Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәскеуден келген мейман

Мәскеуден келген мейман

Қазақ – қашаннан қонақжай халық. Мейманына дастарқаны жиылмай, пейілінің дархан даладай кеңдігі көпке мәлім. Қонақ күтуде жат пен жақынды ықылым заманнан бері жатсынбаған халықтың боямасыз болмысы. Қонақты құты санағандығынан болар, бүгінгі бақытты шақтың шырай бергендігі.

Мейман демекші, Аралға тағы бір мейман келіп кетті жақында. Жай ғана азамат емес, теңіздің төсін еміп, Аралдың топырағына аунап өскен, бүгінде тұлғалыққа жеткен Байұзақ Баймағамбетов.
Ендеше Ауаннан әуеге дейінгі ғұмыр иесі жайлы сөз етсек. Сөзімізден байқаған боларсыздар, Байұзақ ағамыз Арал ауданына қарасты бұрынғы Ауан ауылында дүниеге келген. Сол ауылда балалық шағын өткізіп, бастауыш мектепті бітірген соң қаладағы білімнің қара шаңырағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті бітірді.
Мектепті аяқтаған ол бала күнгі арманын ақиқатқа айналдыруға ұмтылды. Кең далада қос қолын жайып жіберіп, төбесінен ұшқан ұшақтың соңынан жүгіріп, ізінен ілесіп, көкті шарлап кетуді арман еткен бала көңіл, есейген шақта сол арманды мақсат етіп алға қоя білді. Жер мен көкті байланыстырған үкілі үміті ақталып, ұшқыш болды.
Ұзақ жылдар бойы Ақтөбе қаласында осы саланың майталманы болған азамат бүгінде Ресей астанасы – Мәскеудің төрінде тұрып жатыр. Қазіргі уақытта сол еңбегінің зейнетін көріп келеді.
Бірақ қайда жүрсе де елмен байланысын үзбей, тілегі де, жүрегі де Арал деп соққан Байұзақ жақында жары Ольга Иосифовнамен бірге балалығы өткен мекенге келіп кетті. Мұнда оны осыдан 51 жыл бұрын Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті бірге бітірген достары Зейнелғабдин Миманов пен Зұлхарнай Рысмаханов қарсы алып, қонақ етті. Қазақылықты бойдан өшірмесе де шалғайда жүрген жан қазақтың дастарқанын, қазақтың пейілін сағынады ғой. Ескі достардың сонау бала шақтағы естелігі, кейінгі жылдардағы жаңалықтар ұзақ әңгімеге ұласты. Барлығы шаңырағына мейман етіп, Мәскеудің әңгімесін естуге асықты.
Сондай-ақ Арал аудандық балықшылар музейінде болып, теңіз жағасындағы алып кемелерді, сондағы балықшылардың тірлігі мен бала күннен көріп өскен түрлі балық аулауға қажетті құралдарды көріп, балалығына саяхаттап келгендей әсер алды.
Осы музейде аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы Абай Елешовпен кездесті. Бұл кездесу өзінің жоспарында болмағандықтан болар, бала кезден сүйіп оқитын газеттің редакторымен кездесу оған тосын сый болды.
– Е-е-е, "Толқын" мен үшін ең ыстық дүние. Бала кезден осы газетті парақтап, осы газетті оқып өстік қой. "Ер туған жеріне" дейді ғой. Шалғайда жүргендіктен ауылды сағынамыз. Әр жаңалығын іздеп оқимыз. Әлі күнге дейін tolqyn.kz сайты арқылы газеттің барлық санын жібермей оқимын. Жаңалық көп. Елде де, газеттің өзінде де жаңалық көп. Біз көрген газет қазір мүлде басқа. Дизайны де, басқасы да бөлек. Осындай жаңалықтарды естіген бір басқа, көзбен көргенге не жетсін?! Сол бақыт бұйырды маған, – деп ағынан жарылды.
Айшықты Аралдың ажарын сөз етіп, тіпті танымай қалғанын жеткізген ол, су тапшылығының алдын алса, әлі де теңізді өлкенің келешегі кемелдене түседі, дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
13 тамыз 2022 ж. 1 256 0