, жиені Жеткерген Жалғасбаев, Сағындық Демеуов, Сақташ Жұмағалиев, Ібайдулла Ерекенов, Сұлу Қонақбаева сияқты шәкірттері өмірден өз орнын тапқан жандар. Әбжан ұстазы жайында ауыл ақсақалы Сағындық Демеуов былай дейді:
– Бізге мектепте математикадан дәріс берген Әбжан ағайымыз байсалды, білімді жан болатын. Уақыт шіркіннің көзіңді ашып-жұмғанша зымырап лезде өте шығатынын енді біліп жатырмыз. Сонан бері жарты ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Бұл кісі өз ісіне ұқыпты, өзгелерге үлгі болған ұстазымыз болатын. Қажет болса оқушылардың ата-аналары арасында да беделі зор, бәрі «ағай» деп ардақтайтын азамат еді. Себебі Әбекең барынша кішіпейіл, ізденімпаз, инабатты, ізетті, адамгершілігі жоғары болған. Өзіне тапсырылған іске мейлінше жауаппен қарайтын. Ешқашан «болдым, толдым» демейтін.
О бастан жүрегі дарқан, біреулердің айыбын бетіне баспайтын кешірімшіл ұстаз қолдан келгенше кім-кімге де қамқорлық жасауға тырысады екен. Кең болсаң, кем болмайсың деген осы болса керек.
– Әкем мейлінше қарапайым өмір кешті. Балаларын да адалдыққа, адамгершілікке баулыды. Одан жаман болған жоқпыз. Анамыз Күнипа екеуі 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Қатарымыздан кем қылған жоқ. Бәрі жоғары білімді. Өмірден өз орындарын тапқан жандар, – дейді Әбекеңнің кенже ұлы, «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы.
Иә, ініміз айтқандай Әбжан ұстаз 1992 жылы құрметті демалысқа шығып, одан кейін бес жылдың бедерінде ғұмыр кешіп, алпыс бес жасында келместің кемесіне мініп, бақилық сапарға аттанды. Адам ұрпағымен, ізгілікті ісімен мың жасайды деген сөз рас шығар. Көзі тірісінде салалық басшылық тарапынан сан түрлі мақтау-марапаттарға ие болған. Ұлағатты ұстаз омырауында «Еңбек ардагері» медалі жарқырап жүретін еді. Бәрінен бұрын Әбекең көпшіл, қонақжай үй иесі болған көрінеді.
Кезінде Қарашалаң мектебіндегі ұжымдастары арасынан Өтеген Қарлыбаев, Сағидан Әбсахиев, Ақбайнаш Сейталиев, Сұлтанғали Серікбаев, Тағыберген Алмағанбетов, Зейнет Жұмахметов бұл үйде жиі бас қосып, жұмыстан тыс уақыттарында жеңгеміздің кең жайған дастарқаны басында әңгіме-дүкен құрып отырады екен. Әбекең мұндайда көңілін кеңге салып, келген қонақтарға орынды әзіл айтып, тіпті бірер тапқыр шумақтарымен жан-жағын күлкіге кенелтіп отыратын болыпты. Әбекеңнің тағы бір қызығы, қосалқы шаруашылыққа қосымша уақытты ұдайы бөліп отырады екен. Әсіресе мектептегі қызметінен қолы қалт етсе, көлге ау құрады, болмаса үй жанындағы өзі өсіріп отырған қоян мен құс шаруашылығына айрықша көңіл бөлгенді ұнатады екен.
Кешегі өткен кеңестік кезеңде ауыл мұғалімдері насихатшы, саяси хабаршы, үгітші ретінде партия қолғанаты болғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Әбекең де осындай өзіне тапсырылған міндетті адал атқарғанын білеміз. Әрине ол кездері қазіргідей бұқаралық ақпарат құралдары көп емес. Әсіресе теледидар, радио қызметі мүлде жоқтың қасы болатын. Соған қарамастан ауыл балықшылары, медпункт, мектеп қызметкерлері Әбжан ағамыздың саяси сабақтарын ұйып тыңдайды екен. Бұл Әбекеңнің қоғам алдында атқарған қызметінің бір титтей тамшысы болатын.
Иә, №75 Қарашалаң сегізжылдық мектебінен сол тұстары қанат қаққан, Әбжан Нұрмағанбетов сияқты ұлағатты ұстаз алдынан шыққан жүздеген шәкірті оны бұл күндері алғыспен еске алып отырады. Халқымыздың қабырғалы перзенті Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» демекші, шалғайдағы ауыл мектебінің шамшырағы атанған Әбжан ұстаз қандай мақтауға да лайықты тұлға болған. Тірісінде өз биігінен бір сәт төмен түсіп көрмеген ұстаз атын ұрпақтары, шәкірттері ешқашан ұмыт қалдырмайды. Ол соған лайықты адам.
Біз енді Әбекеңнің кенже ұлы Нұржанның асқар таудай әкесі туралы естелігіне кезек берейік: «... Иә, «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген, әкемнің асыл бейнесі, ақжарқын қалпы бізден қашықтағалы жиырма бес, аяулы анам дүниеден өткелі жиырма жыл уақыт өтіпті. Әкемнің құрдастары, аға-інілерін көргенде, олар «Әбекеңнің баласы» деп әкем туралы бір ауыз жылы сөз айтқанда көмейіме өксік тығылып, әке дидарын аңсайтынымды қайтейін. Әкем берген тәрбие өміріме өнегелі жол, адастырмас шамшырақ болып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Айналасына нұр шашқан сол бір жарықты сөндіріп алмай мен де, бауырларым да өз ұрпақтарын арман-мақсатына адастырмай бастап келеді. Ол әкемнің бізге берген тәрбиесінің жемісі болса керек. Өз басым әкемнің, қарапайым ауыл мұғалімінің жүріп өткен өмір жолына қарап, ұрпағының бойына адамгершілік дәнін өзінің көрген-білген өнегесімен дарытқанына шүкіршілік жасаймын. Жер басып жүрген әрбір адамның арманы – бақыт болса, баланың бағбаны ата-анасы екенін байқадым».
Жер бетіндегі алуан түрлі мамандық иелерінің ұстыны ұстаз екенін әркім біледі. Ұстаздан сапалы білім, саналы тәрбиені өн бойына сіңірген академик те, ел басшылары да, мемлекет және қоғам қайраткерлері де, от ауызды, орақ тілді ақындар мен әншілер де білім бағбандарының алдында бас иеді.
Біздің басты кейіпкеріміз, туғанына 90 жыл толған ұлағатты ұстаз, марқұм Әбжан Нұрмағанбетов ағамыз да осындай өнегелі талай ұрпақтың үлкен өмірден өз орнын табуына бағдаршам болғанын былайғы жұрт та жақсы біледі. Сол ұрпақтар Әбекең сияқты үлкен жүректі ұстаз алдында өздерінің борышты екенін түсініп, оның есімін құрметпен еске алып отырады.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мазмұнды мақал бар. Сол айтылғандай, Әбжан ағамыз бен Күнипа жеңгеміздің бауырынан өрген сегіз перзенті үлкен өмірден өздерінің лайықты орнын тапқан. Үлкендері Рабиға мен Ранайкүл әке жолын жалғастырған білікті ұстаздар болса, ұлы Райхан облысқа белгілі дәрігер-хирург, Қызылорда облыстық көпбейінді орталық аурухананың бөлім меңгерушісі, одан кейінгі Нұрлан ініміз облыстық обаға қарсы күрес станциясының басшысы. Ерлені – инженер-металлург, Раушаны – мектеп-интернат тәрбиешісі, Рахиласы – жеке кәсіпкер. Нұржан – жоғарыда айтқандай. «Халық» газетінің бас редакторы, облысқа белгілі көсемсөзші. Бәрі жоғары білімді, отбасылы, әрқайсысы бір-бір әулет, бір-бір ауыл десек те болады.
Білімді, білікті ұстаздың орнын қай қоғамның тұсында да ешнәрсе өзгерте алмайды. Әбжан ағамыздың тұсында да бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақты жан-жақты, кәсіби шеберлігі шыңдалған мұғалім тәрбиелейтінін өмірдің өзі көрсеткелі қашан. Сол биіктен түспей өмірден өткен ұлағатты ұстаз шалғайдағы ауыл мектебінің мызғымас алтын қазығы іспеттес еді. Осы дағдысынан айнымай мәңгілік сапарға аттанған ол жас ұрпаққа өнеге іспетті болыпты қазір ойлап отырсам.
Ұстаз – ұлт ұстыны. Жаңа Қазақстанның жасампаз жас ұрпағына ұлттық сипатта тәлім, әлемдік дәрежеде озық ойлы білім беретін тек ұстаз атты қастерлі мамандық иесі екені даусыз шындық. Әбжан аға сияқты алдыңғы аға буын ұстаздардан тәлім алған бүгінгі жас ұрпаққа жүктелер міндет зор, олардың болашағы жарқын болғай.
Т. Нұржан-Балта