Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Енемнің тәрбиесі өмірлік

Енемнің тәрбиесі өмірлік

2018 жылы Павлодар өңіріне көшіп келдік. Солтүстік халқын біз әдетте орысқолды, қазақылығы сақталмаған деп ойлаймыз ғой. Бірақ мұндай ойдың қате екендігіне өңірге көшіп келген соң көзім жетті. Ұлттық салт-сана әр отбасына байланысты болса керек. Оны осы өңірдің халқымен етене жақын болып, қарым-қатынас жасағанда түсіндім.
Менің ұжымымда Ғалия есімді зейнетке шыққан кітапханашы апай бар. Өмірден көрген-түйгені мол, мейірімді жан. Ылғи бастан кешкен қызықтарын, өмірден түйгенін әңгімелеп отырады жастардың құлағында қалсын деген ойымен. Әсіресе «енем марқұм» деп естелік айтудан жалықпайды. Біз апайдың әңгімесін ұйып тыңдаймыз. Әдетімше қойын дәптеріме жазып алған мен апайдың естелігін газетке ұсынуды жөн көрдім.
– Мен үйдің тұңғышы болдым. Менен кейін де кілең қыз, кенжеміз ғана ұл бала еді. Әкем мені ұлша тәрбиеледі. Мен шалбар киіп, әкеммен бірге балыққа да, бауға да баратынмын. Өзіміз орысша тәрбиелендік. Бір ауыз қазақша білмеймін. Тағдыр деген қызық қой. 19 жасымда өзімнен он жас үлкен жігітке күйеуге шықтым. Жалғыз анасы бар екен. Қызметкер, білімді жігіт. Мен студентпін. Жолдасым ылғи жұмыста жүреді. Көбіне үйде енем екеуміз боламыз. Мен қазақшаға, енем болса орысшаға шорқақ. Омбыда нағыз қазақылықты сақтаған ауылда тұрып, күйеуі қайтқан соң елге көшіп келген екен. Нағыз қазақы жан еді. Өзі шағын ғана әдемі, бекзат әйел болатын.
Еркін өскен мен тірлікке де епсізбін. Үй тірлігін енемнің айтуымен жасаймын. Апамның күнделікті тапсырмасы таңертең «балам, күйеуіңе суын қайнатып қой» деумен басталады. Қайнаған суды үлкен банкіге құйып, бетін аппақ дәкемен жауып қоямыз. Жолдасым қайнамаған суды мүлдем ішпейді екен. Тамақты да аса талғаммен жейді. Мен не, краннан суды сарылдатып ішіп жүрген басым кейде ұмытып кетем. Бір күні апам тағы ескертті. Бұл жолы ашуланып кеттім де: "Апа, қойшы, бір нәрсені айта бересіз. Шаршадым. Өзі алып ішсін керек болса. Қайнатпай-ақ ішсін»,– деп даусымды көтеріп айтып салдым.
Енем көзіме тура қарап тұрды да «жарайды, сен де ене боларсың» деді. Ұрыспады да, ренжімеді де. Сол көзқарасы қатты батып кетті. Содан кейін енеме қарсы келмейтін болдым. Үйреткендерін қағып алып, тілімді кәлимаға келтіріп, Алланы таныдым. Енем жақсының бәрін үйретті. Менің мінімді жолдасыма сездірмей, ылғи оның алдында бағамды асырып отырушы еді. Жолдасымның басын ештеңемен қатырмадық. Алаңсыз жұмысына берілгеннен болар, қызметі өсті.
Енемнің ақылын тыңдап, айтқанын екі етпейтін болдым. Енді өзімді қойып, одан үйренгендерімді анама үйрететін болдым. Ол кісі коммунист қой. Апамнан көргендерімді жасап, үйді аластап жатсам шешем:
– Әй, қыз, сен оны қайдан білесің? – дейді.
– Енем үйретті, – деймін мен.
Апам бір күні Омбыдағы ағайынға сәлем беріп барамыз деді. «Ғалияжан, кең көйлек ки, орамал тақ. Ресейдің жері болса да, ол ауыл қазақылықты терең сақтаған ауыл» дегенін екі етпедім. Омбыда бізді туыстар мен атамның жолдастары күтіп алды. Мәре-сәре адамдар. Апам мәз. Ұлын, келінін апарып, кеудесін қуаныш кернейді. Үлкен бөлме лық толы адам. Бала-шаға. Мен шай құйып отырмын. Төрде жинаулы төсек үсті үйілген сырт киімдер. Кенет жерде жатқан киімдерге көзім түсті. Жерде домалап жатқан Ғабиттің бас киімі көзіме оттай басылды. Апам «Күйеуіңнің киімі жерде жатпасын, жоғары ұста» деп миыма құйып тастаған ғой. Атып тұрдым да, баса көктей: "Аталар, былай тұрыңыздаршы, өтіп кетейінші. Ғабиттің шапкасы жерге түсіп қапты ғой", – деп, төрден бір-ақ шықтым. Тез көтеріп, жоғары қойдым. Ойымда ештеңе жоқ. Сөйтсем, бәрі маған қарап қалған. Апама қарасам, беті қызарып, төмен қарайды. Үндемей, орныма жайғастым. Бір кезде бәрі мені мақтасын кеп. Ақсақалдар дән риза. «Айналайын, күйеуін ардақтаған келіннен!», «Асекеңнің келіні қандай, ә?!» деп тамсанды. Апамның жүзі сосын жадырай бастады. Кейін елге келген соң «Жаным, айтқанымды үлгі тұтқаныңа ризамын. Бірақ келін үлкендерден аттап, төрге баспайды» деді.
Үш жыл бала көтере алмадым. Менің қабағымды бағып жүрген апам бір күні мейірлене: «Ғалияжан-ау, Құдайдан сұрай бер. Шын сұрасаң, Құдай бар тілекті береді» деді. Оның менен екі есе тілеп жүргенін білемін ғой. Содан күнде кешке балконға шығып, көкке қолымды жайып, «О, Бог, дай мне ребенка!» деп қазақша-орысша араластырып, ебіл-дебіл жылап, тілек тілеймін. Көп ұзамай аяғым ауырлады. Қуанышымызда шек жоқ. Менің балконға шығып дұға етпей жүргенімді апам байқаса керек, «Ғалияш-ау, неге тілек тілемей кеттің?» деп сұрады.
– Апа-ау, не тілейін? Құдай құрсағыма берген жоқ па? –деймін.
–Балам-ау, енді он екі мүшесі сау, аман туылсын деп тіле. Ертең өмірге әкелген соң, өмір бойы тілегін тілеумен өтесің ғой, – деді.
Әлі күнге енемнің осы сөзі құлағымда. Рас қой, жатсақ-тұрсақ балалардың тілегін тілеуден танбаймыз ғой. Шүкір, бірнеше балалы болдық. Бәрін енем өзі бақты, ақылды етіп тәрбиеледі. Біз алаңсыз жұмыс істедік.
Енемнің даналығы «күйеуіңді сыйла, бір-біріңді бағала» деуменен өтті. Ал соны «менің балама жағдайын жаса» десе, мен орындар ма едім, кім білсін?! Күйеуіме шағымданбай-ақ, менің шәлкес мінезімді түзеп, еркелетіп, өзіндегі даналықты сіңдіріп кетті. «Менің Ғалиям ақылды тентек» деп өзгелердің сөзін тиып тастайды екен. Кейін білдім ғой, кейбір ағайындары «Алтындай қызметкер ұлыңа шолжаң қыз бұйырған екен» деп әңгіме қылса керек.
Қаладан ауылға жолдасымның қызмет бабымен көшуіміздің өзі бір бөлек хикая. Ауылда тұрмаймын деп қырсыққан мені апам алдарқатып кеп, қалғанымды өзім байқамай қалдым. Қазір мені бұл ауылдан қуса да кетпеймін.
Бұл күнде өзіміз де ене болдық. Апам секілді ақылды әйел бола алдық па, білмеймін. Бір білерім, енем секілді дана әйелдер өте сирек. Барлығын ақылға салып шешуші еді марқұм. Біздің тойымызды сән-салтанатымен атқарса да, кейбір ағайын сөз етісіпті. «Жалғызы үшін үнемдемей-ақ, бар жиғанын шашса да жарасар еді» дейді ғой баяғы. Ал той өткен соң енем шашауын шығармай, өзі жинаған, тойға түскен ақшадан бізге су жаңа жеңіл машина әперді. Жұрт айтты да қалды. Әңгіме-өсекті білмейтін қайран апам бекзат болмысымен баласының көлігінде жарқырап, марқайып отырушы еді. Осы күні не деген даналық деп ойлаймын. Әңгіме жерде қалды, ал біз жас болсақ та жаяу жүрмей, көлікпен жүруші едік. Осы күнгі кредитке той істеп отырған кейпімізге апам ызаланар ма еді?!
Жалғыз ұлын менен қызғанбай, ортамызға алтын көпір бола білген апама алғысым шексіз. Менің жастығымды ойлай ма екен, «Бірге киноға барып келіңдер, қыдырып қайтыңдар» деп отырушы еді. Енемді өз қолыммен арулап аттандырдық. Ешкімге ауырлық көрсетпей, алтын енем өзін қалай оң жаққа қоюды да, қазаны атқаруды да өзіме үйреткен еді. Осындай асыл енені маңдайыма жазған Аллаға ризамын. Менің мәңгілік ұстазым – енем,– деп апай әңгімесін аяқтады.
Иә, апай бүгінде жолдасымен екеуі өнегелі отбасының ата-әжесі болып отыр. Жақында жетпіске келген апайдың жары ширақ, қайратты, елудегі кісі секілді. Айтпақшы, Ғабит аға әлі күнге судың тазасын, тамақтың сапалысын тұтынатын көрінеді. Оның бабын қиынсынатын апай жоқ, «Осы шалым аман болсын» деп отырады әркез. Өнегелі отбасылар елімізде көбейе берсін!

Ақмарал Оңталапқызы

19 қыркүйек 2022 ж. 742 0