Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Кішкентай балық туралы ертегі" кітабынан

"Кішкентай балық туралы ертегі" кітабынан

Ұлан байтақ Отаным

Жаңарған ел күнбе күн,
Біледі әлем атағын.
Қазақстан-
бұл менің
Ұлан байтақ Отаным.
Тауым биік,
далам кең,
Егеменді елде азат,
Азат күнгі заманмен,
Өсіп келем мен ғажап.

Астана
Мекен еткен Астанам,
Сарыарқадай даланы.
Жағасында жас қалам,
Ерке Есіл ағады.

Биік-биік жаңа үйлер,
Бұлтты болап барады.
Көше бойлап сәбилер,
Ойнап асыр салады.

Бейбітшілік мекені,
Салған осы қаланы.
Елі мақтан етеді,
Құрылысшы ағаны.

Алматы
Әсем қалам, жәннат қалам,
Алаш атын ардақтаған.
Маң-маң көшкен ақша бұлттар,
Алатаудың шалмасы ма?!
Кім қызықпас Алматының,
Қызыл күрең алмасына?!

Жетісу
Талдан қамал-қорғаны,
Жасыл желек орманы.
Жеті өзенді өлкені,
Бейне дерсің ертегі
.

Қызылжар
Аязымен баланың,
Алма жүзін тістейтін.
Қысы ұзақ болады,
Алты ай «тақта» түспейтін.
Жомарт күзде даласы
Дәннен қырман сапырды.
Елге мәлім жер осы,
Туған Мағжан ақынды.

Қостанай
Аңыз қылған о баста,
Ауызынан ел тастамай.
Аты мәшһүр алашқа,
Астығымен Қостанай.

Көкшетау
Көз тоймайтын көрікті,
Бурабайы неткен бұл.
Оқжетпес бұлт-бөрікті,
«Шайтан көлі» мөп-мөлдір.

Кереку
Ертісті емген шаһары,
Елге мәлім атағы.
Жаяу Мұса, Мәшһүрдің,
Жаңарған бұл Отаны.

Қарағанды
Кенші аға селдеткен,
Жақсаң от көмірі.
Қашанда еңбекпен,
Қайнайды өңірі,
Жайнайды өмірі.

Ұлытау
Өткізген басынан,
Сан талай кезеңді.
Көремін жасынан,
Тарихын ежелгі,
Ордасы бастығы,
Хандардың етегі.
Ұлытау асқары,
Ұлар құс мекені.

Орал
Ақ бидай даласы,
Ақ Жайық ағады.
Тарихи қаласы,
Қазақтың Оралы.

Ақтау
Қарт Каспийдің жағасы,
Кенішке бай даласы.
Бекет Ата данасы,
Асқақтайды айшықты,
Ақтау-Сити қаласы.


Атырау
Шаһар бұл шырайлы,
Аңызақ аптабы.
Өлкесі мұнайлы,
Елімнің мақтаны.

Ақтөбе
Келбетінен қаламның,
Ерен еңбек,бақ көрем.
Ажарындай даламның,
Асқақтай бер, Ақтөбем.

Өскемен
Кенді Алтайдың ырысы-
Мызғымайтын мырышы.
Аян байтақ еліме,
Шығысымның мың ісі.

Абай
Қара өлеңнің қайнары,
Шығыс осы жайдары.
Атанды енді Семейім,
Ұлы Абайдың аймағы.

Шымкент
Көрікті, шырайлы,
Шымқала ұнайды.
Шәмшісі, саттары-
Қазақтың мақтаны.


Түркістан
Оңтүстік отаны,
Оймақтай шаһары.
Әлемге әйгілі,
Түркістан атағы.

Тараз
Фосфорға бай алуан бел,
Шу, Таласқа құмармын.
Кіндік қаны тамған жер,
Бауыржан мен Тұрардың.

Қызылорда
Қорқыт Ата мекені,
Жайқалған Сыр күріші.
Қарт Қаратау етегі,
Егеменді ел ырысы.

Арал
Толқындары жардай,
Балықтары балдай.
Айтыңдаршы білсеңдер,
Аудан осы қандай?
Маржан тұзы таудай,
Тамашалап қонағы,
Тұрады көз алмай.
Қараңдаршы көрікті
Қаласы әсем қандай.
Адамдары ақжарқын,
Көптен таныс жандай.
Көк теңізге қарайсың,
Құмарың еш қанбай.
Бұл әйгілі жер, балалар,
Айтып берші қандай?

Толыбай Абылаев,
ақын
30 тамыз 2022 ж. 942 0