Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әжемнің тәрбиесі және оның ғылыми астары

Әжемнің тәрбиесі және оның ғылыми астары

Қазақ отбасында әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже тек отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің, ағайын-туыстың ауызбірлігін сақтайтын ардақты анасы, балалары мен келіндерінің, немере-шөберелерінің тәрбиешісі, ақылшысы.
Менің әжем Бибізада (Сәлкеш) Жұмағазықызы Рыстығұлова 1935 жылы 22 шілдеде Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев колхозында дүниеге келген. 12  баланы дүниеге әкеліп, 20 немере, 15 жиен сүйіп, олардан 30-дан аса шөберелер мен жиеншарлар тараған. Мен атам мен әжемнің төртінші немересі болдым.
Мен үшін менің әжемең әдемі, ең ақылды, ең қатал және ең мейірімді жан болып есімде сақталып қалды (мен әжемді мама деп атадым, әрі қарай мама деп жазылады). Енді осы теңеулерді тарқатып айтып берейін. Ең әдемі дейтін себебім ол кісі өте ажарлы еді. Оның сүттей аппақ денесі, киген киімдері, өзін-өзі ұстауы бөлек болатын. Мамамның көйлектері, сол кезде мода болған платформа туфлилері әлі күнге дейін көз алдымда. Бір жерге жиналғанда сол әдемінің бәрін киіп, құдды бір Елизавета патшайымдай болып шығатын. Патшайым десе де жарасатын ол кісіге, себебі ол өз үйінің патшайымы еді. Ақылды екенін айтпасам да түсініп қойған шығарсыздар, себебі сол заманда осылай өзіне күтім жасап, сәнді көйлек тіктіріп кию, ең соңғы сәндегі аяқ киімдерді ауылдық жерде отырып алдырып кию, үйін таза ұстап, елге сыйлы кісілерді қонақ қылып күтіп, көңілдерінен шығып жайлай білу, бәріне уақытында үлгеру тек ақылды, пысық адамның ғана қолынан келері анық. Көкем Қоңырбай Рыстығұлов көп жылдар бойы совхоз директоры болып қызмет атқарған. Ауылдағы құрметті отбасының бірі болғандықтан үйге қонақ көп келетін. Құрметті азаматтың жары болып, үйін жайнатып, өзі де соңғы үлгідегі әдемі киімдерді киіп, жарқырап жүруші еді. Мүмкін, кейбіріңіз іштей «совхоз директорының хотуны болған ғой, ақшасы көп болса кимей не істейді?» деп күбірлеп отырған шығарсыздар. Жоқ, мәселе ақшада емес еді. Ақшасы тасып жатса да не үстіне кие алмайтын, не үйіне жапсыра алмайтындардың талайын көріп жүрміз. Ол уақыттарда тіпті биік өкшелі аяқ киімді қаладан адам салдырып қана алады екен. Біздің заманымыздағыдай киім дүкендері жоқ. Соған қарамастан ебін тауып алдыртып, небір әдемі көйлектерді тіктіріп киіп, тіпті балалардың бәріне үй киімдерін отырып алып өзі де тіге беретін. Әкем әлі күнге дейін айтып отырады. «Жазғы каникулға шығамыз, ұлдарға шыттан бір-екі шорты тігіп береді, сонымен ала жаздай жүретін едік» деп. Мен ес білгелі де мамам үнемі машинасымен киім тігіп отыратын.
Ал енді мамамды неге ең қатал деп санағанымды түсіндіріп берейін. Біздерге «әйдік мам» келе жатыр десе, бәріміз, немерелері жан-жаққа тығылатын едік. Себебі бала болғасын ойнап, бірдеңелерді бүлдіріп жүреміз ғой. Түсте ұйықтамаймыз, скважина жағалап ойнап кетеміз. Сондағы тәртіпті қарасаңызшы, түскі үзілісте мама ұйықтап жатқанда үйге аттап баспайтын едік қой. Арасында бір себеппен кіріп қалсаң, он бөлмелі зәулім үйдің ең түпкі бөлмесінде жатып оянып кететін. «Ай, тұқымың жайылғыр, бұл қайсысың?» дегенде тыпырлап кеп далаға қашамыз. Содан мамамның көзіне көрінбеуге тырысамыз. (Осы күні ойлап отырсам, мамамның ұрысқанының өзі бізге бата тілегені екен-ау).Түстен кейін мама ұйқыдан тұрып, бәрі ұмытылып, Дәмен жеңгем дайындаған бестің шайына ортаңғы сарайға жиналғанда ғана қасына барамыз. Дастарқан басына иісі бұрқыраған ыстық тапа нан келеді, сары маймен. Сол наннан бәрімізге бір-бір кусок лақтырады (қолдары жетсін деп, себебі стол үлкен, жалпақ болатын және немере де баршылық болдық). Соны жейміз де таямыз, шай ішсек кейін өсе келе іштік, бала күнімде шай да ішпей тұрып кететінбіз. Ешқашан ешқайсымызды бөліп-жармады. Ешбірімізді ізіне салпақтатып ерітпеді. Бірақ барған жерден камзолының ішкі бетіне әдемілеп тігіп қойған шыт қалтасына салып тәттілер әкелетін. Ол да көп болмайтын жеткенінше бөліп жейміз. Сонда ол кісі сарқытты да мәдениетті түрде алатын болып тұр ғой. Пакетпен сарқыт әкелгені есімде жоқ. Бір бала ыңыранып жыламайды, маған жетпеді деп (тіпті бала болып ретсіз жыламайтын біздің үйдің балдары). Себебі тоқ болдық. Үйде бәрі болды. Содан ба екен, әрқашан көңіліміз де тоқ жүретінбіз. Бала күнімде үнемі ортаңғы сарайда дастарқанның үстінде немесе қапта бауырсақ болатын. Қонақ көп келетін, содан ауысып қалған бауырсақтар өте көп болатын. Қатыңқырап қалған сол бауырсақты ойнап жүріп жей береміз, кепкен сайын тәтті бола түседі ғой. Сосын пряник көп болушы еді. Ортаңғы құдықты толтырып кеткенде (водавозбен су құйдыртады) бақырашты батырып су ала беретін едік. Себебі бетіне дейін толтырып құйып кетеді. Бақырашпен суды алып аламыз да, жаңағы пряникті суға батырып жейміз. Суға бір салсаң жұп-жұпсақ болып шыға келеді. Дәмі енді, әлі күнге дейін есімде. Қазір сол пряникті аңсап, түр-түрін алып жесем де, бала күнгі пряниктің дәмі келмей-ақ қойды. Осылайша тыңқиып алып жүре береміз. Қазіргі балалардай таңнан кешке дейін үлкендердің қадағалауында болдық дей алмаймын, еркін өстік. Бірақ қатаң тәртіппен бақылауда екенімізді біліп жүрдік. Дұрыс емес нәрсе жасауға болмайтынын біліп өстік. Бес мезгіл тамақ, уақытымен ұйықтау, бәрі-бәрі режиммен еді. Таңертең таңғы асты ішіп болғаннан кейін қыз немерелері үйге жалғаса салынған сәкіге (шарбақта екі үлкен сәкі болды) жайғасып, маманың қасында тірлік істейміз, ұлдар жағы көкеммен мал қораға кетеді. Бұл уақытта  жеңгелеріміз таңертең сауған сүтін қазанға пісіріп қойып, күбіге айранын шайқап немесе құртын жасап, сағат 11- лер шамасында мамаға, бізге айран көже немесе сүт лапша (үзбен) пісіріп әкелетін. Түскі асқа дейін соны ішіп аламыз, сосын біз тоқ болмай кім тоқ болсын?! Сол «тоқтық» бізде әлі бар. 
Қандай тәрбие, қандай қалыптасқан тәртіп деп ойланамын осы күні. Қазір неге солай жасамасқа? Біздер одан жаман болдық па? Жоқ! Қарнымыз тоқ, уайымымыз жоқ, ауру дегенді білмедік. Қазір ше? Қазір «ондай бала жоқ» деп, балаларды кінәлап шыға келеміз. Кінә балада емес, қазір осындай үйдегі тәртіпті, берекені қадағалап, ұстап отыратын әжелер жоқтың қасы. Келіннің қас-қабағына қарап, екі-үш түйір немересінің басын біріктіре алмай, екі баланың ортасына түсіп, ұсақ нәрсені үлкен дауға айналдырып отырған кейбір әжелерді көргенде қатты қынжыласың. Екі немересі өзара сөзге келсе «ол саған не деді, кет деді ма, ал сен не дедің?», «тамақ жейсің ба, ыссы ма, суық па?», «сені кім ұрды, ұрысты ма саған?» деп, жоқ жерден ілік іздеп, түймедейді түйедей қылып, бір немересін екіншісіне жексұрын қылып немесе келінге тигізіп сөйлеп отыратын әжелер де бар. Бұның барлығы балаларға бірдей мейірім бере алмаудан. Кейбір әжелер қыздың баласын көбірек бауырмалдайды, тіпті өздеріне бала қылып алатындары да бар. Ал кейбір әжелер өз немерелерін қамқорлап, жиенді алыстан жақсы көріп отырады. Одан әжелердің ештеңесі кетпес-ау, балаға обал. Әжелер оларды өбектеп, мәңгі қасында отырмайды ғой. Одан бала өмірге қалай бейімделеді? Біріншіден, ерекше жақсы көріп отырған бала мен өздері кінәлап отырған екі баланың арасына сызат түседі, екіншіден, үнемі кінәлі қылып отыратын немереде психологиялық өзгеріс, тіпті күйзеліс болады. "Мені жақсы көрмейді, бәрібір екінші баланың айтқанын дұрыс деп санайды" деген пікір қалыптасады балада. Сосын көңілі тартпай, аралары алшақтай бастайды. Ал үнемі қорғаштап отырған бала өмірдің тоқпағына төзе алмайтын жігерсіз болып өседі. Себебі ол өзін өбектегенге үйреніп қалады. Бұны ғылымда гиперқамқорлық дейді.
Гиперқамқорлық – ата-аналар мен тәрбиешілердің балаға асыра қамқорлық жасауында көрінетін позициясы. Мұның салдарында бала қиындықты жеңу мүмкіндігінен, ал кейін қабілетінен айырылады. Ұзаққа созылған гиперқамқорлық нәтижесінде бала қажет болған уақытта өз қорын жұмылдыра алмайды, үлкендерден көмек күтеді; жаттанды дәрменсіздігі, яғни кез келген бөгетті жеңу мүмкін емес деп қабылдауы дамиды, деп анықтама береді сөздікте.
Иә, бұл өте үлкен мәселелердің бірі. Себебі осы гиперқамқорлықтың салдарынан қаншама бала өмірге бейімсіз болып, дамуы кешеуілдеп жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Ғылымда психологиялық дамудың тежелуі (ПДТ) деген термин бар. ПДТ балалармен жұмыс жасаудың өзіндік талаптары бар. Психологиялық дамуда тежелу болса, сөйлеу тілінің дамуында да бұзылыс болады. Себебі сөйлеу бұл – ойлаудың сыртқа бейнеленуі. Ал ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Яғни, біздің ойымыз сөйлеу арқылы көрініс табады. Егер адам шешен тілді, суырыпсалма болса, демек оның ойлау қабілетінің жақсы дамығаны. Яғни, үйдегі психологиялық ахуал бала дамуына ең бірінші кезекте әсер ететін фактор.
Сондықтан әрбір нәрсеге баланың құрсақта жатқан кезінен бастап мән беру керек. Оның дұрыс дамуына жағдай жасау керек. Үйдегі көңіл-күй, ата-аналардың қарым-қатынасы барлығы бала дамуына өз әсерін тигізеді. Психологиялық дамудың тежелуіне жоғарыда аталғаннан басқа да көптеген себептер әсер етуі мүмкін. Соның бір себебі ретінде ғана гиперқамқорлықты атап отырмыз. Себебі осылай жалғаса берсе, онда қоғамда сөйлеу тілінде бұзылысы бар, дамуында тежелуі бар балалардың саны арта бермек. Ата-аналардың барлығының бірдей педагогикалық сауаты болмайтыны анық, сондықтан біле бермеуі де мүмкін. Бірақ бұрынғы ата-әжелеріміз осы нәрсенің бәрін білді. Тепе-теңдікте ұстады. Баланың көзінше ешқашан ұрыспады. Баланы себепсіз еркелетпеді. Балаға көбірек еркіндік берді, сенім артты.
Солардың салған жолымен жүріп, бала тәрбиесінде мейіріммен қатар талап қоюды да естен шығармауымыз керек. Психологияда 3 жастан бастап балада өзіндік «Мен» ұғымы қалыптасады. Осы кезден балаға өз-өзіне қызмет етуге, өзінің киімін өзі киюге, тамағын өзі ішуге рұқсат беріп, соған үйрету керек. Ал осы кезеңде оны тыйып, «сен шашасың», «төгесің» деп тартып алып, өзіңіз жегізіп, өзіңіз киіндіріп отырсаңыз – онда ертең бейнетін өзіңіз көресіз. Балаңыздың аузына 7 жасқа дейін тамақ салып отыратын күйге қалай жеткеніңізді байқамай да қалуыңыз мүмкін. Сіздің шектен тыс қамқорлығыңыздың кесірі неге алып соққанын сол кезде түсінесіз. Бірақ оны көп жағдайда ата-аналар ескере бермейді. Баласының өз бетінше болғанын іштей қалайды, бірақ балада оған икем жоқ. Сосын амалсыз өзі араласады. Себебі ол баланы соған үйретіп тастады. Бәрін ол үшін өзі жасады. Ал біздің ата-әжелеріміз педагогика мен психологияны оқымаса да, осы нәрсенің бәрін білді. Баланы қажет жерінде қолдап, қажет емес жерде қорғамады. Өз бетінше өмір сүруге бейімдеді.
Көкем мен мамам бәрімізді бірдей жақсы көрді. Қыздардың балдарын да жақсы көрген болар (олар тек жазғы каникулда келетін), бірақ өз немерелерін айдай көретін. Көкем бәрімізге ат қойып, сол аттарымызбен атайтын. Мені Айнұр дейтін. Неге солай атағанын білмеймін, сұрамаппын. Төргі бөлмеде отырып «Айнууур» деп айқайласа, жетіп баратынмын. Мәсімді шеш дейді немесе кигіз дейді. Әйтеуір көкем сырттан кіргеннен жүгіріп шығамыз да аяғын шешеміз, егер шығып бара жатса киюге көмектесіп жібереміз. Ішке кіріп сырт киімін аламыз. Киініп не шешініп болғанша қасында көмектесіп жүгіріп жүретінбіз. Қашан «бара бер» дейді, сол кезде шығып кетеміз. Ол кісілер отырған бөлмеге кіріп ойнау, ойнаған былай тұрсын, жай отыру да біз үшін дұрыс емес нәрседей қалыптасқан. Осының бәріне бізді тәрбиелеген мамам (әжем). Себебі ол кісі осындай тәртіпті орнатпаса, немерелер басқа шығып, білгенді істеп отырар едік. Әрқайсысымыздың әке-шешеміз бөлек, әркім өз шешесінің айтқанымен жүрсе онда бұндай ауызбіршілік те болмас еді. Менің өз шешемнің бала күнімде маған не ұрысқаны, не ерекше мейірленіп жақсы көргені есімде жоқ. Соған қарағанда ол кезде олар жас келін болды, үй шаруасымен алаңсыз жүріп, бізбен ісі болмаған шығар деп ойлаймын. Ойым қате болуы да мүмкін.
Әжемнің ат тергеуінің өзі бөлек әңгіме. Қайын сіңлілері мен қайныларының бәрін ерекше атаған. Қыз балаға, әр немересіне деген пейілі ерекше еді. Кейін немерелері ержетіп студент болған кезде де олар демалысқа келгенде бала демей, шаға демей сыбағалы тамағын астыртып, қонақ қылатын. Ұзатылатын қызды да үйге шақырып қонақ қылып, арнайы сыйлығын, батасын беріп шығарып салушы еді.
Біздің үйдің жанында үлкен скважина болатын. Бір күні сіңілдерім мен інілерім сол жаққа ойнап кеткен. Маманың уайымдап жүргені жүзінен көрініп тұрды. Шарбақтағы скважина жаққа қараған есіктен қайта-қайта қарап жүрді. «Мама, қазір келеді ғой уайымдамаңыз» деген маған ақыл-кеңес айтып бастады. Сондағы есімде әлі күнге дейін жатталып қалған бір сөзі «Балам, ешкімге өзіңді ренжітуге жол берме, артыңнан келсе – теп, алдыңнан келсе – тістеп ал» деді. Сол сөзі осы күнге дейін жадымда сақталып қалды. Соның арқасында болар, әрқашан өзімізді қорғай білдік. Дұрыс емес нәрселерге жол бермедік, үндемей қалмадық. Әділетсіздікке, өтірікке, жағымпаздыққа жанымыз қас. Себебі біздің тәрбиеміз солай болды.
Өмір ақ-қара жолақтан тұрады. Өмірде бәрі бірдей маңдайдан сипамайды. Бірде аш боласың, бірде тоқ боласың. Бала күннен дұрыс тәрбие алып, уызына қанып, қажет жерінде жазаланып, қажет жерінде мадақ алып өскен бала өмірге тез бейімделеді. Өмірдің сынағына сынбайды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, керемет тәрбие беріп, отбасының жаманын жасырып, жақсысын асырып отырған әже, аналарымыз да баршылық. Үйдегі шуды әкеге естіртпейтін, балалардың былығын көзге ілмейтін, «әкең естімесін, тәйт!», «Атаң білмей-ақ қойсын,тыныш отыр!» деп отыратын әжелер де бар. Керісінше, екі баланың арасындағы болмашы кикілжіңді әдейі әкесіне, атасына естіртіп, әсірелейтіндері де жоқ емес.
Әжемнің асқақ бейнесін еске ала отырып жазылған шағын әңгімем мүмкін біреулерге ой салар, мүмкін біреулердің әжесін еске салар, ал мен үшін оның өнегелі тәрбиесін қағаз бетіне түсіріп, сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде қалдыру.
Айгүл Рыстығұлова,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, магистр, университет жанындағы «Зерек» балаларды дамыту орталығының меңгерушісі
23 шілде 2022 ж. 1 007 0