Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шөмішкөлдік Қуаныш

Шөмішкөлдік Қуаныш

Аралдан Сыр бойына бет алып, дариядан өткенде Қызылжар елді мекенінен кейін Шөмішкөл ауылы бар.Қасында айнадай жарқырап Шөмішкөл көлі жатыр.Әлгі ауыл осы көлдің атымен аталған.Бұл жерді ежелден Арданалардың жері дейді.Өйткені мұнда Айдарбектің бір баласы Арданалар қоныстанған.Теңізтартылып, Қасқақұлан елді мекені тарағанда мұнда Қасқақұлан ауылдық Кеңесі орналасып,Шөмішкөл өз алдына үлкен мекенге айналды.
Міне,осы Шөмішкөлде кешегі бір жылдарда Қуаныш Қондыбаев деген жігіт болды. Мен аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор болып жүргенімде,ол осы ауылда ұзақ жылдар бойы ауылдық клуб меңгерушісі болып жұмыс істеді.Осы ауылда Үсейін Оразғұлов деген ағамызда көп жылдар ауылдық кітапхана меңгерушісі болды. Іс-сапармен осы ауылға барғанымда ара-тұра Үсейін ағаның үйіне түскенім болмаса,көбіне Қуаныштың үйіне баратынмын.Жанұясы адам жатырқамайтын сондай ақжарқын болатын.Ал Қуаныштың өзі болса үнемі күліп жүретін,кіршіксіз таза,ақкөңіл жігіт еді.Клуб жұмысын тексеруге барып отырсамда Қуаныштың риясыз адал көңілін қия алмай тексеруді жайынақалдырып,суретші болғандықтан бір күнге кідіріп,клубтың көркемдеу жұмысына кірісіп кететінімді байқамай қалатын.
Сол Қуаныш кейін келе өнер шығарып,ақын болды,ақын болғанда суырып салма айтыскер ақын болды, тілші болды. Оның жазған мақалалары осы басылымда жиі жарияланып тұрды.Шөмішкөлдің жалпы сол өңірдің тыныс-тіршілігін, бүкіл ахуалын Қуаныш арқылы біліп отыратын едік. Оның туған ауылы Шөмішкөлге деген махаббаты аса күшті болатын. Шөмішкөл десе Қуаныш Қуаныш десе Шөмішкөл еске түсетін. Өлеңдерінің көпшілігі осы Шөмішкөлге, табиғатқа, достарына арналған. Ол не нәрсеге де бей-жәй  қарамайтын, бәріне де өзі араласқанды тәуір көретін, былайша айтқанда «темпараментный» болатын. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсене  қатысты. Ауданның белгілі сазгері,сол жылдарда осы Шөмішкөлде ауылдық  Кеңесте хатшы болып істеген Дабыл Омаров: «Қуанышсыз жұмыс істеу маған қиын болған болар еді» -деп оны мақтап отыратын.
Ауданда жыл сайын өткізіліп отыратын көркемөнерпаздардың аудандық байқауына шағын ауылдан ол көптеген өнерлі қыз-жігіттерді жинап, байқауға үлкен ұжым болып қатысатын және жұлделі орындарға да ие болатын. Сол жылдарда ауылдан бірқатар өнерлі жастардың өсіп шыққанының куәсі болдық.
Қуаныш қалаға әр келген сайын аржақ-бержағымыздан бір шығып,әйтеуір клубқа керекті музыкалық аспаптар мен сахналық киімдерді алмай кетпеуші еді.Сондай бір келгенде менің де ізімнен қалмай, үйге келіп «Шөмішкөл ауылдық клубы» деген паспорты мен бірнеше стенділерді жасатып алып кеткені бар.
Ол бірнеше рет аудандық,облыстық ақындар айтысына қатысып,жүлделі бірінші және екінші орындарды иеленді. Аралдың «Тамаша» ойын-сауық отауына әзіл скетч – интермедиялар жазып беріп жүрді.
Міне, осындай абзал азаматты тағдыр арамыздан ерте алып кетті. Негізінде,Алла Тағала дарынды,танантты адамдарға ұзақ өмір сүруді жазбаған-ау, сірә. Қазақтың бағына біткен марғасқалары Шоқан,Сұлтанмахмұт, Ільяс, Бейімбет, Сәкен, Күләш, Нәжмеддин,Мұхағали, Нұртуғандар өмірден ерте кетті.Солардың тағдырын біздің өңірден Рысбек, Бекұзақ, Сұраған, Темірхан, Қуаныштар қайталады.
Бірақ өздері ерте кеткенмен олардың артында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын мол мұралары қалды. Солар тұрғанда олардың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.
Биыл 28 шілдеде Қуаныш жетпіске толады. Тірі болғанда әлі де талай шығармаларды дүниеге әкелетіні сөзсіз еді. Осы айтулы күнге орай ұрпақтары оның шығармаларын жинақтап, «Әкемнің ізгі арманы» деген атпен жеке кітап етіп шығарыпты. «Ұрпағы бардың шырағы бар» деген осы.
Қуаныштың көзін көрген, онымен ұзақ жылдар жұмыстас болған біздерге оның есімі ұзақ сақталады.
Ж.Төребеков,
мәдениет саласының ардагері
27 шілде 2022 ж. 1 121 0