Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ағаға арналған ән еді

Ағаға арналған ән еді

Ән көңілдің ажарын келтіреді. Жақсы ән-әуен қай-қай жүректерді де әп-сәтте аяқасты жадыратып, өмір толқынына түскен ақ желкенді кемедей алыс-алыс жағалауларға тербетіп апаратындай. Ән әлемі – әдеміліктің, әсемдіктің, адамгершілік­тің әлемі. Жабыңқы көңілді серпілтіп, жанға ерекше жылулық ұялататын әрлі әндердің бірі – "Менің Ағам керемет" әні. Авторы – айтыскер ақын, термеші, сазгер Дархан Оразымбетов. Ел ішінен жарып шыққан таза тума талант. Ырғақты әуенінде де мәні терең, мәтінінде де қаймағы бұзылмаған қазақылықтың қарапайым қалпы жатыр. Қаншама рет тыңдадық десейші. Ал алар әсерің шексіз. Арқа сүйер арлы ағаға деген теңіздей толқыған, мұхиттай шалқыған сезімнің шегі жоқ. Үлкен-үлкен сахналардан да орындалып жүр. Ал  қазақтың ешқашан тарқамаған тойларында, әсіресе кең пейілді, асыл тек­ті ағалардың атаулы мерейтойларында бұл ән бір рет болса да айтылмай қалмайды. Дарабоз Дарханның осынау "Менің Ағам керемет" әнін біз де оңтайы келгенде іштей ыңылдап, тағы бір қосыла шырқап кетуге бармыз.
Ақ үйден кеуілі жарқырап,
Адалдығымен арқырап.
Інім деп құшақ жайғанда,
Қабағың неткен жарқын-ақ.
Таласып ақ сүт ембей-ақ,
Бір үйден өсіп өнбей-ақ.
Жанашыр болып кеттің-ау,
Бауырым болсын сендей-ақ.
Әсем әннің әр сөзі жүрек ел­жіретеді. Биылғы жылдың маусым ай­ында Қосжар ауылы клубы­ның ұйымдастыруымен, Арал аудандық мәдениет үйінің қол­дауымен ақын, сазгер, термеші Дархан Оразымбетовті еске алу­ға арналған "Дарабоз-дарын Дар­хан ең..." атты аудандық жаз­ба ақындар мүшәйрасы өтті.
Кеш басталардан бұрын клуб залында Дархан Оразым­бетовтің термелері, әндері айт­ылып тұрды. Соның бірінде "Менің Ағам керемет" әні ор­ындалған сәтте жанымдағылар бейтаныс бір жігіт ағасын көрсе­тіп: "Осы ән мына азаматқа ар­налған" дегенде бірден елең ете қалдық. Орта бойлы, киіктің асы­ғындай шымыр денелі, ойлы көзді жігіт Жаңалық Бөлекбаев көршілес Қазалының тумасы екен. Ұзақ жылдар бойы Қазалы темір жол мекемесінде инженер болып қызмет атқарып жүрген. Біздің басымыз­ға келген алғашқы ой - "Бұл жай жігіт болмады.  Дархандай дарабоз "Менің ағам керемет" деп атын атап әйгілемесе де, бүкіл қазақтың үлкенді-кішілі сахналар­ында шырқала­тындай дүние тууы тегіннен-тегін емес шығар" болды.
Дарханның әулетінің қара шаңыра­ғында дастарқан төрінде қатар отырып сөз реті келгенде Дархан екеуін байлан­ыстырған жайларды сұрай бастадық. Жаңалық та ішіндегі талай-талай бүгіліп жатқан сырларды ашқысы келгендей әріден әңгіме қозғап кетті.
"Біздің танысуымыз да кездейсоқ бол­ды. Кездейсоқ деймін-ау, кейде кездей­соқтық да тегін болмайды ғой. Мүмкін тағдырдың өзі бізді қалайда таныстыру­ға, табыстыруға итермелеген болар.
Бірде Қазалының "Бесінші квартал" деп аталатын мөлтек ауданынан өтіп бара жатқанымда бір жігіт жол жиегінен қол көтерді. Ақ­құба өңді, кең маңдайлы, ажары келіс­кен-ақ жігіт. Қолында дом­бырасы бар. Өнер адамы екені білініп тұрды. Маңына келіп тоқтай қалдым. "А, а, «Кооператор» тойханасына апарып тастайсыз ба?" деп сұрады да, мен бас изегенше көліктің жанымдағы орындығына келіп отырып та үлгерді. Әп дегенше баратын жеріне апарып салдым. Ол қалтасынан екі жүз теңгелік шығарып, рақметін айтып ұсын­ып жатыр. "Ау, інім, сен ойлағандай мен такси емеспін. Ақшаңды қалтаңа салып қой" дедім. Ол бетіме таңдана қарап: "Азсынып тұрсыз ба?" деді. "Жоқ, айттым ғой, мен такси емеспін" дедім де жөніме жүріп кеттім. Бұл жігіт кейін білгенімдей Дархан Оразымбетов болатын.
Бір қызығы, арада 3-4 күндей уақыт өткен соң, келе жатсам, тағы сол жігіт жолда қол көтеріп тұр. Тоқтап мінгізіп алдым да, өзі айтқан бір тойханаға жет­кізіп тастадым. Бұл жолы да ақша ұсын­ған, алған жоқпын. Сонымен не керек жұмысым темір жолда болғандықтан, "Бесінші квартал" маңынан жиі өтемін. Кейде өткенде кездесіп, баратын жеріне жеткізіп салып жүрдім. Біршама жүз таныс та болып қалдық.
Енді бірде Сексеуілден шығып, Қаза­лыға қайтып келе жатқанмын. Түнгі бір­ жарымның шамасында Арал қаласының маңындағы МАИ бекетінен өте бергенім­де бір жігіт жүгіріп шығып қол көтерді. Майда жауын себелеп жауып тұрған. Өтіңкіреп барып тоқтап қарасам, баяғы Дархан екен. Өзі де мені көріп еріксіз күліп жіберді. "Ой, аға, сізге Қазалыда жүрсем де кез­десем, түзде жүрсем де кездесемін. Аяғында айдалада жүрсем де алдымнан шыға келдіңіз" деп қуанғандай сыңай танытып жатыр. Тойдан шық­қаны көрін­іп тұрды. Ақ жүзі албырап кетіпті. Қасында бір жігіт бар екен, оны "Дін деген сазгер інім Шораев" деп таныстырды. Содан Қазалыға жетемін дегенше осы жолы бір-бірімізден жөн сұрасып, жақын таныстық. "Аға" деп құшақтап та қояды. Қолындағы домбырасын алып, өзінің әдемі дауысымен термелетіп, әндетіп отырды. Түнгі екіден ауа Дарханды тұрып жатқан пәтеріне апарып тастадым. Көліктен түсіп жатып телефонымды сұрап жазып алды да: "Аға, бір кездестік, екі кездестік, алдымнан үнемі жарқырап шыға бердіңіз. Енді хабарласып тұрайық" деді. Айтқандай-ақ, мезгіл-мезгіл өзі теле­фон шалып, амандық-саулық сұрап тұр­ды. Ақын жігіт емес пе, кейде хабарлама ар­қылы өз көңілінің ризашылығын, құрметін білдіріп, бір-жар шумақ өлеңдер де жазып тұрды.
Бірде қолында домбырасы бар көше­де кетіп бара жатқан Дарханды көріп, үйге алып келдім. Үйдегі жеңгесімен тан­ыстырдым. Осыдан кейін ол үйге жиі келіп тұрды. Сосын көшеден алып кел­генім азаматтығыма сын болар деп, әдейі шақырып шай бердім. Әйел, бала-шаға­сымен келді. Осылайша араласып-құрала­сып жүре бердік.
Бір күні ақпан айының іші болуы керек, той-томалақтың азайып, асабалар­дың қолы бос болатын кезі ғой, оның Шәкен Айманов көшесіндегі тұрып жат­қан жалдамалы пәтеріне барсам, бір әйел­дің шәңкілдеп ұрысып жатқан дауысын естіп тұрып қалыппын. "Әй, бала, міне үш ай болды пәтер ақыңды төлеу ойыңда жоқ. Қашан бересің? Бермейтін болсаң пәтерді дереу босат" деп айқайлап жатыр екен. Мен сыртта еріксіз тыңдап тұрдым. Күшіне мінген әйел жүдә үдетіп барады. Дархан да тентектеу жігіт қой, дегенмен қарыз болып қалғасын ба дауысы бәсең шығып: "Ертең бір тойға бармақшымын, апа. Содан түскен ақшадан құтыламын" деп бүгежектеп жатыр. Бұдан әрі шыдамадым. Есікті ашып кіріп бардым да:
– Апа, соншама не болды? – дедім.
Әлгі әйел: "Сен кімсің?" деп маған ежірейді. Дархан: "Ағам ғой" деп еді, қабағынан қар жауып тұрған қатулы әйел менің бетіме қарап-қарап тұрып:
– Ағаңның да беті жылтырап алып, тап өзіңнен айнымай қалыпты... – демесі бар ма.
– Не деп тұрсыз сіз? – деп оған қарсыласа кеттім де: – Қанша қарыз? – деп сұрадым.
– Жиырма төрт мың, – деді ол нықтап.
Қалтамнан ол айтқан сомадағы ақшасын алып қолына салдым, үстіне тағы сонша қосып бердім де:
– Үш айға дейін інімнің мазасын алма! Үйден шығыңыз! – деп батылдана дауыс көтердім. – Ақшасын төлеп тұрмын, үй үш айға дейін біздікі, – деп сыртқа шығарып жібердім.
Содан бір қызарып, бір бозарған Дархан демін бір алып: "Уһ, аға, мені бір құтқардың" деп енді-енді жайлана баста­ды.
Осы бір жай есімнен көпке дейін кетпей жүрді. «Қаратау кейде қарлы, кейде қар­сыз, ер жігіт кейде малды, кейде малсыз» демей ме, ел таныған өнерпаз інім­нің үйсіз-күйсіз жүргені менің де жаныма кәдімгідей бататын. Сірә, әлгі оқиғадан кейін бір жылдан соң бір күні Дарханға: "Ау, інім-ау, бір үй салайық та" деп ұсыныс таста­дым. Бұл сөзіме Дархан: "Аға, менде үй салатын ағаш түгілі, тіс шұқитын ағаш та жоқ. Қолымда бір домбырам мен бір баяным ғана бар. Бір тоқ шәйнегім мен бес кесем бар. Үйді қалай саламын?" деп шоршып түсті. "Өй, құдай жеткерер, не болғанда да талап қылып үй салайық" деп оны бір көндіргендей болдым.
Енді қарасам, тек бойындағы өнерінен басқа, айта­тын ән-термесінен басқа қол­ынан ештеңе келмейтін Дарханым үшін үй салу қиямет-қайым көрінетін түрі бар. Амал жоқ, белді буып өзіме жүгіруге тура келді. Жергілікті жердің адамымын, жора-жолдасым баршылық, сыйласып жүрген қызмет­тегі азамат­тарым бар, аз уақытта сәтін салып жер де алдық, құры­лыс матер­иалдары да рет-ретімен табыл­ып жатты. Ара-арасында бір құжаттарға қол қою керек болғанда, айта қалсам Дархан: "Аға, мен есік жағалаудан жек көретін нәрсем жоқ еді" деп бетінен басады. Бұл жағының да жолын тауып, ретін келтірдік.
Сонымен үйдің төрт қабырғасы көтеріліп, тұрғызылды. Сол үй Дарханға құтты шаңырақ бол­ды. Осындай өнер адамына қиналғанда қолғабыс бергенімді ризашылықпен еске алып отырамын.
Өмір табыстырған Дархан екеуіміз ағалы-інілідей болып кеттік. Іні болғанда да Дарханның еркелігі ерекше еді ғой. Кейде қанасынан асып та кетіп жатады. Кейде шектен шығып кетіп те жатады. Екеуара түсіністігіміз жақсы болғандық­тан да, әрқашан кешіріммен қарап отыр­дым. Біздің үйдің бір баласындай болып жеңгесіне де қатты еркелейді. Жақсы бір қасиеті, мені аға деп, келіншегім Нәйләні жеңге деп жік жаппар болып жүреді. Екі ұлым Руслан мен Жасұланды өз інісіндей, жалғыз қызым Ақгүлді өз қарындасындай жақсы көретін.
Жаңалықтың әңгімесі үлкен ой салды. Қарапайым қазақ жігітінің қиын күн кешіп жүрген талантты жігітке аға бола отырып, соншама қамқорлық көрсет­уі шындығында да жүрек тебірентеді. Дархан да ағасының ерекше болмыс-бітімін, дара мінезін, адамгершілік асыл қасиеттерін даралай білген болар, содан келіп сазгер жүрегінен сол сезімдер "Менің Ағам керемет" болып төгілген сыңайлы.
Өңірімізге белгілі жыршы-термеші Бақберген Шаниязов осы бір сәт туралы: "Қазалыда жүргенмін. Қазалыға барсам, әрине досым Дарханды тауып аламын. Сол жолы Дархан: "Бақберген, менің ағам Жаңалықты білесің ғой. Туған күні. Соған барайық. Мен бір ән арнадым. Екеулеп айтайық" деген соң Жаңалық ағаның үйіне бардық. Ұмытпасам 2012 жылдың 16 шілдесі болатын. Жаны жайсаң, қолы ашық, мырза көңіл Жаңалық ағаны жақсы білемін, біз барған сайын қол ұшын беріп, сөз көмегін де беріп, өзі күтіп алып, шығарып салып, ағыл-тегіл мол дастар­қан­ында қонақ етіп жіберетін.
Ағаның туған күні өтіп жатқан. Доста­ры, әріптестері. Дархан баянмен, мен домбырамен "Менің Ағам керемет" әнін шабыттана, шалқыта шырқап қоя бердік. Қонақтар да дән риза болып қалды. Ал Жаңалық аға­мыздың қуанышы өз алдына бір бөлек. Айта кететін жайт, жеңгеміз Нәйлә Әбдімұратқызы да ағамызға сай­ына-сай жан еді. Кейін Дархан осы жаны шуақты жеңгесіне "Асыл жеңгем" деп те ән шығарды. Бұл әндер Дарханның "Ана", "Құдаларым-ай", «Әке», «Келін­шек келді», «Құда бала, құдаша», "Той­бас­тар", "Нағашыларым" және тағы басқа әндерімен бірге бүкіл қазақ елінің сах­наларында шырқалып келеді" деп еске алды.
Өзі "Керемет Ағам" деп аспанға көтер­ген, алабөтен асқақтатқан Дархан Жаңа­лық ағасына көптеген өлең жазған екен. Бір таңғалға­ным, "Аға" деген сөзді үнемі бас әріппен жаз­ыпты.
Жаңалыққа бауыр басқандығы сондай, бір-жар күн көрмесе мұқалып қалатынын білдік. Тек Ағасының қасында ғана өзін нағыз шабыттың шаңқанбозы ретінде сезінетіні көрінеді.
Ал бүгінде қазалылық азамат Жаңа­лық Бөлекбаев: "Шыным сол, інімді қатты сағынамын. Кейде оңашада көзіме жас та оралады" деп қимастықпен еске алады. Сондай сәттерде ол әрине "Менің Ағам керемет" әнін тыңдап, көңілі жайланатын-ақ болар...
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
30 шілде 2022 ж. 1 127 0