Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жауынгер жолы

Жауынгер жолы

Атақты қаз дауысты Қазыбек би қалмақ қонтайшысы Цәван Рабданға барғанда суырыла алға шығып:
Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпанын басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң,біз көмірміз, еріткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан-алысқалы келгенбіз.
Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт,– деп қайтпас қайсарлық танытыпты. Сол айтқандай, қалмақ қонтайшысынан жасқанбай, қазақ халқының өз жер-суын, елін, халқын қорғай алатынын қайсарлықпен айтқан сөзі кейінгі ұрпаққа өнеге екені белгілі. Қазыбек би бабамыздың қайсарлықпен айтқан сөз құдіреті бүгінгі күннің басты тақырыбы болып қала беретіні сөзсіз. Отан шетіне жау келгенде ерлік танытып, жауға жерімізді бермейміз деп ұрандатып, қан майданда қасқайып тұрып ерлік көрсеткен әкелеріміз аз болған жоқ. Арал топырағынан жаралған батыр әкелеріміздің бірі – Бәйділда Жанкүшікұлы дер едім.
Фашизмді талқандаған Кеңес әскерінің жауынгері Бәйділда ағамыз 1923 жылы дүниеге келген. Туған өңіріміз Арал аймағынан да он мыңдай адам дүниежүзілік соғысқа қатысса, оның жартысына жуығы Отан үшін өз өмірлерін құрбан етті. Арал аудандық комиссариатынан майданға аттанғандардың ішінде бір әулеттен бірдей үш ағайынды Жанкүшіковтер де бар еді. Олар 1906 жылы туған Әбди мен 1914 жылы туған Ахмет есімді ағалары. Қан майданнан үш батыр да аман оралып, Әбди 1984 жылы дүниеден өтсе, Ахмет 1979 жылы қайтыс болады. Бірақ Әбди аяғынан айырылып, Ахмет пен Бәйділда әкелеріміз де қолдарынан, жауырынан, мойын тұсынан оқтар тиіп, ауыр жарақатпен госпитальдан ем алып шыққан. Соғыстан кейін үшеуі де өмірлерінің соңына дейін елге адал қызмет етіп, ұрпақ өсіріп, өзіндік өшпестей іздерін қалдырған азаматтар болды.
Олардың балалық шақтары ұжымдастыру кезеңімен сәйкес келіп отбасымен бірге Голощекиннің «Кіші қазан» саясатының зардабын тартып, біршама уақыт елден жырақта өмір сүруге мәжбүр болған екен. Әкесі Жанкүшік пен інісі Байзақ сол Қарақалпақстанда өмірден өткен. Анасы Бидаш балаларымен бірге атамекенге оралып, Калинин атындағы артельге мүше болып, еңбек етті. Бәйділда аға Қамыстыбаста интернатта, кейін Аралдағы №13 орта мектепте оқыған. Бала шақтан қиындықты көп көрген Бәйділда батырдың жастығы да соғыспен тұспа-тұс келді. 1942 жылы небәрі 19 жасында ағаларынан соң майданға аттанды. Сталинград облысының Камышин қаласында 3 ай арнайы әскери дайындықтан өткен. Соғыстағы алғашқы ерлік жолын қазіргі Калмыкия, Орал қаласындағы кіші командирлер дайындайтын 3 айлық курста оқып, бөлімше командирі қызметіне тағайындалудан бастайды. 1943 жылы Сталинград, Новочеркасск, Дондағы Ростов қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан. Курск-Белгород-Харьков жерлерін азат ету жолындағы ауыр ұрыстарда да ерлік танытты. Курск иініндегі шайқастарда ерекше ерлігімен көзге түскен. Накиевка қаласын жау әскерінен азат ету кезінде полк командирінің арнайы тапсырмасымен жаудың алғы шептегі ерекше бекінісі 13-ші арнайы бақылау нүктесін жоюда батырлық танытты. Тас қамал дот, дзоттарға бекінген жаумен қоян-қолтық ұрыс барысында жеке өзі бірнеше дұшпанның көзін жойып, жоғары шенді арнайы әскер офицерін тұтқынға түсірген. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. 1944 жылы сұрапыл шайқастардың бірінде ротаның жараланған саяси жетекшісін (политрук) қарша бораған жау оғының астынан алып шығар кезде өзі де ауыр жараланған. Осы шайқастағы батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сталинград, Горький, Саратов қалаларындағы госпитальдарда ұзақ уақыт емделгеннен кейін жарақатының ауырлығына байланысты әскери қызметінен босап, елге оралған. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы», «Гвардия» ордендерімен, «Ерлігі үшін», Жуков, Курск шайқасы, Белгородты, Харьковты азат еткені үшін медальдарымен марапатталса, 1941-1945 жылдары «Соғыс ардагері» белгісі, СССР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Командованиесінің «Алғыс хаттары», «Германияны жеңгені үшін» және Ұлы Жеңістің, СССР Қарулы Күштерінің 20, 40, 50, 60, 70 жылдығына арналған мерекелік медальдары кеудесінде жарқырайтын.
Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында 45 жыл сауда кооперациясы саласында Арал қаласында, Бөген, Ұялы, Қамбаш, Сексеуіл, Қарақұм ауылдарында еңбек еткен. Оның 25 жылында сауда кооперациясы төрағасы болып, тұрғындардың қара қазанын қайнатқан еді. 1960 жылдар ішінде Москва кооператив институтында оқып, экономист мамандығын алған. Үздіксіз қажырлы еңбегі үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, облыстық партия комитетінің, сауда басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше мәрте ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып, ауыл тұрғындарының өтініш-ұсыныстарын тиісті орындарға жеткізіп, оның оң нәтижелері де болған екен. Зейнетке шыққан соң да Қарақұм ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық қызмет атқарған. 2005 жылы Қызылорда облысы делегациясы құрамында болып, Астанада Ұлы Жеңістің 60 жылдығы шеруіне қатысып, сол кездегі ел Президенті болған Н.Назарбаевтың қабылдауында болған. Бәйділда әке мен Балғибат анадан, осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұрпағы жоғары біліммен қаруланып, еліміздің түпкір-түпкірінде тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғырын бекемдеу жолында абыройлы еңбек еткен, шаңырақтарының шаттығы үзілмеген жайсаң жандар екенін білеміз.
Осы мақаланы жаза отырып, ойымдағы ең маңызды мәселені де қозғап кеткім келеді. Бәйділда Жанкүшіков Отан соғысында ерлігімен марапатталса, бейбіт күнде де халық шаруашылығын қалпына келтіруде де сүбелі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері ретінде Арал қаласынан бір көшенің аты беріліп жатса, 100 жасқа келген ардагеріміздің өмір жолдары кейінгі жас ұрпағымызға өнеге болып қалар еді дегім келеді .
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
27 қыркүйек 2022 ж. 977 0