«Айсәуле» өрендері жеңімпаз атанды

Эстрадалық вокал, аспапты орындау, дәстүрлі ән, жыр, хореография, бейнелеу, қолөнер, көркемсөз оқу бойынша жүлделер сарапқа салынды.
Арал қаласының Жаңа ауыл бетінде өткен жылы желтоқсан айында өз жұмысын бастап, өз шәкірттерін бес түрлі үйірмеде баулып келе жатқан «Айсәуле» балалар шығармашылық орталығының үш жас дарыны байқауда бақ сынады. «Көркемсөз оқу» үйірмесінің дарындыларының бірі Ақсай Аружан жерлес ақынымыз Толыбай Абылаевтың «Туған ел» атты өлеңін мәнеріне келтіріп оқып, баршаны таңдандырды. Әділқазылар шешімімен жас дарынның көркем поэзияны оқу шеберлігі ең үздік деп танылды. Оған өнер байқауының гран-приі табысталып, арнайы кубокпен марапатталды. Осы шығармашылық орталығының тағы екі талапкер шәкірті Айару Жеңісқызы мен Гүлжайна Жиенеева қолөнер аталымы бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың мүсіндеу мен кестелеуден жасаған дүниелеріне 2-орын беріліп, Алғыс хаттармен марапатталды.
Кішкентайлардың дүбірлі өнер додасына топ жарғандарды «Көркемсөз оқу», «Мүсіндеу», "Кесте тігу" үйірмелерінің жетекшілері Е.Абдуллаев, Ә.Әнесова, Ж.Өтешова, М.Тоқтамысова дайындады.
Сондай-ақ «Айсәуле» орталығы ұлттық өнерді, халқымыздың бай мұрасын жасөспірімдерге насихаттаудағы жемісті еңбегі үшін Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемовтің Алғыс хатын иемденді.
Өнер мен шығармашылық орталығы «Айсәуленің» жас өрендері алдағы уақытта да өз жетістіктерімен көзге түсе береді деп сенеміз.
Е. Зейнетұлы